Олардың жеңілісі — сеніп қалғандығы

02 қараша 2018, 17:02

Қазақ жерінде келмеске кеткен, тарихы тамсана айтуға тұрмайтын комсомолдың бір ғасырлық тойы дүркіреп аталып өтті. Алайда тәуелсіз еліміздің тарихына түк қатысы жоқ, керісінше ұлтымыздың ұрпағына зиян келтіріп, зиялыларымызды зынданға салып, оққа байлаған ұрда жық ұйымның бұл мерекесіне түбегейлі қарсылар да табылды. Осылайша ел ішінде пікір екіге жарылды. Аға буын «комсомол – біздің жастық шағымыз, онда тұрған не бар?» деп тойдың көркін қыздырғысы келсе, жастар жағы «бұл – келмеске кеткен кеңес дәуірін аңсағаннан басқа ештеңе емес» деп салды.

Шын мәнінде, бұл шара шаңырағымызды шайқалтпаса да, қасиетті Қазақстанның жас ұрпағының рухын түсіретін, намысына тиетін жағдай екені даусыз. Халқымызды қанға бөктіруге, көсемдерімізді түрмеде шірітіп, ақыры ату жазасына кезекке қойған кеңес үкіметінің сойқан саясатын жалғастырушы комсомол туралы не айтуға болады? Қалай десек те осы тақырып аясында белгілі тарихшы-ғалым Талас Омарбековтің пікіріне жүгінгенді жөн көрдік.

Jas qazaq: Талас аға, комсомолдың 100 жылдығын тойлау науқанға айналып кеткендей әсерде қалдырды. Бұл ұлтымыздың басынан кешірген қасіретті ұмыттыру ма, әлде тәуелсіз тарихымызды ескермеу ме?

Т.Омарбеков: Бұл Қазақстанда ғана басталған шара емес. Алдымен Мәскеуден басталды. Думада отырған депутаттар арасында коммунистер көп. Тіпті Ресейдегі коммунистік партияның қызметі де қып-қызыл оппозициялық бағыт ұстанған. Жетекшісі анау-мынау емес, Геннадий Зюганов деген өте білімді, қайраткер тұлға.

Jas qazaq: Дегенмен Ресей біздегі сияқты дүркіретіп атап өткен жоқ қой?

Т.Омарбеков: Олай дүркіретпейтін себебі Ресейде коммунистік қозғалыс өте күшті. Мұндай мереке-мейрам күнде болып тұрады. Тіпті қандарына сіңіп кеткен деуге де болады. Оған мән беріп жатқан ешкім жоқ.
Көрші елдегі коммунистік партияның сөзі өтімді. Аузын айға білеген, өңшең сайдың тасындай азаматтар. Ал біздегі коммунистердің сайда саны, құмда ізі жоқ. Зюганов сияқты білімі де, жазған еңбегі де жоқ.

Jas qazaq: Ашаршылық, репрессия жылдарын зерттеп жүрген танымал тарихшысыз. Сіздің ойыңызша, қасіретті нәубетке саяси, тарихи баға бердік пе?

Т.Омарбеков: 1930-33 жылғы аштыққа ресми саяси баға берілді. Бұл бойынша 1992 жылы 22 желтоқсанда Сенатта комиссияның қаулысы шыққан. Барлығы сол кездегі «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» секілді газеттерде «Қолдан жасалған қасірет» деген атпен көлдей мақала жарияланды. Комиссияны депутат әрі тарихшы Манаш Қозыбаев басқарды. Комиссия құрамында Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Алтыншаш Жағанова, Мәмбет Қойгелді болды. Өзім сол комиссияда жұмыс істедім. Комиссия құрамында жалпы жиырмадан астам адам болдық. Барлық министрлер, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, ішкі істер министрі, тарихшылардың басын қосқан өте беделді комиссия еді. Нәтижесінде құпия құжаттарға да қол жеткіздік. Сөйтіп Сенат комиссиясының қорытындысында еліміз бастан кешірген оқиғаға саяси баға берілді. Бірақ соны қалам ұстаған жазушыларымыз түсінбей, білмей, оқымай тұрып, мені сыртымнан жамандап жүр.

Jas qazaq: Ал 1936-38 жылғы қуғын-сүргінге баға берілді ме?

Т.Омарбеков: Жоқ. Себебі ол кездегі қуғын-сүргінге қатысты құжаттардың бәрі Мәскеуде жатыр. Өйткені зұлмат сол орталықтан басталған. Біз баға беруіміз үшін бірнеше сот процестерін қарауымыз керек. Қазақстанның өзінде үш түрлі сот процесі өткен. Оның бәрімен танысып, қарап, зерттеу қажет. Ал Ресейде 1936-38 жылғы саяси қуғын-сүргінге әлдеқашан баға берілді. Бұл дүрбелеңді айыптады.

Jas qazaq: Сонда біздегі қуғын-сүргін құрбандарына баға беруге не кедергі?

Т.Омарбеков: Кедергі жоқ. Ертең-ақ бұл шаруамен айналысуға болады. Меніңше, мұндай үлкен жұмысқа мемлекеттік деңгейде комиссия құрылып, мемлекеттік деңгейде саяси баға берілуі тиіс. Оған ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігінің өкілдері, Парламентте осы шаруамен айналысатын комитеттер бар, солар кіруі керек. Бұл құрамға беделді депутаттар енуі керек. Университетте бір тарихшы құрған комиссияның үлкен жұмыспен айналысуына шамасы да, құзіреті де жетпейді.

