Оразаның бірінші күні еді. Алматылықтардың «Көк мешіт» атап кеткен орталық мешіттің қасынан өтіп бара жатқам. Жұрт абыр-сабыр. Мешіттің тура алдындағы бағдаршамға келіп тоқтадық. Неге екенін түсінбедім, көзім мешіттің қақпасында тізіліп отырған қайыршыларға түсіп кетті. Кіріп-шыққандар тиын-тебен тастап жатыр. Бағдаршамның күттіргеніне жарты минуттай уақыт өткен жоқ. Қайыршылардың садақаға тастаған ақшаға таласып, алакөзденіп жатқанына қарап қалыппын. Сол-ақ екен, қаздай тізілген қайыршылардың шетіндегі екеу бір-бірінің кеңірдегінен ала кетті. Екеуі де балдаққа сүйенген. Жастауы екі қолтығындағы сүйеніш ағашты лақтыра салып, қартаңдауын сығып-сығып жіберді. Үшіншісі араласты. Оның бір аяғы жоқ екен. Балдақты тастап, сап-сау адамдай алысып жүрген әлгі жас жігітті сабырға шақырғысы келді-ау деймін. Бірдеме деп ту сыртынан жабысты.
Әлгі үшеуді ешкім ажыратар емес, сонан соң жақындадық. Бір-бірін жазым қылады деген бөтен ой жоқ, бірақ мешіттің алдында ақшаға таласқандары ерсі көрінді бізге. Біз жеткенше болған жоқ, жастау қайыршы қалтасынан бірдеме алды да араша түсіп жүрген бір аяғы жоқ, екі балдақпен қалтаң-құлтаң етіп тұрған қайыршының кеудесіне сұғып-сұғып алды. Алпысты алқымдаған кісі екен, әппақ жейдесі қып қызыл қанға бөгіп шалқасынан түсті. Жол бойындағылар мен мешітке кіріп-шыққан жұрт шу ете түсті. Қанды көрген жас жігіт балдағына да қараған жоқ, қан жұққан бәкісін қалтасына салып, тұра қашты. Бір-екі жігіт қуып еді, оқтай ұшты да ғайып болды.
Біреулер жедел жәрдемге қоңырау шалды. Бірақ ешкім әлгі бейбақтың басын сүйеген жоқ. Қасындағы мосқалдау қайыршы ғана жүрек тұсынан аққан қанды тоқтатпақ болып әуреленуде. «Ол – қанышер. Мен айттым ғой, ол мүгедек емес деп. Маған ешкім сенбеген. Аты – Ринат. Осында күнде қайыр тілеп жүреді. Кейде біздің ақшамызды тартып алады» — деп бәрімізге естіртіп айқайлап жатыр.
Жедел жәрдем 10 минуттан соң келді. Өтіп бара жатқан полицейдің көлігін бір жігіт қуып жетіп, оқиға орнына ертіп әкелді. Ол кезде пышаққа түскен адамның аузынан ақ көбік атып, көзі аларып кеткен. Дәрігерлер де, полицейлер де асығар емес. Оқиғаның жай-жапсарын сұрап, тергеуді бастап кетті. Айнала қоршаған адамдардың «Ауруханаға тез жеткізсеңдерші» — деген зілді сөзінен кейін ғана олар жұмысына кірісті.А
Жарас ШӨКЕ