Приозерск қаласындағы ломбардтардың бірінен сейфті бұзып, 12 миллион теңге мен алтын ұрлағандар Алматы облысында ұсталды, деп хабарлайды Baq.kz ақпараттық агенттігі.
Олар ломбардтағы темір есікті кесіп, ғимараттың терезесін сындырып, сейфтен жалпы сомасы 12 миллионнан асатын алтын бұйымдар мен ақша ұрлап кеткен.
«Приозерск қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп, күдіктілер Алматы облысының Қапшағай қаласынан ұсталды. Олар 25 пен 26 жастағы Приозерск қаласының тұрғындары. Олардан сейф, алтын бұйымдар және қылмыс құралы тәркіленді», — дейді Қарағанды облысының ІІД баспасөз өкілі Бақытжан Құдияров.
Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалып, оларға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188 бабы 4 тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.