Орны бөлек, ойы ерек Аяған еді

18 қараша 2022, 12:07

Дүниеден ерте озған кинорежиссер Аяған ШӘЖІМБАЕВ туралы сыр

Халыққа киноактер, режиссер, сценарийші ретінде жақсы танымал болған Аяған Шәжімбаевтың университет (ҚазМУ) қабырғасынан көз майын тауысып оқып алған білімі – «журналист» мамандығы. Ал енді журналистикаға ол қалай келді? Бәрі Қараталдағы орта мектепті бітірген соң «Ленин туы» (Петропавл) газетінде қазақстандық жаңа фильмдерге жиілетіп сын-пікірлер жазудан басталған сыңайлы. Осындай жастық шығармашылық энтузиазмі Аяғанды Алматыға алып келеді.

Әуезов атындағы академиялық театрдың 2 жылдық актерлік курсына түсіп, кейін әйгілі театр режиссері Райымбек Сейітметовтың шеберханасында тағы екі жыл театр-кино шеберлерінен дәріс тыңдайды. Аяулы жары Алмагүлмен осы оқу орнында танысады, табысады. Жас жұбайлар кейінгі отбасылық өмірінде жұптасып, театрда актерлік қызмет істейді. Содан Аяған алғаш рет 1978 жылы «Транссібір экспресі» фильмінде паравозшының рөлін сомдайды… Жас дарын «Вонг ханымның құпиясы», «Шоқан Уәлиханов», «Арман-атаман», «Түрксиб», «Біздің Ғани» сияқты он шақты көркем және деректі фильмдерге редактор бола жүріп, қысқа көріністердегі кейіпкерлер рөлдерін ойнап үлгерген. Аяған Шәжімбаевтың «Алжир» көп сериялы деректі фильмі мен «Жансебіл» көркем фильмі қазақ киносына жаңа есімнің қосылғанын айғақтағаны да ақиқат. Оның еңбектерін саралаған, бағалаған жазушы-журналистердің, әйгілі кино сыншылардың жазғандары БАҚ бетінде әр мезгіл жарияланып та келеді. Сондықтан да Аяғанның есімін өнер сүйер қауым ұмытпайды, егер ол арамызда жүрсе, қарашаның 25-інде 70 жасқа толар еді.
Курстың топбасымен журфактің соңғы екі курсында бірге оқыдық, университетті бірге тәмамдадық. Аяғанның өмірдегі кинокадрлар іспетті кейбір үзік оқиғалары санамда өшпей жүруші еді, жариялаудың орайы бүгін келгендей…

«Қазақфильм» ықшам ауданы. №24-ші үй

…Шағын ғана «Қазақфильм» ықшам ауданында барша жұрт бал арасынша үймелеп «құж-құж» боп қалатын бір мекен болушы еді. 70-інші жылдардың аяғы, 80-інші жылдардың басы. Ол – кәдімгі кеңестік үкіметтің халық үшін әр бұрыштан арнайы ашып қоятын сыраханасы-тын.
Аяғанның ауылы сол жақта… Бірінші барғанымда әлгі сыраханадан кәдімгі қырғыздың атақты киноактері Бейшенәлиевті көріп аузым ашылып қалды. Тек кеңестік қызықты кинофильмдерден ғана түр-түсін көретін атақты «киножұлдызын» тірідей көру, қолын қысу қандай бақыт десеңізші?! Аяғанның арқасы… Қапсағай денелі, бұтына нағыз америкалық джинси киген Бейшенәлиев қасындағы бірнеше жігітпен жарқылдай күліп іштен шығып келе жатты. Үш курстас – Болат, Аяған және мен «омарта-аулаға» кіргеніміз сол, «Бейшенәлиев» деген Аяған кілт солай бұрылып, дауыстап сәлемдесті. Айқара құшақтасты. Біз қол беріп амандастық. Болат үнсіз. Аяған еркін. «Бұндай жұлдыздар «Қазақфильмге» көп келеді. Бәрімен таныспын. Түс ауа осы суатқа құлайтындары бар» деп күлімдеп қойды сонда Аяған. Ықшам аудан мен киностудия арасын бөліп жататын автобус жолының дәл бұрылысында орныққан бұл сыраханаға сыраға құмарлығым болмаса да, «жұлдыздарды» көруге ынтыққан құмарлық Аяған мен Болатқа ілестіріп, әлденеше рет алып келді. Олялин, Табаков, Жигарханян деген кеңестік «кино жұлдыздарды» алғаш рет жақыннан көру бақытына осы сыраханада ие болдым. Қызығы, осы сыраханадан қазақтың «кино жұлдыздарын» бір рет те көрмеппін…
Сырахананың айналасындағы дөңкиіп жатқан дәу-дәу қойтастардың біріне газет төсеп жіберіп үшеуміз ұзақ сонар әңгімеге кірісер ек.

