Президент: Аймаққа жеке инвестиция тарту — әкімдердің ең басты міндетінің бірі

07 ақпан 2024, 12:52

«Негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып барады. Бұл күрделі жағдай деуге болады. Себебі экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан, алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін».

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі және сыртқы инвестицияны көбейту керектігін баса айтты.

«Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуі тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек», — деді мемлекет басшысы.

Мысалы, 50 миллион доллардан көп қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидасымен жан-жақты қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар, жобалардың іске асырылуын қадағалайтын тиімді мониторинг жүйесін іске қосу керек.

Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі орын алатынын сынға алды. «Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Ал аймақтарға барып, жұмыс істегісі келетін инвестор көптеген тосқауылға тап болады. Жергілікті билік көп жағдайда ешқандай әрекет жасамайды не болмаса инвесторды әуре-сарсаңға салады. Соның кесірінен кәсіпкер жобасын кейінге шегереді немесе біржола тоқтатуға мәжбүр болады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондықтан аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек. «Жалпы барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек. Мәселе штат санын көбейтіп, жұмыс тобын құрып, жаңа тұжырымдама жазуда емес. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тәсілін өзгертетін нақты реформа. Соны дұрыс түсіну қажет».

Мемлекет басшысы жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысына қорытынды жасалатынын ескертті. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға беріледі. Талап қатаң болмақ.

«Елімізге ауқымды инвестиция тартудың тағы бір маңызды шарты – Ұлттық инфрақұрылым жоспары. Бұл құжат сапалы әзірленуге тиіс. Ойға келгеннің бәрін бір құжатқа жинақтап, сосын бюджеттен қаржы бөлінбеді деп сылтау айту – қолыңнан түк келмейтінін мойындау деген сөз.

Үкіметке Инфрақұрылым жоспарын қайта қарауды тапсырамын. Негізгі басымдықтарды айқындап, стратегиялық маңызы бар жобаларға жеке инвестиция тарту мәселесін мұқият ойластыру керек. Тек аса қажет болған жағдайда ғана қаржылай қолдау шараларын қарастырған жөн», — деді Президент.

JQ-Aqparat

28 сәуiр, 14:24
Сары атлас көйлек
24 сәуiр, 14:22
Талғат Байеділов: Халық үніне әрдайым құлақ асамыз
24 сәуiр, 11:46
Сүтпен шай – дәстүр ме, әлде денсаулыққа қауіп пе?
16 сәуiр, 12:17
II Орталық Азия медиафорумы - ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң
10 сәуiр, 14:02
"Қазпошта" алаяқтардың асына айналған ба?
07 сәуiр, 14:29
Көктемде психикалық аурулар неге асқынады?
01 сәуiр, 19:13
Саудада достық жоқ
31 наурыз, 16:10
Мақта кластері: Шикізаттан –дайын өнімге
31 наурыз, 15:45
Астана – даму драйвері