Ракпен ауырдым деп әлеуметтік желіде жұртты алдаған блогер жазаланды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.
Австралия соты желі қолданушалырына рактан емделудің жолдары туралы өтірік айтқан блогер қызды соттады.
1991 жылғы блогер Бель Гибсон (толығырақ Аннабель Натали Гибсон) желіде мидың қатерлі ісігінен жазылып кеткенін айтып көптің сеніміне кіреді. Сөйтіп, көпшіліктен айласын асырған қыз дұрыс тамақтанудың жолын ұсынып пайда таба бастайды.
Судья Гибсонның бұл ісін «арсыздық» деп танып, адамдарды алдағаны үшін оған 410 мың австралия доллары көлімінде (322 мың доллар) айыппұл салған.
Белгілі болғандай, Гибсон әлеуметтік желідегі аккаунттарында, өзі шығарған кітаптарында және Apple қосымшаларында салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанатынын, детокс-диетада отыратынын және баламалы терапияның көмегімен өзінің жаман аурудан жазылып кеткенін айтып, жұртты сендірген.
Сол себепті ол өзінің бай тәжірибесін құр босқа қалдырмай, өзінің жеке брендіне айналған The Whole Pantry рецептер кітабы мен осындай атпен Apple үшін арнайы қосымша дайындаған.
Осылайша Гибсон өзінің «баға жетпес» дәрістерімен гастрольдік сапарларға шығып, жалған өнімдерін өткізумен айналысқан. Жас қыздың айтқанына сенген адамдар оның бақытты өмірі мен селфилеріне куәгер болған. Оның Инстаграмдағы аккаунтында осылайша 200 мың оқырман жиналған. Әрі оның өнімі «Тамақ және сусындар» қосымшасында 113 елде танымал болыпты.
Ауруынан айығып кеткені туралы мифтік оқиғасы қайырымдылық ұйымдарына аударам деген 300 мың долларын аудармағаннан кейін белгілі болып қалады.
Айта кету керек, Гибсонның диета туралы кітабын басып шығарған Penguin баспасы да 22 мың доллар айыппұл төлеген.