– Мынау Үлкен Алматы өзенінің сел айдап келген таудың дөң тастары ғой. Бір заманда осы жерден алапат сел жүріп өткен, құдай сақтасын!

«Вонг ханымның құпиясы» фильмінен кадр

«Вонг ханымның құпиясы» фильмінен кадр

Бұл – біздің топбасшымыз Аяған. Жалпы екеуінің де қала тұрғындары деген атау-өтілі басым. Сондықтан да Алматы туралы менің аузым жабық. Тыңдаушымын. Сөз – екі досымда.

– Дипломды алған соң сенің де Алматыға келуің керек, Аяш, мына балаға жұмыс іздей берейік! Алматыға қайта орал…– деген Бөкемнің аузына алдымен, әрине, өзінің теңдессіз «Қазақ радиосы» түседі.

– Шымшықбаевичтің (Аяған жан досы Болат Оңғарбаевты әкесінің атымен әркез жаңылыспай әрі осылай жиі айтатын) жанына барсаң, қарның да тоқ, қаламақың да қалтаңа сыймай жүреді…
Өзіміз куә, сол тұста Бөкеңнің бір айлық қаламақысының өзі шынында да 1000 сомнан асып жығалатын. Шіркін, «Қазақ радиосы!»

– Мынандай бес қабатты үйден бұйыртып пәтер алып алсаң, тіпті тамаша!
Есімде қалғаны тура бұрылыстан №100-ші автобус ыңыранып, дарылдап өткен сайын біз жалт қарағанда үйдің бүйіріндегі «24» цифры көзге оттай басылатын. Әңгімесін одан ары гүлдендіріп жіберетін Аяғанның айтқандарынан соң: «Шіркін, Алматыда, мынандай бес қабатты үйде («№24!») пәтері барлар қандай бақытты жандар болды екен!? Шіркін, шіркін!..» деген арман араласқан тәтті ой санамнан сан рет сырғи өткені де өтірік емес!

…Құдайдың құдіретімен, дәл осы қойтаста отырып, анда-санда көз салып, қызығып отыратын №24 үйдің бесінші қабатынын… дәл маған екі бөлмелі пәтер бұйырды емес пе? Ертегі дерсіз! «Қазақфильмдегі» сол пәтерде балалар ержетіп, етек жиғанға дейін, яғни 17 жыл тұрдым емес пе?!

Ираннан әкелген 500 сом ше?!

Орай келгені де, менің Ұзынағаштағы екі бөлмелі пәтеріме Алматыдан 2 бөлмелі пәтер айырбасқа түсті. «Қазақфильмнен!» Бұл енді «білем» деушілердің айтуынша, иә, ауылдан қалаға үй ауыстыру құбылысы ілу де бір өте сирек кездесетін оқиға екен. «Ауылға» көшуші отбасы пәтер үстіне 2500 сом сұрады. Оңай да ақша емес! 2000 сомын бердік. Кірпияз жан екен, әлгі 500-ді берген күні ғана пәтерді босататыны, өйткені «қарызға қатты батып қалғаны» туралы ескертті. Айлығым 180 сом, мемлекет мүддесі үшін ұстағанда қолыма таза тиетіні 150-дің төңірегі, енді, ең кем дегенде үш ай «аш отырып» ақша жинауымыз керек. Көбірек мақала жазып, қаламақыны молайтайын десең, газетте радиодағыдай емес, қаламақың көбейген сайын айлығың азаяды. Салық өседі. Жас баламен үйде отырған әйелімнен қайыр жоқ. Соған қарамастан, «Қазақфильмнің» иығындағы «Алатау» кеңшарының ықшам ауданға жақын жерінен жер үйден жай тауып көшіп кеп алдық. Өйткені ордер қолда. Ақпан айы еді. Жайлы пәтерден кейін жер үйдің сызы бірден сезілді…

Жеті түнде Аяған жетіп келіпті. «Тез киін, шұғыл шаруа бар, барып келе қояйық!» Жаяу жүруді жанындай жақсы көретін Аяш емес пе, дедектетіп «Қазақфильмнің» «100, 31, 56» деген автобустары атбасын тіреп тыныстайтын соңғы аялдамаға алып келді. Осы жерден таксиге отырдық.

