Президент: Экономика халықтың тұрмысын жақсартуы тиіс

03 қантар, 18:20


2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есе ұлғайтып, 450 млрд долларға жеткізу – бағындыруға болатын белес. Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында нақты көрсеткіштермен аталған межеге жетуге болатынын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дәйек ретінде 2023 жылғы Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) көлеміне қатысты Халықаралық валюта қоры сарапшыларының дерегін келтірді. Оған сүйенсек, ЖІӨ мөлшері 259 млрд доллардан асады, яғни, 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық. Бұл – қаржыға шаққанда Орталық Азия аймағындағы ең жоғары өсім. Жалпы ішкі өнім көлемі жан басына шаққанда да өсіп келеді. Болжамды көрсеткіш былтыр 13 мың долларға жуықтаған. Оның жыл сайынғы өсімі 1,6 мың долларға артып, 2028 жылы 16,8 мың долларға жетеді. Мұны,біздіңше, осы мәселе төңірегінде пессимистік пікірін, боркемік болжамын тықпалап жүрген қайсыбір сарапшыларға жауап деп бағалауға да болады.
Қалың бұқараны сан мен көрсеткіштен бұрын ең әуелі күнкөріс қамы толғандыратыны айқын. Президент осыған орай «Мен үшін макроэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ» деді. Сөйтіп, экономиканың негізгі міндеті жұрттың әл-ауқатын жақсарту екенін атқарушы биліктің қаперіне салды.
Үкімет экономикалық басқарудың тың тәсілдерін қолдана алса, әлгі жақсы болжамдар ақиқатқа айналады. Мемлекет басшысы елдің өркендеуіне жол ашатын негізгі екі бағытты айқындап берді. Оның алғашқысы — өнеркәсіпте ауқымды жобаларды іске асырып, инфрақұрылымды дамыту. Мұны тарқатып айтсақ, бұл шикізат пен әлемдік биржадағы бағаға байланған экономикадан («голланд кеселінен») арылып, отандық өнімді көптеп шығаруға, әсіресе, күнделікті тұтыну тауарлары бойынша импортқа тәуелділіктен құтылып, инфляцияны ауыздықтауға мүмкіндік береді. Жылу орталықтары мен коммуналдық қызметтің қазіргі жыларман халі инфрақұрылымды жақсарту көкейкесті міндет екені айтпаса да түсінікті.
Инвестиция тарту – тағы бір басым бағыт. Көбірек қаржы құйылса, сол елдің экономикасы қуатты. Ал ақша тарту оңай шаруа емес. Әсіресе, геосаяси текетіреске толы бүгінгі алмағайып дүниеде. Бұрын да қиын-тұғын. Кезінде Түрік үкіметін басқарған Сүлеймен Демирел «Түркия 70 цент инвестицияға мұқтаж» деген. Түріктер сол дағдарыстан сабақ алды. Инвесторды бағалай біледі.
Шүкір, Қазақстанға Батыстың да, Шығыстың да, Күнгейдің де, Солтүстіктің де пейілі түзу, көзқарасы оң. Бұл мемлекеттің мүддесінен туындайтын көпвекторлық экономикалық саясаттың жемісі. Мұны еліміздегі ауқымды бизнес — жобаларға қомақты инвестиция салып жатқан шетелдік ірі компаниялар мен қаржы құрылымдарының ықылас-ниетінен байқап жүрміз.
Ұлттық экономикаға қаржы тарту — маңызды міндет. Бұл іспен тікелей өзі айналысып жүрген Мемлекет басшысы жуырда Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл штабқа еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін ауқымды өкілеттік берілді. Бұл бағыттағы жұмыс экономиканың барлық саласына қатысты «ойын тәртібін» белгілейтін жүйелі реформаларды жүзеге асыруды қамтиды. Бұл шаруа басталып кетті. Президент тапсырмасымен Үкімет мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты қайта қарауға жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр. «Ойын тәртібі» демекші, мемлекет ендігі жерде экономикада таразы басын тең ұстау қағидасын ұстанады. Алмақтың салмағы бар дегендей, инвесторға жағдай жасай отырып, бюджет кірісінің кеміп кетпеуін қадағалап отырады.
Мемлекет басшысы ұлттық экономиканың бағдары мен беталысы төңірегінде қарапайым тілмен салмақты сараптама, терең талдау жасайды. Сұхбат сонысымен де құнды.

Срайыл Смайыл

01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу