Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы Сайрам су шатқалындағы өртті екі күн бойы сөндіруге тура келді. Бұл туралы өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі мәлім етті.
Белгілі болғандай, 30 шілде күні күндізгі сағат 15.07-де Төлеби аудандық өрт сөндіру бекетіне Сайрам-Өгем ұлттық паркінің үш асуында өрт болып жатыр деген хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен сөндірушілер жалынның «Сазан ата», «Сайрам су» және «Жоғары Ақсу» асуларынан шыққанын анықтаған. Құрғақ шөптен тұтанған от 50 гектар аумағын шарпыған. Ал оны сөндіру 4 бағыт бойынша жүргізіліпті. Мәселен, «Кызылзау» асуында 16 гектар жеріндегі отты өшіруге жеке құрамнан 21 қызметкер мен 12 жергілікті атқарушы орган өкілдері, 1 техника жұмылдырылған. Мұндағы жалын бүгін таңғы сағат 09.05-те ауыздықталған. Бүркітші шатқалында 13 гектар шөп жанды. Ал, үшінші және төртінші бағыт бойынша жалынды сөндіруге жеке құрамның 16 қызметкері мен 1 техника, орман шаруашылығынан 4 адам мен жергілікті атқарушы органнан 10 маман, 47 жергілікті тұрғын және 12 ветеринарлық қызметкер жұмылды. Нәтижесінде тілсіз жау дер кезінде ауыздықталып, алма бау өрттен аман қалды. Оқиға орнында қазір де кезекшілік қойылып, өрттің алдын алу шаралары қолға алынды.