Сапар Рахманшеев: Мақсатымыз — жас буынға ішімдіктің зиянын түсіндіру

11 маусым, 13:54

62 жастағы Ержан деген азамат — Алматы облысының тумасы. Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығына өз еркімен тоғызыншы рет келіпті. Отбасы жоқ, үйленбеген. «Туған-туыстарым Астанада тұрады. Қарап тұрсам, бір жылдан кейін зейнетке шығады екенмін. Емделген соң арақты түбегейлі қойғым келеді. Ең алдымен адам өзін ойлауы керек. Ешкімнің ештеңесі кетпейді. Әр адам өз ісіне жауап береді. Біз әйелдер сияқты жылап, айқайлап немесе біреумен сырласып, іштегі шерді шығармаймыз. Ер адамдардың арақпен достасатыны сол. Арақ ішсек, бәрі басылады деп ойлаймыз. Бірақ олай емес екен», — дейді. Қарап тұрсаң, оның өмірі – ащы судың дәмін енді тата бастағандарға сабақ.

Ішімдіктің денсаулыққа зияны ғылыми түрде қанша дәлелденсе де, адам баласы бұл жаман әдеттен арыла алмай келеді. Денсаулық сақтау министрлігі осыдан бір-екі жыл бұрын елімізде ер адам жылына 25 литр, нәзік жандар 9 литр ішімдік ішеді деген мағлұмат келтірген. Әлбетте, ішімдік ішу-ішпеу — әркімнің өз еркінде. Бірақ шөлмекті қолға алмас бұрын, адам алдымен өзін емес, жақындарына келтіретін кесірі туралы ойланғаны дұрыс.

Ішімдікке тәуелді адамдар қалай емделеді? Бұл зиянды әдетке қарсы қалай күресу керек? Осы және өзге де маңызды мәселелер жөнінде Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев айтып берді.
Бүгінде Алматы қаласында 3494 адам алкогольге тәуелділік есебінде тұр. Оның ішінде қыз-келіншектер саны – 767.

Сапар Құттыбайұлы әңгімесін: «Өздеріңізге белгілі, наркологиялық қызмет пен психиатриялық қызмет 2018 жылы қала әкімінің қаулысымен біріктіріліп, қазір психикалық денсаулық орталығы деп аталады. Қазір психикалық денсаулық орталығында Алматы қаласы бойынша 16 мыңға жуық науқас есепте тұр. Соның ішінде 5 мыңға жуығы — ішімдік пен есірткіге тәуелді адамдар. Оның ішінде әйелдер мен жасөспірімдер де бар», — деп бастады.

Орталықтың басты міндеті — ішімдік пен есірткіге тәуелді адамдарды емдеп, қоғамға бейімдеу. Көп адам орталыққа келуге қорқады. Өйткені мұнда диспансерлік бақылауға қояды екен. Бақылауға қойғаннан кейін олар жұмысқа тұра алмайды, көлік жүргізу құқығынан айрылады. Сондықтан көбі ақылы емханаларда емделгенді тәуір көреді.

«Жекеменшік емханадан нәтиже болмай, ауруы асқынған кезде бізге келеді. Өйткені біз мемлекеттік мекеме болғандықтан, науқастың жағдайына қарамаймыз. Барлығын қабылдаймыз. Ал жекеменшік емханалар ауруы қатты асқынғандарды қабылдамайды. Біздің орталық сырқаты жеңіл болсын, ауыр болсын, тіпті асқынған болсын, барлығына бірдей көмек көрсетеді. Орталықта амбулаториялық жағдайда да емделуге болады. Жағдайы ауыр, ішімдікті ішу нәтижесінде 10-14 күн тоқтамай ішетіндер өз еркімен қойғысы келіп емделеді. Кейбірінде ішімдікті көп ішкеннен елес пайда болады. Түнгі ұйқысы бұзылып, әр түрлі дауыстар естиді. Көздеріне бірдеңелер елестейді. Оны «алкогольді психоз» деп атайды. Мұндай науқастар ең алдымен стационарда жатып емделеді. Емделу кезінде түрлі дәрі-дәрмектер қолданамыз. Өйткені арақтың кесірінен ағзада қан айналым мен ас қорыту жүйесі бұзылады. Ми орталығының қызметі бұзылады. Осылардың барлығын қалыпқа келтіру үшін дәрі-дәрмек қолданылады. Сонымен қатар жүректің қызметін жақсартатын дәрілер де қолданылады», — деді орталық басшысы.