Аядай ғана екі бөлмеде тұратын жас отбасы Аяғанды көргенде кәдімгідей қалбалақтап, қуанып қарсы алды. Досым ішкі бөлмеден жүгіріп шыққан балақайды төбесіне көтеріп, бетінен сүйді. Үй иелері хал-жағдай сұраса жүріп, дастарханын жайып үлгерді. «Мынау менің жан досым, «Жетісу» газетінің тілшісі… (Сөз арасында «мықты журналист» дегенді қосып қоюды Аякем еш ұмытпайтын!)» «Мынау менің інім, талантты жас кинорежиссер, болашағы алдында… Күні кеше Иранда өткен Азия мен Африка кинематографистері байқауында жүлделі бірінші орынды жеңіп алды…» Менің өз басым түнгі тосын жорығымыздың сырына әлі жете алмай көңілім күпті күйде отырған жайым бар. Алғашқы кесеге ерніміз тигенде Аяған сөз бастады: «Алматыдан пәтер алудың қиындығын білесіңдер ғой, мына досым біздің ықшам ауданнан мынандай деген екі бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Ордері қолында. Соны… үйге кіруге бір техникалық себепке қатысты 500 сом керек болып тұрғаны, саған әдейі ертіп келіп отырмын… Бізге осы қазір
500 сом бер».

Досымның тосын «сыйын» күтпеген мен әрі өте қатты ыңғайсызданғаннан шығар табаныммен шоқ басып алғандай «шар» ете түсіп ем, тіземді басты. «Өзімнің інім деп келіп отырмын. Бөтен біреуге мен де аттап баспаймын ғой! Менің інім болған соң, саған да бөтен емес, сөзді қой!»
«Ортақ» ініміз сөзге келмеді, орнынан тұрды, әйелінің де түрі бұзылмады. Екеуі жадырап жүрген бойы төргі бөлмеге кіріп, 500 сомды әкеліп Аяғанның қолына ұстатты. Аз ақша емес! «Ал керек болса!» Қоштасарда «Ақшаны маған бердік деп ойлаңдар, маған!» деген Аяған досым, «Енді Көк базардың түбіндегі конфет фабрикасындағы пәтер иесіне тарттық» деді. «Бәрін біледі!..»
Жеті түнде қолына 500 сом тиген Имінжан көкем «Неге, сонша асығыс…» дей жүріп, менің қолымды қысып тұрып: «Ертең сағат 10-ға қарай көшіп келе беріңдер. Балалар түнімен жатпай, бөлмелерді жуып, тазалап, заттарын алып кетеді» деді.

«Жаушы» фильмінен — оң жақта Аяған Шәжімбаев

«Жаушы» фильмінен — оң жақта Аяған Шәжімбаев

Менің қуанышым өз алдына, сондағы Аяған бауырымның қуанышын көрсеңіз… Қайран жүрегі даладай, көңілі баладай Аякем-ай!..

Мамырдағы «ақ боран…».
Айдос «Алжирге» қалай түсті?

