Әскери қызмет азаматтардың өз елінің, отанының алдындағы қасиетті парызы саналады. Кәмелетке жасқа толған азаматтарға күзгі шақыртулар таратылып, осы аптада шақыртылған азаматтардың бірінші бөлігі жіберіледі. Осы тақырыпты кеңінен тарату мақсатында «Жас қазақ» газеті Алматы қалалық қорғаныс істері жөнідегі департаментіндегі жинақтау орнына барып, әскерге кетіп жатқан азаматтардың жай-күйімен танысып қайтты.
Алматы қаласына қарасты барлық аудандардан жиналған болашақ әскерлер, осы пунктен соңғы рет тексерістен өтіп, әскерге аттанады. Бұл жинақтау орнынан көктемде мың азамат жіберілсе, енді тағы да мың азамат аттандарылмақ. Нақтырақ айтсақ осы жылдың өзінде Алматы қаласынан екі мың азамат әскер қатарына қосылуда. Әскерге аттанғалы жатқан азаматтармен тілдесуден бұрын, «Әскерге шақыру және келісімшарт бойынша» басқрма басшысы Фархад Қалибекұлының пікірін білуді жөн көрдік.
Фархад Құрманғажинов: Алматы қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, әскерге шақыру және келісімшар бойынша жинақтау орнының басшысы
Бұл мекеме Алматы қаласы қорғаныс істер жөніндегі департаменті деп аталады. Соның ішінде қалалық жинақтау пункті бар. Осы жерге Алматы қаласындағы сегіз ауданнан өткен балалар жиналады. Біз оларды қайтадан медициналық тексерістен өткізіп, қайта бақылау өтеді. Барлық балаларды тексерістен өткізіп болған соң пойызға апарып әскер қатарына жібереміз. Қыркүйек айында біз тек шекара қызметіне жіберсек, қазан айында қаурулы күштеріне жібереміз. Ал, қараша – желтоқсан айларында бұрынғы ішкі әскер яғни ұлттық грардияға жіберіледі. Дәл қазір балалар тексерістен өтіп жатыр, содан кейін Алматы облысы және Күршімнің шекара қызметінен аранайы әскерге алып кету үшін келген адамдар олармен сұхбаттасады. Қажет болса ата-аналарына хабарласады. Егер де барлық талаптардан өтіп жатса, біз оларды топқа кіргізіп билет жазып шығарып саламыз. Қалалық жинақтау орнының жұмысының мақсаты осы.
Қазақстан бойынша бізде осындай 16 департамент бар. Қорғаныс министрлігінен арнайы тапсырыс беріледі тізім бойынша. Бұл дегеніміз осы күздің өзінде 16 мың азамат әскер қатарына қосылады деген сөз.
Әскерге барғысы келетін жастар көп
Қазір бізде әскерге барғысы келетін балалар көп. Бұл қуантарлық жағдай әрине. Содан кейін мемлекеттің талабы да осы, жастарды әскер қатарына қосу. Өйткені әскери сала жастарды Отан алдындағы борышын өтеуден бөлек жақсы тәрбие де береді.
Қазір бізде әскер қатарынан бөлек әскери мектептер де бар. Совет үкіметі кезінде бұндай мектептерді ДОСАП деп атаған. Сонымен бірге әскери тегін курстар ашылған, ол жерде біз көлік жүргізушілер мен байланыс қызметкерлерін дайындап жатырмыз. Болашақта дәнекерлеушілерді және көлік жөндеушілерді дайындаймыз деген жоспарымыз бар. Мұның барлығы тегін оқытылатын болады. Содан кейін бір жылға әскер қатарына барып борышын өтейді. Сол мамандығы бойынша әскери салады қызмет етуіне де болады.
