jasqazaq.kz

Сериал көруге тәуелді көрермендер көбейіп барады

14 шiлде 2022, 16:53

-Қазіргі телесериалдарды үзбей көру, сол киноны көрмесе ас батпайтын көрермендердің арасында белгілі бір деңгейдегі тәуелділік жиі кездесуде. Бір күн сериал көрмесе көңілі жабырқап, тіршілікте асылын жоғалтып алғандай күйге түскен тұрғындарға дауа іздеген туыстары психологтардың көмегіне жүгінуге мәжбүр, — дейді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының психологы Жұлдызай Мұратбекқызы.

1930 жылдардың соңында ағылшындардың сөздік қорына телесериалдарға тәуелділікке қатысты термин енген екен. Ағылшын тілінде «escape – қашу» деген мағынаны білдіреді. «Эскапизм, эскейпизм» сөзін қазіргі психологтар адам ағзасының түрлі стресс кезінде немесе шешілмеген түйіткілдерден қорғану амалы деп түсіндіреді. Бірақ эскапизм бұл психикалық ауытқу немесе ауру емес. Ендеше сериал көрмесе салы суға кететін көрермендер көк сандықтың алдына неге жіпсіз байланып қалады? Туыстарыңыздың телесериалға тәуелді болып қалғанын қалай байқауға болады?

Психолог Жұлдызай Әлиева осы сериал құмар жандарды мазалаған сұрақтарға жауап береді.

— Телесериалдарға тәуелділіктің бірнеше себебі бар.
Біріншіден адамға қанағаттану, ләззат алу әсерін сыйлайды. Теледидар алдында отырған адам ләззат алу арқылы эмоциональды күйді бастан кешіреді. Кейбіреулердің пікірінше, адамға есірткі заттар қалай әсер етеді, сондай ғаламат рахатқа бөленетінін айтады,-дейді Жұлдызай Мұратбекқызы.

Психологтың айтуынша адам өзінің сүйікті сериалын көргенде мидан үнемі дофамин бөлініп, емделуші сериалдағы кейіпкерлермен бірге күйзеледі, қуанады, ашуланады. Ол ойдан құрастырылған оқиғаларды жан-дүниесімен сезінеді. Дофамин тудыратын іс- әрекеттер оның бойындағы сол затқа сұраныс, мұқтаждық немесе тапшылықтың орнын толтыруға септігін тигізеді. Сериалды қалт жібермей көруге құштарлығын арттырады.

— Екінші себеп эмоционалды байланыс. Кино көріп отырған адамның кейіпкерлердің өміріне араласуы, солармен бірге уақыт сарп етуі, солардың тағдырына алаңдаушылық, оқиғаларды өзінің басынан өткізіп жатқандай әсер алуы арқылы фильм- оның өмірінің ажырамас бөлшегіне айналады. Тіпті сюжеттің елең еткізер көріністерін миына сіңіріп, кейіпкерлердің шым-шытырыққа толы мәселесіне бас қатырып, өзінің шынайы тіршілігіндегі күйзелістің қамытын шешіп тастап, қиыншылықтарды ұмытуға ұмтылады. Ол фильмдегі ұрыс, жанжал, қақтығыстарды өз өмірінде өтіп жатқандай қабылдайды. Көрерменге оқиға желісінің оның қиялындағы көріністермен ұштасып, дәулетті өмір сүруді аңсаған арманымен сәйкес өрбуі ұнайды. Бұл да сериалды көруге тәуелді қылудың бір себебі, — дейді Жұлдызай Мұратбекқызы.

Сериалдың көрерменге күйзелісті жеңуге және кейбір адамдарға әлеуметтік қарым-қатынасты жақсартуға септігін тигізетін пайдасын психолог жоққа шығармайды. Дегенмен мамандар үйде оқшауланып, фильмді көрмесе тәбеті қашып, дегбірсізденіп, қан қысымы көтеріліп, өмір сүруге зауқы жоғалып , күйзеліске түскендердің көбейіп кеткеніне алаңдайды.

