jasqazaq.kz

Сауық кешіне барамын деп аяғынан айрылған қыз

16 маусым 2017, 10:30

Олар бір сыныптың оқушылары еді. Бəрі өте ұйымшыл жастар болатын. Қандай жағдай болмасын бір-біріне көмек беріп, қолдау көрсетуге дайын тұратын. Үнемі туған күн, мереке күндерді құр жібермей сауық кештерін жасайтын. Əсіресе, Айдана, Гүлмира, Гүлзада үшеуі құрбы ретінде жақсы араласты. Мектепті бітірген соң Айдана мен Гүлмира арман қуып қалаға кетті. Екеуі де мақсаттарына жетіп, жоғарғы оқу орнының студенттері атанды. Ал Гүлзада болса отбасылық жағдайға əрі қаражат мəселесіне байланысты оқуға түсе алмай ауылда қалды.

Айдана мен Гүлмира қаладан ауылға демалысқа келген сайын Гүлзадаға соқпай кетпейді. Олар студенттік өмірдің қызықтарын айтса, Гүлзада ауылдағы қызықтарды айтып арқа-жарқа болатын. Осылай үнемі бір-бірлерін қимай айрылысушы еді. Гүлзада құрбылары үшін қуанып əрі қызығатын. Əттең, тонның қысқалығы мұның да жолын байлап қойды емес пе. Бірақ «Түбінде мен де құрбыларым сияқты арманыма қол жеткіземін» — деп іштей серт беріп қоятын. Сол үмітпен күндері күнге жалғасып өтіп жатты. Ауылда қалған өзі сияқты біраз құрдастарымен анда-санда сауық кешін ұйымдастырып тұрады. Бір күні тура Гүлзаданың үйімен арасын қоршау ғана бөліп тұратын сыныптасы туған күн кешін жасайтын болды. Үйлері қоралас жатқан құрдасы туған күнге шақырғанда бармай қалу мүмкін емес қой. Гүлзада кешкі сауыққа бару үшін анасына жағынып бүкіл үй тірлігін жасап тастады. Үйді тап-тұйнақтай етіп жинап, кірлерді жуып, тіпті кешке асқа дейін əзірлеп қойды. Егер осының бəрі өкінішті жағдаймен аяқталатынын білсе, осынша құлшынбас еді ғой.
Ата-анасының рұқсатын алып туған күнге баруға дайындалды. Құрдасының үйіне көше айналып барғанша ортада бөліп тұрған қоршаудан секіріп түсе салмақшы болды. Ерінбей көше айналып бара салғаны дұрыс еді, бірақ тезірек баруға асықты. Қоршаудан секіріп түсе бергенінде абайсызда аяғын қайырып құлап түсті. Аяғының қатты ауырып кеткені сонша, бар дауысымен жан ұшыра айқайлап жіберді. Гүлзаданың ащы дауысын естіп үйіндегілер өре жүгіріп шықты. Құлап жатқан Гүлзаданы көріп бірден көмек беруге ұмтылды. Анасы сөйлеп жүр:
— Құдай-ай аяғың аман болса жарар еді. Нең бар еді қоршаудан секіріп, жолмен-ақ барып есіктен кірмедің ба?
Дереу жедел жəрдем де шақырды. Жедел жəрдем дəрігері Гүлзаданың аяғы сынғанын айтып, тез арада рентген жасау керектігін ескертті. Гүлзаданың ата-анасы ауылда жақсы сынықшының бар екенін айтып, ауруханаға барудан бас тартты. Дереу сынықшыны үйлеріне алдырды. Сынықшы дəрігердің сөзін растап, Гүлзаданың сынған аяғын орнына келтіріп таңып берді. Артынан міндетті түрде рентгенге түсіріп, нəтижесін көрсетуді сұрады. Ертесіне сынықшының тапсырмасы бойынша аудандағы емханаға алып барып, рентгенге түсіріп нəтижесін алып қайтты. Оеы сынықшыға апарып көрсетті. Сынықшы:
— Сəл ғана қисық түсіпті, қазір соны дұрыстаймын. Біраз күннен кейін жүгіріп кетесің — деді. Сөйтіп Гүлзаданы бір шыңғыртып сынған жерін түзетіп, таңғышпен қатты қылып байлап берді. Сəл уақыт өткен соң Гүлзаданың аяғы жанын көзіне көрсетіп ауыра бастады. Үйіндегілер мұны қалыпты жағдай деп, Гүлзадаға шыда деумен болды. Екі күннен соң аяғы ауырғаны басылды. Осы күйде бір апта жатып сынықшыға хабарласты. Ол таңғышты шешіп тастау керектігін айтты. Гүлзада анасына аяғын тізеден төмен сезбейтінін айтты. Мұны естіп шошып кеткен анасы дереу көлік жалдап, аудан орталығындағы