Олардың пайымынша бұл баламалы қуат көзіне өтуге өз септігін тигізеді.
Vlast.kz хабарлағандай, Астанада ЭКСПО көрмесі аясында өткен «Болашақтың энергиясы» форумының 12-сессиясында Тұрақты даму бойынша бүкіләлемдік форум президенті Раджендра Пачаури Қазақстан өз аумағында энергия саласы бойынша халықаралық ұйым құруға мүмкіндігі бар екенін мәлім етті.
Бұл өз кезегінде елімізге баламалы қуат көзін дамытумен қатар, осы салада жұмыс істеп келе жатқан басқа да ұйымдармен байланыс ұстауға септігін тигізбек.
Сондай-ақ Масдар ғылым және технологиялар институтының (БАӘ) ректоры Бехжат әл-Юсуф те үндістандық әріптесінің ұсынысын қолдады. Ол өз сөзінде Қазақстанда мұндай ұйымның құрылуы өте маңызды деп атап өтті. «Энергия бойынша әлемдік ұйым құру өте ұтымды ұсыныс. Егер де қолдау табатын болса, болашақта ауаға бөлінетін зиянды заттардың мөлшері азаяды деп үміттенеміз. Жастар да мемлекеттің баламалы қуат көзіне өту бойынша жұмысына атсалысатын болады.
Бұл ұйым Орталық Азия мен әлемнің арасын тоғыстыратын көпірге айналуы тиіс» -дейді Бехжат әл-Юсуф. Конференцияда сөз алғандар еліміздің «Болашақтың энергиясы» тақырыбын таңдауы осы саладағы көшбасшы мемлекет болуына ұмытылғанын көрсетеде деп атап өтті.
Айта кетейік Астанада 12 конференциядан тұратын «Болашақтың энергиясы» форумы аяқталды. Оған үш айдың ішінде 500-ге жуық халықаралық сарапшы қатысты. «Болашақтың энергиясы» форумының 12-сессиясында «ЭКСПО-2017-нің қағидалары мен құндылықтары манифесі» атты қорытынды құжаты жасалды.
Бұл құжат кеше «Астана Экспо-2017» ҰК» АҚ төрағасы Ахметжан Есімовке ұсынылды. Сарапшылар мақұлдағаннан кейін Манифест Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсетіледі.