Марқұм видео жазбада соңғы екі жылдан бері кәсібіне тыныштық бермей жүрген прокуратура мен қаржы полициясының қызметкерлері жайлы айтқан. Ол жасы 60-тан асқан кезде елдің ақшасын ұрламай-ақ, қалған өмірін тыныштықта өткізуді армандағанын айтады.
«Сотта біздер қасымдағы адамдармен қосылып ешкімге пара бермедік. Істі қарап жатқан төраға мемлекеттік айыптаушы мен шағым түсірген мекеменің сатып алған адамы сияқты. Тіпті адвокаттарымыз да біздің басымыздан өтіп жатқан әділетсіздікті бірінші рет көріп тұрғандарын айтты. Бізде барар жер, басар тау қалмады. Әділдікті қайдан іздеуді білмей отырмын»,-деген қария.
Өмірбек Жанбозов өзіне тағылған айыптардың еш дәлелсіз, шындыққа жанаспайтынын айтады. Астанадағы мешітке келіп, имамнан көмек сұрағанын да жасырмайды.
«Имам оқыған жігіт, барлығына орай діни сауаты жеткілікті адам. Ол кісі өзімнен кіші болса да, барлық дүниені ақылға салып қарауымды сұрады. Бірақ,мына жалаға шыдай алар емеспін. Адам жапқан жала өте ауыр болатынын Серік қажының өзі де айтты»,-дейді марқұм видео жазбада.