ауруханаға тартты. Бірақ бəрі де кеш еді. Бір апта бойы қатты таңып байлағаннан аяққа қан жүрмей, жаны кетіп қалған болатын. Дəрігерлер қызды тез арада қалалық ауруханаға жеткізу керек деп шешті. Себебі өздерінің қандай да көмек беруге қауқарсыз екендерін айтты. Қан жүрмей қалған аяғы тізеден төмен жансызданып қарайып кетіпті. Дəрігерлер егер дер кезінде аяқтың жансызданған бөлігін кесіп тастамаса жағдай бұдан да қиын болатынын ескертті. Мұны естіген Гүлзаданың жағдайын сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Гүлзаданы қалалық ауруханаға алып келгенін ести сала Айдана мен Гүлмира дереу сонда жетті. Оларды алдынан екі көзі жасқа толған Гүлзаданың ағасы қарсы алды.
— Келгендерің жақсы болды. Қазір Гүлзадаға сендердің қолдауларың өте қажет.
— Аға, айтыңызшы, не болды? Дəрігерлер аяғын аман алып қала алды ма — деп қыздар жамырай кетті.
— Өкінішке орай, жоқ. Тіпті аяғы жансызданған соң қарайып шіри бастапты. Сондықтан тізесіне дейін кесулеріне тура келді. Əттең, ертерек білгенімізде ғой.
Мына хабарды естіген қыздардың төбесінен жай түскендей болды. Дереу ақ халат киіп екеуі Гүлзада жатқан палатаға келді. Құрбыларын көрген Гүлзада көз жасына ерік берді. Қыздар да онымен қосылып жылады. Айдана өзін тоқтатып:
— Бəрі жақсы болады, біз сенімен біргеміз. Сен еш уайымдама, қазір протез аяқтар жақсы жасалады, əлі-ақ шауып кетесің — деп Гүлзадаға қолдау көрсетіп, жекешелендіретін сөздерін аямады. Қыздар Гүлзаданың көңілін көтеріп, алға ұмтылуы үшін, өмірдің мұнымен тоқтап қалмағанын, дәл осындай жағдайды жеңіп, кəсіптерін дөңгелетіп отырған адамдарды да мысалға келтіріп айтумен болды. Екеуі Гүлзада ауруханадан шыққанша күн құрғатпай келіп тұрды. Құрбылары мен ата-анасының, бауырларының қолдауының арқасында шынында Гүлзада жігерленіп тек алға ұмтылды. Өзіне берген сертін де қалай да орындауы керек емес пе. Сынықшы да өз қателігін мойындап жазасын алды. Ол қатты таңып екі сағаттан артық байлауға болмайтынын ескертуді ұмытқан еді. Салдары жас қыздың мүгедек болуымен аяқталды.
Біраз уақыт өтіп өзіне келген соң Гүлзада Алматыға келіп протез аяқ салдырды. Сөйтіп жүргенде өзі сияқты жарымжан жігітті кездестірді. Екеуінің көңілдері жарасып отбасын құрды. Қазір үш баланың бақытты анасы. Күйеуі екеуі кәсіп ашып, дөңгелетіп отырған жайлары бар. Гүлзада өзінің қиын, дəрменсіз жағдайында демеу болып, қолдау көрсеткен құрбыларына үнемі алғыс айтып жүреді. «Егер осындай сендердің қолдауларың болмаса, мүмкін, өзімді құрдымға тастап жіберер ма едім, кім білген» — деп құрбыларын көрген сайын еске алып отырады.
П.С. Қандай жағдайда болмасын, арты өкінішті жағдайға айналмас үшін нағыз маманның қызметіне жүгініп, соның қадағалауында болған дұрыс. Гүлзаданың ата-анасы жасаған қателікті жасамайық. Сол кезде жедел жəрдеммен ауруханаға алып барғанында, мүмкін мұндай жағдай орын алмас па еді?! Енді өкінгенмен еш пайда жоқ, тағдыры солай болуы керек болған шығар. Гүлзада жақындары мен өзінің қайсарлығы арқасында алға ұмтылып мақсатына жетті. Ал қаншама жандар мұндайға төзе алмай, өздеріне қол да жұмсап жатады. Сондықтан күрмеуі қысқа мына жалған дүниеде жарымжан жандардан қолдауымыз бен мейірімімізді аямайықшы!

 

ikerim.kz

Ақтолқын Құлбекова

03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды
29 тамыз, 19:32
Шетелден ақша алатын белсенді мен блогерге жайсыз жаңалық
27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда