ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында күн тәртібі бойынша қаралатын мәселелерден бұрын Тараз қаласында болған табиғи апаттың салдарларын жою үшін қандай шаруалар атқарылып жатқандығын Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтан сұрады. Бұл туралы jasqazaq.kz тілшісі хабарлады.
«Жұмысшылар – 1994 жылы туған Бексейітов пен 1963 жылы туған Нұржанов алған жарақаттарына байланысты оқиға орнында қайтыс болды. Ал 8-класс оқушысы, 14 жастағы Үмбетәлиев Бекзат электр сымын басып, тоқ соққан. Дәл сол сәтте жеке тұрғын үйдің темір қақпасы 1986 жылы туған Хамитқызы мен 1956 жылы Бексұлтановтың үстіне құлап, жарақат алған. Екеуі де ауруханаға жатқызылды. 2006 жылы туған Орынбасардың үстіне ағаш құлап, ол да ауруханаға жеткізілді», — деді облыс әкімі. Сондай-ақ қатты дауыл салдарынан электр сымдары үзіліп, ағаштар құлағанын және апат салдарын жою үшін қандай шаруалар атқарып жатқанына тоқталды.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев табиғи апаттан зардап шеккен отбасыларға қажетті көмек беруді, қаланы қалпына келтіруді және өзіне толық ақпарат беріп отыруды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа тапсырды.