Мемлекеттік мекеме болғандықтан, орталыққа келген емделушілерге тегін қызмет көрсетіледі. Ал жасырын емделгісі келетіндерге ақылы қызмет көрсетіледі.

Біз орталық басшысынан ішімдікке салынудың алдын алу үшін мамандар тарапынан қандай іс-қимыл қарастырылғанын сұрадық. Сапар Құттыбайұлының айтуынша, ішімдікке салынудың алдын алуға арналған іс-шаралар тұрақты түрде, үзбей жүргізіледі.

«Біздің орталықта поликлиникалық бөлім бар. Бұл бөлімде әр аудан бойынша дәрігерлер қызмет көрсетеді. Мен өзім мектеп оқушылары, жоғары оқу орнындағы студенттерімен кездесуге жиі барамын. Мақсатымыз – жас буынға алкоголь мен есірткінің, темекінің зияны жайында айтып, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Халықтың арасында «қымбат арақ ішсем, маған түк болмайды» деген бір түсінік қалыптасқан. «Жай дүкеннен емес, арнайы қымбат магазиннен алып жатырмын» дейді. Ал шын мәнінде, арақтың қымбатын ішсе де, арзанын ішсе де айырмашылық жоқ. Адам ағзасы ішімдікке тәуелді болады. Біз, міне, осыны түсіндіреміз. Егер отбасында ішімдік ішетін үлкендері көп болса, ертең өскенде балалары да ата-анасының істегенін жасайды. Мамандар жоғары оқу орындары, мектеп оқушыларымен жиі кездесіп, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар БАҚ арқылы да көбірек насихаттауға тырысамыз», — деді бас дәрігер.

Орталыққа келген емделушілердің ішкілікке салыну себебі неде? Ем қабылдағаннан кейін ішімдіктен құлан-таза айыққандар бар ма? Біз Сапар Құттыбайұлынан өмірлік тәжірибесінде кездескен оқиғалармен бөлісуін өтіндік.

«Қазір ер адамдар ғана емес, ішкілікке салынған әйел адамдар да бар. Тіпті ауылдан ақ жаулықты апаларымызды алып келгенде, жүрегім ауырады. Әйелдердің көбісінің айтатыны істерге ісі жоқтан. Күйеуі тастап кеткенін сылтауратады. Кейбірі күйіктен ішкілікке салынған. Ішудің сылтауы өте көп. Тіпті «көшеде жатып ішпеймін ғой» деп ренжитіні бар. Бұл жерде қайда ішкенің маңызды емес, мәселе — тәуелді болуда. Мен бір мысал келтірейін. Осыдан бірнеше жыл бұрын әйелі мен баласы бір ер кісіні емдетті. Ол кісі бір ішсе, апталап үйіне оралмай, тіпті көше кезіп түрінен түр жоқ болғанға дейін жүре береді екен. Жақындары сондай жерлерден тауып алып, емделуге әкеледі. Ол кісі 2-3 айда бір рет емделеді. Сонда әлгі ер адамның отбасына риза болдым. Қандай жағдай болса да, олар әкесінен бас тартпады. Кейін бірнеше жыл өткеннен кейін әлгі ер адамды жолықтырып қалдым. Ішімдікті қойған, кәсіп ашыпты. Оның өмірі тек жақсы жағына өзгергеніне қуандым. Осы кісінің оқиғасын көпке үлгі етіп айтамын. Кейбір науқастар «балаларым тыныш болсын, әйелім тыныш болсыншы» деген оймен ем алуға келеді. Бірақ олар жазылмайды. Ал кейбір науқастар ішімдікті біржола қоямын деген оймен келеді. Ондай адамның ерік-жігері мықты болса, тәуелділіктен арылады. Бір кісіні білем, немересінің бір ауыз сөзіне бола ішімдікті мүлде қойып кеткен. Алпыстан асқан кісі болатын. Кішкентай немересі «Ата сен қашан қоясың, маған қандай үлгі көрсетесіз» дейді. Немересінің осы сөзінен кейін, арақты аузына мүлдем алмайтын болған. Бәрі де адамның күш-жігеріне байланысты. Әр адамның өз алдына қойған ниеті мен мақсатына байланысты», — деді Сапар Құттыбайұлы.