Үгіт – насихат жұмыстары маңызды
Біздің департамент 16-17 жасқа дейінгі балаларға үгін-насихат жұмыстарын жүргізеді. Ол үшін біз мектептегі АӘД (Алғашқы Әскери Дайындық) пәнінің мұғалімдерімен тығыз жұмыс жасаймыз. Одан бөлек жыл сайын бізде көктем мезгілінде «Айбын» конкурсы өтіп тұрады еліміз бойынша. Ол жерде мылтық ату, автоматты шашып жинау және басқа да интельектуалдық жарыстар өткізіледі. Оған арнайы біздің қалалық әкімдік қаржы да бөледі. Ол қаражат балалардың барып келуіне және жататын орындарына жұмсалады. Бұл өткізілетін іс-шара да жасөспірімдерді қызықтыратыны сөзсіз. Біз осылайша жан-жақты жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Басқарма басшысының пікрін тыңдап болған соң, медициналық тексерістен өтіп жатқан балаларға бет алдық. Барлығының жастары шамалас. Бір-бірімен танысып та үлгерген сыңайлы. Ұзына бойы дәлізде бірнеше есік. Әр есікке кезек – кезегімен қолындағы құжаттарын алып кіріп жиырмадан аса жігіттер кіріп жүр. Әр бөлмеде дәрігерлер әскерге барушыларды тексеруде. Сәті келген кезде суретке де түсіріп үлгеріп жүрміз. Кезектен шыққан екі жігітке «Жас қазақ» газетінен екенімізді айтып әңгімеге тарттық. Бірінші болып Сұғат есімді жігітпен таныстық. Жасы 23 Жетісу ауданынан келген. Сұңғаттың мінезі өте салмақты, өзін байсалды ұстайды. Әскерге барамын деген талпынысы да керемет. Спортшы екені сұрамасаң да дене бітімінен көріп тұр. «Ел тыныштығы – отбасымның тыныштығы» деген мақсатта әскерге бармақшы екен.
Сұңғат Ержан: Әскерге аттанушы
Мен әскерге өз қалауыммен бара жатырмын. Оған бірінші себеп Отан алдындағы борышымды өтеп және қорғау болып табылады. Екіншіден Алла қаласа сол әскери салада қызмет атқарсам деген мақсатым бар. Негізі Отан алдындағы борышын өтеу әрбір азаматтың парызы. Ал әскери салаға қызығушылығыма әкем себеп болды. Өйткені әкем Ауғанстанда Отан алдындағы борышын өтеген және Ауған соғысының ардагері. Сонымен қатар өзімнің туған ағамда өз борышын өтеген. Мен әкемді де ағамды да мақтан етемін. Мен ойлаймын әскери сала ер азаматты тәрбиелеп қана қоймай ұқыптылықпен жауапкершілікке үйретеді.
Сұңғат осылайша әке жолын қуып, ағасына еліктеп Отан алдындағы борышын өтемек. Әскери салада қызмет етуді де алдына мақсат етіпті. Содан кейін 20 жастағы Дінмұхаммед есімді жігітпен сөйлестік. Ол Алатау ауданына келіпті. Айтуынша үйдің жалғызы болса да ата-анасының разылығымен кетіп жатыр.
Дінмұхаммед Асқарұлы: Әскерге аттанушы
Әскерге барып өз елін қорғау әр жігіттің борышы. Мен де өз борышымды өтеуге баражатырмын. Келешекте әскери салада қызмет жасауым уақыттың еншісінде, сондықтан ең бірінші өз міндетімді орындағым келеді. Мен үйдің жалғызымын, әскерге баруыма ата-анам қарсылық білдірген жоқ. Керісінше «әкеме мен әскерге барып Отан алдындағы міндетімді орындағым келеді» — деп айтқанымда көздерінен қуаныш байқадым. Сол әкемнің қуанышы маған ерекше рух берді. Әскерге бару мен үшін бала кезімнен арман болған, және басқа жігіттерде өз борышын өтесе деймін. Өйткені әскер адамды көп нәрсеге үйретеді.
Отан алдындағы борышын өтеуге және ел тыныштығын сақтауға бара жатқан жігіттерді ұлттың ұландары деп айтсақ артық емес болар. Өйткені бұл ұландар тәртіпке бағынып құл болмайтынын дәлелдемек және мақсаттары да айқын. Еліміздің Тәуелсіздігімен жеріміздің бүтіндігін сақтауға, Отанымызды қорғауға әзір осындай жастар көп болсын!
Руслан Достаев