Семей қаласының № 2 сотында қаржылық пирамида құру және оған басшылық ету бойынша қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, азаматша Г.Шоранова қараша айының 2014 жылы Ақтөбе қаласында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, құрбысымен пайда табу мақсатында қылмыстық сөз байласу арқылы 2015 жылдың ортасынан бастап 2016 жылдың қаңтар айына дейін қаржылық пирамида құрып, оған басшылық еткен. Ол ғаламторда tulpar.million888.com деп аталатын арнайы сайт ашып, жұртты жеңіл ақша табуға шақырады. Нәтижесінде салымшылардың аса ірі мөлшердегі 71 510 655 теңгесін иемденіп кеткен. Сот үкімімен Г.Шоранова кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, жеке және заңды тұлғалардан ақшалай қаражат өндіретін табыспен айналысуға 7 жылға дейін құқығынан айырылып сотталды. Алайда рақымшылық туралы заңға сәйкес бас бостандығынан айыру жазасы 2 жыл 6 айға дейін төмендетіліп,Қылмыстық Кодекстің 74-бабы 1-бөлігі негізінде Г.Шорановаға бас бостандығынан айыру жазасы 5 жылға кейінге қалдырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Бұл туралы Семей қаласы № 2 сотының баспасөз қызметі хабарлап отыр.