СЕРИАЛ КӨРУГЕ ҚҰШТАРЛЫҚТЫҢ ЗИЯНЫ СЕМІЗДІК

Мамандардың айтуынша теледидар алдында тапжылмайтын адамның тәуелді болып қалғанын айқындайтын белгілері әртүрлі. Сүйікті сериалы біткенде өзінің асылын жоғалтқандай күйзеліске түседі, ұйқысынан айырылады. Ұйқысыздық жүрек ауруы, қан қысымының көтерілуі, семіздіктің пайда болуына және адам бойында тағы басқа кеселдердің бас көтеруіне түрткі болады. Психолог Жұлдызай Мұратбекқызы фильмдегі кейіпкерлердің өмірін тамашалап, одан ләззат алатындардың әрекетін өз басындағы түйіткілден қашу немесе шынайы болып жатқан өзінің проблемасына көз жұму деп есептейді. Өкінішті жағдай тұрғындардың басым бөлігі күйзеліс дерті асқынып, тәуелділіктің тұзағына түскен кезде мамандардың көмегіне жүгінеді.

— Ләззат алу мен қашудың арасында тәуелділіктің қақпанына шырмалып қалу қаупі жатыр. Бөгде адамдардың тағдырына араласып, оқшауланып, шынайы өмірдегі оқиғалар сүреңсіз, қызық болмауы мүмкін. Егер сіздің өміріңізде тіршілігіңіз қарбаласқан болса және оған көңіліңіз тоқ болса, онда сериал көруге уақытыңыз болмайды, — дейді маман.

Психологтың айтуынша үй шаруасынан жалыққан адамдар, жұмыссыздар, зейнеткерлер, ешқандай үйірмелерге бармайтын жасөспірімдер осындай дүрмектің тұзағына жиі ілігеді.

Сериал көрмесе өмірден түңіліп жүргендерге психолог Жұлдызай Мұратбекқызы бірнеше кеңес береді. Әрине бұл амалдар кино көруге құштарлықтан тез арада айығып кетуге көмектеспейді.

1. Уақытты бағалай білу. Келесі серияны көруден бас тартып, адам өзіне немесе отбасына пайдалы іспен айналысуға дағдылану қажет.

2. Үнемі қозғалыста болу.
3. Достармен қарым -қатынасты жақсарту .
4. Табиғат аясында жиі серуендеу.
5. Зейнеткерлік демалыста болса, арнайы өзінің ортасында белсенді болуға тырысу.
6. Қайырымдылық жасау.

— Әр адамның жеке таңдауы. Шынайы өмірде өмір сүре ме, әлде ойдан құрылған әлемде өмір сүре ме? Бірақ кез-келген тәуелділіктен шығудың тетігі біреу — осы шынайы өміріңізде сізді қанаттандыратын, сізге қуат беретін ресурстарды іздеуге тырысу қажет, — дейді Жұлдызай Мұратбекқызы.

Тәуелділік адамның еңбек ету қабілетіне, көпшілікпен араласуына, тұрмысына кедергі келтірмеуі керек. Егер өзіңіздің бойыңыздан кино көрмесе өмір сүре алмайтын әдетті байқасаңыз, міндетті түрде психологтардың көмегіне жүгініңіз.

Жазира Бегалы

журналист

25 маусым, 16:42
Түркістан: Ағын су тапшылығын еңсеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
25 маусым, 15:56
Түркістан: Саурандағы индустриалдық аймақтар кәсіпкерлікке серпіліс береді
25 маусым, 15:45
Түркістан: 130 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 100-ге жуық жоба жүзеге асуда
25 маусым, 14:58
Алматы қаласында жаңа отбасылық емхана пайдалануға берілмек
24 маусым, 16:32
Chevron -ҚМГ: Сенімді серіктестік жолымен
24 маусым, 15:51
Бақытжан Төлімбет: Түркістанда балалар арасындағы суицидтің алдын алу жұмыстары дұрыс жолға қойылған
24 маусым, 14:23
Түркістан: Түлкібаста жалпы өңірлік өнім 29,9 млрд теңгеге жетті
24 маусым, 14:07
Түркістан: Масылдыққа жол бермеудің жолы – жұмыспен қамту
24 маусым, 14:02
Түркістан: Ауыл мектептері жаңғыртылып жатыр