Қостанай тұрғыны Гүлнәр Есмағамбетова 7 маусымда ірі көлемде ақша жоғалтқан.
Ол бірнеше минуттан соң ақшаны жоғалтақан жерге қайтып келсе, ақша орнында болмаған. Сол жерде көлік ішінде екі жігіттен басқа ешкім болмапты.
Гүлнәр дүкенге кірмек болғанда ақшасын жоғалтып алады. Дүкенде ақшасының жоғалғанын біліп, дереу сыртқа шыққан. Бірақ ақшаны таба алмайды.
«Жақын жерде бір көлік тұрды. Ішіндегі екі жігітке барып, «ақша тауып алмадыңдар ма?» деп сұрадым. Олар көрмегендерін айтты. Кейін полицейлер камера арқылы тексерді. Таспада екі жігіттің ақшаны алғаны айқын көрінеді.», – дейді қала тұрғыны.
Полицейлер күдіктілерді әлі тапқан жоқ.
Жәбірленуші полицейлерден өзге ғимараттың бақылау камерасын тексеруді сұраған. Ол таспадан көліктің нөмірін көруге болады.
«Бұл менің ақшам емес. Мен қарыз болып қалдым. Оны қайтару үшін несие алдым. Жоғалған ақшаны қайтаруын сұраймын. Сыйақысын берем», – дейді жәбірленуші.
Бұл іс бойынша облыстық ІІД-не сауал жолданды.