Жуырда Ақмола өңірін абыржытқан селден зардап шеккен мұғалімдер қаржылай көмек алды. Бұл туралы Аймақтық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Өткен аптада Астана қаласы мен Ақмола облыстық “Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсембай Әбдірахманов пен Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов апат болған аудандардағы ұстаздармен кездесті.
Жүздесуде селден 26 адамның зардап шеккені, олардың арасында мұғалімдер мен еңбек ардагерлері де бар екендігі мәлім болды. Оларға 520 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.
Дәл осындай кездесу Атбасар ауданында да болып өтті. Бұл аймақтағы 83 адам 2 млн теңгені материалдық жәрдем ретінде алды.
Әлима Пардашева