Павлодар қаласында сәбидің терезеден құлап кетуінің кезекті оқиғасы тіркелді. Осы жолы бір жарым жасар нәресте көпқабатты үйдің 11 қабатынан құлап, шетінеп кетті, деп хабарлайды Baq.kz.
Оқыс жағдай облыс орталығындағы «Саяжай» шағын ауданында болды. Жергілікті жедел әрекет ету қызметі өкілдерінің хабарлауынша, 2015 жылы туған бала оқиға орнында шетінеп кеткен.
«Оқиға кезінде баланың ата-анасы сол сәтте үйде болған. Сонымен қатар, атасы мен апасы пәтерде болған. Сәби ойнап жүріп, терезенің алдына мініп алған. Москит торы баланы көтере алмай, соңында сәби 11 қабаттан төменге құлап кеткен», — деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Баян Мағзұмова.
Еске сала кетсек, бұл алғашқы қайғылы оқиға емес. Бұған дейін, үстіміздегі жылдың 29 мамыр айында Екібастұз қаласындағы көпқабатты үйдің терезесінен бір бала құлап кеткен.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Академик Сәтбаев көшесінде болған. Үш жасар ұл бала 10-шы қабаттан құлап кеткен. Кейін белгілі болғандай, бала апасының жанында болған. Сәби оқиға орнында көз жұмды», — деп хабарлады департаменттен.
Айта кетейік, биылғы жылдың басынан бері балалардың биіктіктен құлаудың 63 жағдайы тіркелген. Салдарынан 31 бала түрлі жарақаттармен ауруханаға түскен.