Орталықта ішімдікке тәуелділіктен емделіп жатқан 16 жастан асқандар да бар. Біреуінің әкесі баласының ішімдікке салынғанына өзін кінәлайды. Өйткені баласына кішкентайынан сыраны пайдалы деп өзі берген екен. Содан баласы сыра ішпесе, тұра алмайтын болған. Кейбір балалар үйдегі жанжалдан қашып, сырттан өзіне орта тауып, ішімдікке әуестенеді. Дәрігердің айтуынша, жас ағза тез қабылдайды, тез уланады. Жасөспірімдердің ішімдікке тәуелді болуының бір себебі — ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынастың жоқтығы.

Бұл туралы Сапар Рахманшеев былай дейді: «Қазір бала мен ата-ананың арасында қарым-қатынас жоқ. Ата-ана баласына көңіл бөлмейді. Американдық бір ғалымның «Жанұяңмен қарым-қатынас құру — отбасыңмен бірге кешкі ас ішу» деп айтқаны бар. Отбасы мүшелері дастархан басында бір-бірімен шүйіркелеседі, әр түрлі проблемалар талқыланады. Қазір балалар білмейтін нәрсесін ғаламтордан алып жатыр. Балаларға уақыт бөліп, олармен көбірек сырласу керек».

Біз орталықта емделіп жатқан науқастармен сұхбаттасып, өз оқиғаларымен бөлісуін өтіндік (олардың өтініші бойынша аты-жөндері өзгертілді).

38 жастағы Марат Нәбиев екі жыл бұрын ішімдікке салыныпты. «Оған дейін 15 жыл бірге тұрған жарыммен ажырастым. Бірақ ішімдікке салынуымның себебі ажырасу емес. Бұған дейін ақылы емханада екі рет емделдім. Бірақ нәтижесі болмады. Енді осы орталыққа 6 ай ем алуға келдім. Біржола емделіп шықсам деймін. Осы жерден шыққаннан кейін кәсібімді жалғастырғым келеді. Орталықта біз таңертең жаттығу жасаймыз, таңғы асымызды ішкеннен кейін қолымыз бос. Шахмат, кітап оқуға болады. Түскі астан кейін тынығамыз. Одан кейін спортпен айналысып, шахмат, телевизор көріп, бос уақытымызды өткізуге болады. Дегенмен қазір ішімдікті ойлап жүргенім жоқ. Менің мұнда ем алып жатқанымды анам мен бауырларымнан басқа ешкім білмейді. Әрине, туған-туыстар білсе ұят. Ішімдікті қойып кету тек өзіме байланысты екенін түсіндім», — деп сырын ақтарды.

Ал әңгіме басында айтқан Ержан деген азамат «орталықтан емделіп шығып, ішімдікті қоямын», — деп өзін-өзі қайрайды.
Осылайша, Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығы ащы судың азабын тартқан жандарға үміт сыйлап, өмірін жаңадан бастауға мүмкіндік береді.

Мақпал Махаметқызы,

Алматы қаласы

Бүгін, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды
04 шiлде, 16:10
Түркістан: Мақсат – қылмыстың алдын алу
04 шiлде, 16:02
Түркістан: Сауран ауданында рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өтуде