Аяған Талғат Айтбайұлы екеуі бір күнде Түлкібасқа аттанды да кетті.
Тәкеңе жақындығы бар әрі атақты сынықшы 100 жасаған, ұмытпасам, есімі Қоштай ақсақал туралы Аяған Шәжімбаев екеуі «Бәйтерек» деген тұңғыш рет өздері-өз боп деректі фильм түсірді. Екеуінің де қуанышында шек жоқ… Фильмді дуалы ауыздар мақтады. Жаппай, жатпай құттықтадық! Сол сол екен, кино өнерінің басы-қасында жүріп, тәжірибесін молықтырған Аяған Шәжімбаев журналист Армиял Тасымбекұлы екеуі репрессия кезінде жазықсыз жазаланған қазақ боздақтарының әйелдері туралы көп сериялы «Алжир» фильмін бастап кетті. Уақыт тапшы, жер қарайып күн жылып, Алатау баурайы көкмайсаға малынып тұрған мамыр еді. Аяқ астынан менің екіден жаңадан асқан ұлым Айдосты ертіп, бәріміз киностудияның арнайы автобусымен Алма-Арасанның баурайын қуалап, жоғары өрледік. Жер дүние жіпсіп жатқан, бірақ мына алаңқайда «тоқымдай» әппақ қар қалыпты. «Бізге керегі осы» деген Аяған қызынып іске көшті.
– Айдосқа суық тигізіп алып, Бағдат пен Алмадан таяқ жеп жүрмесек болды, – деп, қарқылдай күліп алған режиссерім дереу балақайдың аяғын шешіп, табанына кішкентай құтыдан май алып жақты. Үстіне жағасыз жұпыны балалар жейдесін кигізді. Екі жарымнан асып қалған балақайым сөйлей де, айтқанды жақсы түсіне де алатын. Бөтелкеден су құйып, балақайдың көз алдын сулап қойды. «Кәне, апа…» – деп айқайлашы дейді. Маған бір қарап күнде көріп жүрсе де, мұндай мінез танытпаған «режиссер» ағасына бір қарап «Апа-ааа…» деді Айдос. Аяған өте балажан болатын. «Ү-ү… Құдай-ай, құдай-ай, болды, болды! Біз дайын! Жігіттер!…»
«Мотор!» дейді де қолтығынан кішкентай актерді қардың үстіне қоя береді. Ол жүгіреді… «Апа-аа…» деп айқайлайды. Аяған режиссер мәз. «Әкесі сияқты тез, көрдіңдер ме, тез жүгіреді…» Шана үстіндегі камера мен операторды екі жігіт сүйреп үлгергенше Айдос зулап кеп, «апалап» кадрдан шығып кетеді. Жерден іліп алып, шапанының омырауын ашып жіберіп қойнына салып, автобусқа жүгіріп кірген бойы «актердің» аяғын ысқылап, термостың қақпағын ашып жіберіп, кәмпит пен ыстық шәй беріп, қолды-аяққа тұрмай жүрген Аяғаным әлден уақытта, түсіру тобын автобусқа айқайлап шақырды: «Айналайындар, екі жарым жасар баланың соңынан жүгіріп үлгере алмайсыңдар, ертең қасқыр шапқан эпизодты қалай түсіреміз, а?! Кәне, тез жиналыңдар! Менің даусым шыққан сәтте жандарыңды салмайсыңдар ма!»

Аяған мен Армен Жигарханян

Аяған мен Армен Жигарханян

Үшінші «дубль» дегенде керекті үзікті түсіріп үлгергендейміз…
– Кеше Сұлушаштың (сүйікті кенжесі) көзін осылай суға шылап, тікенек сымның арғы бетіне тұрғызып «Апа, апа…» дегізіп керемет кадрлар түсіріп алдым. Бүгін Айдос! Бұл екі балақай менің фильмнің ең динамикалық әдемі әрі әсерлі көрінісін жасап тұр! Үнемі ой үстінде, соған қарамастан, үнемі айналасына сергек көңіл бөліп жүретін Аякең риза! Режиссер риза!
Сол жылы мамыр айында Аяған-профидің шеберлігінің арқасында Арқаның (Ақмоланың) арқыраған ақ боранын Алатауда түсірдік! Шеберлікті айтсаңызшы! «Алжир» деректі фильмінде «апалап» жалаң аяқ, жалаң бас қасқыр үйірінен бала қашқан эпизодты әрбір көрген сайын, мынау баяғы Алма-Арасанның қойнауындағы Аяғанның «мастер-классы» ғой деп отырамын.

Енді… шекілдеуік шақпайтын шығарсың?!

