Такеши Номура – жапон азаматы. Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде алты айдан бері оқып жүр. Бар арман-мақсаты – қазақ тілін үйрену. Кеше Jas qazaq-қа арнайы келген ол қазақ тілін үйренуге не себеп болғанын, біздің тілімізге деген қызығушылығы төңірегінде әңгімелеп берді.
Jas qazaq: Такеши мырза, қазақ тілін қалай тез үйрендіңіз? Қала тұрғындарымен қарым-қатынас барысында қазақша сөйлесесіз бе? Өзіңіз секілді тіл үйренуге құштар шетелдік жастар көп пе?
Такеши Номура: Қандай да бір тілді үйренбес бұрын адамда нақты мақсат болуы керек. Қазақ тілі – өте бай тіл. Оны үйрену аса жауапкершілікті талап етеді. Мен көбінесе аудиожазбаларды тыңдаймын. Өйткені, тыңдау арқылы әр сөздің қалай айтылу, қалай дұрыс қолданылуы керектігіне мән беремін. Қазақша сөздерді көбірек жаттауға тырысамын. Сол арқылы сөздік қорымды байытқым келеді.
Қазір біздің топта Қытай, Сингапур, Швециядан келіп, қазақ тілін үйреніп жүрген студенттер бар. Олармен тек қазақ тілінде сөйлесемін. Қала тұрғындарынан мекен жайды, аялдаманы, дүкенге барсам, тауардың бағасын қазақша сұраймын. Кездескен адамдарым барынша қазақша жауап беруге тырысады. Осылайша, қазақ тілінде сөйлесу арқылы өзімді дамытқым келеді. Бірақ, бір байқағаным – кейбір қазақ азаматтары өз тілінде сөйлемейді.
Мұны көргенде жабырқап қаламын. Қазақ тілі – өте әдемі тіл. Алдағы уақытта тілді жетік меңгеріп, көркем әдебиеттерді оқығым келеді.
Jas qazaq: Жапонияда технология қарыштап дамыса да, жастар кітаптан бас алмайтынын байқаймыз. Мұның сыры неде?
Такеши Номура: Біздің елде баланың кітап оқуына кішкентай кезінен ықпал етеді. Сондықтан әр жасқа арналған кітаптар өте көп. Кітап дүкені де жеткілікті. Жапон халқында «технология қарыштап дамыса да, адамның рухани дамуына тек кітап қана көмектесе алады» деген қағида бар. Сондықтан әрбір жапон баласы жастайынан кітапқа құмар боп келеді. Өйткені, өзіне керектінің бәрін кітаптан табады. Анам кішкентай кезімде мені де кітапханаға жиі апаратын. Оқудан жалыққан жоқпын. Бүгінгі жетістіктерім де соның арқасы.
Jas qazaq: Такеши мырза, қазақ тілімен таныстығыңыз қалай басталды?
Такеши Номура: Мені қазақ тілін үйренуге қызықтырған ақын Абай Құнанбаев болды. Жапонияда жоғары оқу орнында оқитын Жанна деген қазақ қызы болды. Жақсы танысым. Ол маған ойшыл ақын Абай туралы мақтанышпен айтатын. Біраз шығармаларын да оқып берді. Бос уақытында қазақ тілін үйретті. Бұл қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығымды оятты. Айтпақшы, Қазақстанға келмес бұрын бір жылдай Түркияда тұрдым. Түрік тілін үйрендім. Алматыға келгеніме жарты жылдан асты. Қазір Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде оқи жүріп көп нәрсеге көз жеткіздім. Қазақ тілі өте бай екен. Мағынасы да терең. Абай атамыздың:
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз, – деген өлең жолдары қатты әсер етті. Ақынның шығармаларынан терең философияны түсіндім.
Jas qazaq: Жапон мен қазақ халқының арасынан ұқсастық байқадың ба?
Такеши Номура: Менің байқағаным – екі ел мәдениетінің арасында жақындық бар. Мысалы, қазақтарда үлкен кісіні қатты сыйлайды. Төрге шығарады. Жапондар үшін де үлкенді сыйлау – ең басты қағида. Ал қонақжайлылық жағынан қазақ елі жапондардан басым екен. Әсіресе қонақтарға үлкен астаумен ет тартатыны ұнайды. Ұлттық тағамдарға да үйрендім. Қазақша ет пен ыстық бауырсақ сүйікті тағамыма айналды. Қазақ халқының өзгелерге үнемі көмек қолын созғысы келіп тұратын жақсы әдетін ерекше айтып өткім келеді. Ешкімді алаламайтын, шын ниетімен қарсы алатын қасиетін жоғары бағалаймын. Екі тілдің ұқсас жақтары бар. Ол етістіктерді қолдану реті. Мысалы, «мен мектепке барамын» деген сөз қазақ тілінде, жапон тілінде де солай айтылады. Яғни осындай грамматикалық жақын тұстары бар. Қазіргі таңда тілді одан сайын жақсы меңгеру үшін бар күшімді салып жатырмын. Болашақта елшілікте қызмет істеп, екі елдің байланысын нығайтқым келеді.
Сұхбаттасқан
Мақпал Ноғайбаева