Алматыда учаскелік полицей аурушаң келіншектің екі бірдей пәтерін сатып жіберіп, өзін Қырғызстанға құлдыққа өткізбек болған. Қаскөй мұнысымен қоймай, оның баласының көзін жоюға тырысыпты.
Тәртіп сақшысынан көмек сұраймын деп, ақырында өмірі тығырыққа тиірелген әйел енді кімге сенерін білмей дал. Ал, бүгін сот келіншектің сеніміне кіріп, арам ойын іске асырмақ болған бұрынғы полицей мен оның сыбайласына үкім шығарды. Қаскүнемдер қанша жылға сотталды? Үкімге жәбірленушінің көңілі тола ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Әуезов ауданында учаскелік полицей болған Арли Оңғарбаевқа Татьяна Шульгина 2015 жылдың қыркүйек айында келіп, бұрынғы күйеуінен қорғауды сұраған. Инспектор келіншекке өзінің ағасын ертіп келіп, оққағар болады деп, үйіне тіркеуге тұрғызған. Артынша Өзбекстан азаматы ӘлішерЖаңабаевты әйелдің сеніміне кіргізіп, үйленетініне көзін жеткізеді. Осылайша екеуі бірлесіп кәсіп ашпақ болып, жалғызбасты келіншекті бар дүние-мүлкінен айырған.