Аузынан «динамика-қозғалыс» деген сөз тіркесі түспейтін… «Кинодағы құрылымда әрдайым динамика болмаса, ол – фотография» деп қолын көтере дауыстап қоюшы еді. Аттарын атамай, аға әріптестеріне ренішін білдіргенін де талай естідім. «Саған оның қатысы жоқ, жазып жіберме… өздеріне, көздеріне айттым!» дегені де бар. Аяғанның өзі де болмысы жағынан үнемі қозғалыста жүретін іс-қимылдың адам-тын. Келіншектерді ертерек автобусқа сап жіберіп, екеуміздің бір сағаттан аса асықпай жүріп Талғаттың үйіне әлденеше рет жаяу барғанымыз есімде! «Қазақфильмнен» шығамыз, Әл Фараби көшесін бойлап Есентай өзеніне дейін барып, өзенді жағалап төмен қарай жүріп отырып, Төле биден өтеміз. Талғат Айтбайұлы сол жердегі журналистерге арнап салынған 12 қабатты зәулім үйдің оныншы қабатында тұрады… Шаршауды білмейтін, алқынбайтын, әрдайым жарау аттай желіп, тың жүретін Аяған! Бірде қызық болды!..
– Мен саған өмірдің шынайы киносын көрсетейін, – деген Аяғанға ілестім. Аяңдап, киностудия жаққа шықтық. Алмагүл сонда монтаждау аппаратында жұмыс істейді. Бір жерде дубляж, бір жерде дайын өнімді үлдірге қаттау дегендей сапырылысқан іс, кең студияның бар бұрышын Аяғанмен бірге жүріп танысып та, көріп те шыққан ем. «Байқампаз досым тағы не қызық тапты?…»

\

Ықшам аудан мен Аяғандар тұратын киностудияның жатақханасы арасындағы қоршауды жағалай созылған қуықтай жалғыз тар жол жататын. Жолды қысқарту үшін әлгі қоршау бетонның кісі сиятындай етіп арнайы ойылған тұсы болушы еді, екеуміз сол жерге келіп аялдадық. «Ал енді асықпай анау шекілдеуік сатып отырған атаңа қара!» «Оның несі қызық, атамызды жыл-он екі ай, күнде осы арадан көріп жүрміз ғой?» «Қара, қара… асықпа!» Әлгі қуықтай жолда қысы-жазы шілдің қиындай қара шекілдеуік сатып, қазанның түп күйесіндей қап-қара, қоңқақ мұрын, түсініксіз сөйлейтін, көзі жылтыраған, өзі бұлдырықтай ғана қарт отыратын. Бұл төңірек түгел таниды. Желтоқсан. Ызғары бар… Тесіле қарап тұрмыз. Қуықтай жолдың екі басынан осылай бет алған кісі қарасы көрінбесе, атамыз асықпай пимасын шешіп, шұлғауын бүктеп, қасындағы күпәйкеге жасырды да, жалаң аяғын шарадағы қуырылған ыстық шекілдеуікке сала қояды екен. Алыстағы екі бұрыштың қайсысынан кісі сұлбасы көрінсе, дереу аяғын шекілдеуік толы буы бұрқыраған шарадан алып, киіз етігін қоңылтаяқ кие қояды. «Ы» операциясы бетон тесіктен сығалаған біздің көз алдымызда әлденеше рет қайталанды.

…Аяған екі көзінен жас шыққанша күліп келеді. Мен де күлкінің астындамын. Арасында «Енді бұл атаңнан шекілдеуік сатып алмайтын болдың ғой!» дейді. Кенет «Режиссурасыз, сценарийсіз, қосымша актерсіз қойылған киноны тамашаладың! Кино – өмірдің шындығы, осындай болуы керек», – деді күлкісін тыйып, ойлана.

«Жансебіл» фильмінен кадр

«Жансебіл» фильмінен кадр

1992 жылы Қазақстанның бір топ өнер иелерінің қатарында Президент қабылдауында болған Аяғанның кинодағы елеулі еңбегі алғаш рет айрықша дәріптелді. Мұндай қуанбаспыз! Жаңадан салынған «Мамыр» ықшам ауданынан 4 бөлмелі пәтердің кілті қолына тиді. Жүрегіміз жарылды!..

Ойлау орбитасы өзгеше асыл азаматтың арманы көп еді. «Мен қазақ кино индустриясында төңкеріс жасаймын!» дейтін жігерлене. Жасай алатын да еді, талант та, тәжірибе де жетімді еді. Аяғанға өмір жетпеді! Өкініштісі, сол!

Талғат СҮЙІНБАЙ,
Алматы

30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары
30 қыркүйек, 16:04
Түркістан: Жастарға заңгерлік кеңес берілді
30 қыркүйек, 16:03
Түркістан: Қылмыс пен жаза
30 қыркүйек, 13:20
Түркістан: Полиция жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
30 қыркүйек, 12:55
Назерке Тәнекеева: Қолдау бар. Тек тәуекел етіп, кәсіп бастау керек
29 қыркүйек, 22:52
Су үнемдеудің сәтті тәжірибесі
27 қыркүйек, 16:46
Түркістан: Жан-жақты іс-қимыл - мал ұрлығына тосқауыл