Айта-айта жауыр болған бір мақал бар: «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Сол сөзді тағы да қайталауға мәжбүрміз. Неге? Соңғы бірер айда әлеуметтік мәселе алға озып, көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылардың күнкөрісі басты тақырыпқа шығып, қоғам қыжылы күшейген тұста, әлдебір әнші мерейтойын өткізіп жұрттың жүйкесіне тиді.
Мерейтой дейтіндей ердің жасы елу немесе қарттықтың басы саналатын 60-70 емес, бала-шағаның бір-екі мүшелі ғана. Соны әлдеқандай ұлан-асыр той қылып, ақшадан шашу шашып, көк қағаздың үстінде аласұрып биледі. Ол аздай әке-шешесі мен бауырлары құны шамамен 100 мың доллардай тұрайтын темір тұлпар сыйлап, оны әлеуметтік желіге салды. Осыны Кегеннің қырында қой жайып жүрген кластасыма айттым. «Жаяу жүрген бе еді?» деді жаны ашығандай. Мырс етіп күліп жібердім. Күлкімнің мәнісін түсінбеді-ау деймін, бетіме бір қарады да қойды.
Біреудің байлығын, ішкен-жегенін санаудан аулақпыз. Бірақ дәл сол әнші осыдан біраз күн бұрын, яғни Астанада бес сәби отқа оранып, жұрт есеңгіреп жатқан сәтте шетелде жүрді. Жағажайдағы таңғажайып демалысының фотосуретін әлеуметтік желіге салып, халықтың шамына тиді. Әлеуметтік желідегі пікірдің дені әлгі әншіні қолдап, «сенікі дұрыс» деп жатқан жоқ. Керісінше, «Біреулер тұратын баспана, ілдебайлап күн көріп жатқанда, мынау неменеге есіреді?», «Халық болмаса, бұны кім әнші қылыпты?», «Оның талтаңдап жүргені халықтың ақшасы» деген сияқты пікір жазып жатыр. Онысы рас. Әнші деген кім? Ол – халық сүйген, әнін тыңдап, өнерін бағалаған қарапайым адам. Халық алақанына салмаса, әнші де, әртіс те ешкім емес. Сондықтан, халықтың алдында дүние-мүлкімен мақтану, ішкен-жегенімен масаттану артық.
Шетелдің әнші-әртістері де миллионер. Бірақ олардың жұрт қиналып жатқанда, дәл осындай ерсі қылықтар жасағанын естімедік. Қайта аты әйгілі Анжелина Жолидің өзі Африкада аштықтан бұралып жатқан балалардың бірін асырап алып, жұртты сүйсіндірді. Әлгі ақша таптап, бас-басына көлік мініп жүрген біздің әншілер, кино жұлдыздары көпбалалы аналардың біріне пәтер емес-ау, жай ғана жатақхана алып берсе, онысын әлеуметтік желіге салса, қалай болар еді? Жұрт төбесіне көтеріп, «Халық қаһарманы» жасап жіберер еді ғой. Әй, бірақ біздің қалталы әнші-әртістердің ондай жомарттыққа баратынына күмәнім бар. Тіпті, солардың жетімдерді жебегенін, біреуге көмектескенін естімеппіз.
Айтпақшы, осыдан бірнеше күн бұрын тағы бір танымал «жұлдыз» тойдың «гүлі» болды. Оны жұрт ұялы телефонға түсіріп алып, әлеуметтік желіге салды. Не істеді дейсіздер ғой? Жерге жатып алып биледі. Биінің иірімін ұмытып қалды ма, соңына қарай аунады. Үндінің ғашықтық киноларындағыдай дөңгеледі. Әртіс қой дедік! Бірақ үндінің қыздары жасыл шөптің үстінде, ғашық жігітінің құшағына құлайтын. Ал біздің әлгі танымалы актрисамыз жалғыздан-жалғыз еденде аунап жатыр.
Айтқан адамның аузы жаман. Бірақ біздің әнші-әртістердің сиқы осындай болып тұр.
Жарас Кемелжан