jasqazaq.kz

Отандық экотуризм: Жаңа бағыт, қарышты қадам

Бүгін, 15:42

Жыл өткен сайын қаланың қым-қуыт тіршілігінен табиғат аясында демалып, таза ауамен тыныс алғысы келетіндердің қарасы көбейіп келеді. Соған орай жер-жерде экологиялық туризм құлашын кең жая бастады.

Экотуризм, аты атып айтып тұрғандай, демалысты қоршаған ортаға қамқорлықпен ұштастыру дегенді білдіреді. Мұндағы басты бағыт – сирек кездесетін жан-жануарлар мен өсімдіктерді қорғау, жергілікті тұрғындарға қолдау көрсету, сондай-ақ адам аяғы баспаған аймақтарды көзбен көру.

Экологиялық туризмді дамытуды қолға алған елдер тұмса табиғатты тамашалағысы келетін туристерге барынша жағдай жасауға тырысады. Бұл үрдістен Қазақстан да сырт қалған жоқ. Туристік бағыттар белгіленіп, осы салада жұмыс істегісі келетіндердің саны артуда. Соған орай еліміз экотуризмді белсенді түрде дамыту жолына қарышты қадам басты. Оған барлық жағдай бар. Әсіресе, қай аймақта да сырттан келгендерді таң қалдырып, тамсандыратын табиғи орындардан кенде емеспіз. Солардың ішінде Іле Алатау ұлттық паркі, Шарын шатқалы, Алтын Емел мен Көлсай көлдеріне қызығушылық жоғары.

Мәселен, өткен жылы Көлсай көлдеріне 457 мың адам келген. Статистикаға сәйкес, жұмыс күндері мұнда 2 мыңнан астам турист бас сұқса, демалыс күндері олардың саны алты мыңнан асып кетеді. Былтырғы маусымда Үндістан, Парсы шығанаы елдері мен Ресейден турист көп келген.
Дүниежүзінде теңдесі жоқ Шарын шатқалына арнайы іздеп келетіндер бар. Өткен жылы шатқалға келушілер саны 170 мыңға жуықтады.

Әлбетте, туристер үшін тартымды екен деп үйреншікті орындармен шектелмей, басқа бағыттарды дамытқан дұрыс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен туризм мен спорт министрлігі жаңа экотуристік бағыттарды дамыту бойынша жүйелі жұмысты қолға алды. Бүгінгі күні 750 шақырымнан астам жаңа экотуристік бағыттар абаттандырылды. Таяу жылдары маусым мен көлікке қолжетімділікті есепке алып, тағы 350 шақырымды қолайлы ету жұмыстары жоспарланған. Биыл негізгі деген тоғыз туристік бағыт құрылады.
Экотуризмді дамыту бойынша ұлттық парктердің заманауи инфрақұрылымы салынып жатыр. Қазірдің өзінде 15 визит-орталық пен глемпингтер ашылды. Дербес демалуға арналған аймақтар құрылды.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, визит-орталықтар төмендегідей орналасқан:
— Алматыда: Ayusai, Medeu, Gorelnik
— Ақмола облысында: Бурабай, Зеренді, Қорғалжын
— Алматы облысы: Түргенсай, Батан, Шарын
— Атырау облысы: Сарайшық
— Шығыс Қазақсан облысы: Өскемен, Қатон-Қарағай
— Жетысу облысы: Алтын Емел, Тополевка
— Маңғыстау облысы: Сартас

Экотуризмді дамытуда жергілікті тұрғындардың қосатын үлесі зор. Осыны ескеріп, Kazakh Tourism 2021 бері бірталай жұмысты қолға алды. Ауыл тұрғындары үшін қонақ үйдің жұмысын жүргізуге үйрететін екі күндік тренингтер өткізіледі. Оған қатысушылар бизнесті ұйымдастыру, туристерге қызмет көрсету стандарттары, сондай-ақ мемлекеттік қолдау жөнінде мағлұмат алады. Осы кезге дейін елдегі он аймақтағы 24 елді мекенде тұратын 496 адам әлгіндей тренингпен қамтылған.

Экотуризмді дамытудың жемісті қадамы ретінде Алматы облысындағы Саты ауылын үлгі ретінде қарастыруға болады. Мұнда қонақ күтетін 90 үй және 30 мейманхана жұмыс істейді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі туристік бизнеске тартылып, жұмыспен қамту мәселесі өз шешімін тапқан. 2010 жылы мұндағы тұрғын саны 1381 болса, қазір 1624-ке көбейген.

Саты Lonely Planet рейтингі бойынша 2020 жылы ең үздік туристік бағыт деп танылса, 2021 жылы «World Rural Tourism Oscar» лауреаты атанды. Ал 2023 жылы «Best Tourism Villages by UNWTO 2023 наградасын алды.

Алдағы уақытта Сатының экотуризмді дамыту үлгісін басқа ауыл-аймақтарда қайталауға мүмкіндік зор. Ниет болса, мемелекет тарапынан жан-жақты қолдау бар.

Наргүл Мырзахмет

Фото: Depositphotos.com

Бүгін, 15:42
Отандық экотуризм: Жаңа бағыт, қарышты қадам
Бүгін, 14:23
Есірткі кеселімен күрес – ортақ міндет
Бүгін, 14:14
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – басым бағыттың бірі
30 наурыз, 16:02
Күрежолды дамытудағы жаңа бағыт
29 наурыз, 12:17
Көмір генерациясы – өңірлердің даму драйвері
27 наурыз, 20:32
Астанада көктемгі жалпы тазалық жұмысы жүріп жатыр
27 наурыз, 16:24
Мақсат - сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру
26 наурыз, 14:08
Әлібек Молдакәрімов: Өңірдегі жобалар негізінен өңдеу өнеркәсібіне бағытталған
26 наурыз, 12:46
АЭС құрылысы: Дұрыстығы дәлелденген тарихи шешім