Ортақ іс-қимыл мен өзара қолдау – өркендеуге апаратын жол

16 мамыр, 13:19

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл басқосу Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы Консультативтік кездесуіне дайындықтың маңызды кезеңі саналады. Ол жиын 9 тамызда Астанада өтеді. Сондай-ақ Қазақстан ұйымның биылғы төрағасы ретінде алдағы саммиттің әлеуетін нығайту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Мемлекет басшысы заманауи сын-қатерлердің көбі трансшекаралық сипатқа ие екенін атап өтті. Оларға қарсы тұру үшін күш-жігер біріктіру қажет.

«Бұл жерде, ең әуелі, халықаралық экстремизм мен терроризмге, есірткі тасымалына, қару-жарақ саудасына қарсы күрес туралы сөз болып отыр. Осы орайда Ауғанстанға баса мән беруіміз керек. Бұл елде күрделі әрі түрлі бағыттағы процестер жүріп жатыр. Онда белгілі бір деңгейде тұрақтану, экономикалық жағдайдың жандану белгілері бар екенін мойындау қажет. Екінші жағынан, халықаралық террористік ұйымдардың белсенділігіне байланысты қауіп-қатердің жоғары деңгейі сақталып отыр. Бұған Мәскеу облысында жұртты қанға бөктірген лаңкестік әрекет дәлел бола алады. Біздің ойымызша, Ауғанстанды өңірлік байланыстарға белсенді тарту – дәл қазіргі кездегі стратегиялық міндеттердің бірі. Мұнда көп нәрсе біздің елдеріміздің үйлесімді ұстанымына байланысты. Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу өзекті мәселе деп санаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Аймақтық кооперацияны дамыту жөніндегі «Орталық Азия – 2040» стратегиясы әзірленді. Өңірлік тығыз қарым-қатынастың басымдықтары, ең алдымен, бесжақты ықпалдастықты кеңейтуге және Орталық Азияның халықаралық субъектілігін нығайтуға бағытталған. «Бұл құжатты Астанадағы саммит барысында қабылдаудың өңір үшін концептуалды мәні зор болатынына сенімдімін» деген Мемлекет басшысы осы құжаттың стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеретініне сенімді екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев достық, тату көршілік және одақтастық рухындағы өңірлік ықпалдастықтың деңгейі жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, ынтымақтастық тек өңір ішінде ғана шектеліп қалмайды.

«Шетелдік серіктестермен жан-жақты байланыстар жоспарлы түрде нығайып келеді. Өздеріңізге мәлім, әлемдік ойыншылар «Орталық Азия +» форматындағы белсенді ықпалдастыққа зор қызығушылық білдіріп отыр. Былтыр өткізілген кездесулердің (Орталық Азия – Еуропа Одағы, Орталық Азия – ҚХР, Орталық Азия – АҚШ, Орталық Азия – Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі, Орталық Азия – Германия) қорытындылары – соның айқын дәлелі», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті жиынға қатысушыларды аймақтағы елдерді бір-біріне қарсы қоюға және оларды араздастыруға тырысушы бөгде күштерге бірлесіп қарсы тұруға шақырды.

«Біз мұндай тәсілдер мен әрекеттерге ашық қарсымыз. Бұған күмән болмасын. Жалпы біздің елдеріміз арасында өзара оңтайлы шешім таба алмайтын мәселе жоқ және болмауға тиіс. Тек ортақ іс-қимыл синергиясы мен өзара қолдау бауырлас халықтарымыздың өркендеуіне жол ашатынына сенімдімін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстандағы су тасқыны кезінде бауырлас халықтардың тілеулестік танытып, көрсеткен көмегі үшін сіздердің елдеріңізге шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Біз мұны жоғары бағалаймыз және оны шынайы достықтың, тату көршіліктің және өзара қолдаудың айқын дәлелі ретінде қарастырамыз», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі кездесудің қорытындысы Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

«Біз ахуалдың ынтымақтастықты дамыту және өзара сенім бағытына қарай түбегейлі өзгергенін ерекше атап өтеміз. Осыдан 10 жыл бұрын Орталық Азия өңірінде мұндай жағдай болған жоқ деп нық сеніммен айта аламын. Экономикалық ведомстволарды басқаратын тұлғалардан бөлек, қазір мемлекеттер басшылары, үкіметтер мен күштік құрылымдардың жетекшілері, қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасайды. Бұл Орталық Азия аймағындағы жағдайдың орнықты даму бағытына түскенін көрсетед», – деді Мемлекет басшысы.

Жиынға Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов, Қырғызстан Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Марат Иманкулов, Тәжікстан Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Насрулло Махмудзода, Өзбекстан Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Виктор Махмудов және Түрікменстанның Қазақстандағы елшілігінің әскери атташесі Аннамырат Ягмыров қатысты.

JQ-Aqparat

Суреттер: aqorda.kz

26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында ұздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 17:38
Түркістан: Есірткіге қарсы профилактикалық шаралар қарқынды жүріп жатыр
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды
23 шiлде, 11:56
Түркістан: Шардара ауданында профилактикалық іс-шаралар жалғасуда
22 шiлде, 14:26
Түркістан: Жетісай ауданында қауіпсіздік іс-шаралары өтуде