Jas qazaq: Былтыр Алашорда үкіметінің 100 жылдығы жетім қыздың тойындай аталып өтті. Бұл қалай? Біз есіл ерлеріміздің еңбегіне әлі күнге неге баға бере алмай жүрміз?

Т.Омарбеков: Алаш қайраткерлерінің айыпталуына, олардың қызметіне, сот процесіне, оның ішінде Қазақстанда болған үш сот процесіне әлі баға берілген жоқ. Жекелеген адамдарға да баға берілмеген. Мәселен, жазықсыз атылып кеткен әдебиет қайраткерлеріне, өнер қайраткерлері ақталмай жатыр. Нақты айтқанда, 102-баппен «социалистік меншікке қол сұқты» деп атылғандар бар. Олар туралы үнсіз келеміз. Қамбаға ұрлыққа түскен ғой. 111-баппен атылғандар да жеткілікті. 59-баппен сотталғандарға қатысты да құжаттар жабулы күйінде жатыр. Молда-ишандар туралы да сондай жағдай. Саяси баға беріліп, ақталмаған соң, нақты датаны атап өту де қиын.

Jas qazaq: Молда-ишандарды ақтау туралы арнайы хат, материалды біздің газетте бірнеше рет көтергенбіз…

Т.Омарбеков: Молда-ишандардың ұстанымдары Алаш арыстарымен бірдей. Қарапайым оқырман олардың аты-жөнін, қандай айыппен атылғандарынан да хабарсыз. Олардың діни көзқарастары да, ұлттық көзқарастары да бөлек. Бәрі де жазықсыз қырылды.

Jas qazaq: Шетінен ақылды, мықты саясаткерлерден тұратын Алашордашылар неге жеңілді? Бір ауыз сөзбен не айтар едіңіз?

Т.Омарбеков: Алашордашылардың саяси көсемі деп Әлихан Бөкейхановты, ал рухани көсемі ретінде Ахмет Байтұрсыновты атауға болады. Ал қалғандарын анау мықты, анау осал деп бөлуге келмейді. Бәрі Алаштың ардақты, қайраткер арыстары.
Олардың ең басты жеңілісі – орыстың демократияшыл зиялыларына сеніп қалғандығы. Бөкейханов кадет партиясының құрамында болды. Кадет партиясы – патшалық Ресейге қарсы шыққан бірден-бір партия. Ең мықты партия. Бөкейхановтың «Мен неге кадет партиясынан шықтым?» деген мақаласы бар. Алаш қайраткерлері сол партияға сенді. Думадағы кадет партиясының депутаттары арқылы қазаққа автономия алып береміз деп ойлады. Орыстың зиялы саяси элитасы аз ұлттарға жаны ашиды, қазақты қолдайды деп сенді. Бірақ олар Алаш арыстарын жарты жолда сазға отырғызып кетті. Өйткені Ресейдегі социал-демократиялық партиялар өзара билікке таласып, бір-бірімен айтыса бастады. Ортада большевиктер 25 қазан күні билікті күшпен басып алды. Сөйтіп орыстың әлгі мықты зиялылары мен саяси қайраткерлері шетелге босып кетті. Олар қара басын күйттеген соң, қазақтар қайтеді? Алашордашылардың да тоз-тозы шықты.

Jas qazaq: Мұстафа Шоқайдың шетелге кетуі сол тұс емес пе?

Т.Омарбеков: Солай деуге болады. Ол туралы Шоқай өзі шығарған газеттерінде жазады. Онда «Біз орыстың саяси зиялы қауымына сеніп қалдық» деген жолдар бар. Ал Әлихан Бөкейханов – Мұстафа Шоқайдың ұстазы болған ірі тұлға. Мұстафа Шоқай – Бөкейхановтың Түркістандағы өкілі.

Jas qazaq: 1916 жылғы көтерілістерге «ұлт-азаттық» деген бағаны қимай, рулық көтеріліс деген баға беріп жүрсіз. Көтеріліс кезінде қаншама азамат оққа ұшты. Мұныңыз сол бір ерлік жылдарды төмендету емес пе?

Т.Омарбеков: Қазақ жерінде 1929-37 жылдар арасында 379 көтеріліс болған. Бұл нені білдіреді? Бұл қазақтың ауыл-ауылдарында көтеріліс болғанын көрсетеді. Біз айтып жүрген Қарқара көтерілісі ұлт-азаттық көтеріліс емес, ол албандар көтерілісі. Бұл – шындық. Ел ішінде күні бүгінге дейін осылай аталып келеді. Ешқандайда ұлт-азаттық емес, рулық қозғалыс. Жалпы, Қазақстандағы 1916 жылғы көтерілістерді, менің ойымша, Шығыс Қазақстандағы наймандар, Созақтағы табындар, арғындар көтерілісі, торғайдағы Әбдіғаппар Жанбосынов пен Амангелді бастаған қыпшақтар көтерілісі, Айжарқын Қанайұлы бастаған кіші жүз руларының көтерілісі деп атау керек. Ал бұларды тұтастай ұлт-азаттық қозғалыс деп баға беруге болады.
Осы арада бір мәселеге назар аударайық. Мысалы, 1916 жылғы Торғайдағы көтеріліске қатысушылар Қарқарадағы албандардың көтерілісін білген жоқ. Өзара байланысы болмаған. Міне, осындай бытыраңқы көтеріліс болды. Бұл көтерілістердің қозғаушы күші рулар еді. Мұны айтуға әлі күнге дейін батпай отырмыз. Ру-руға бөлінгендіктен, орталықтан басқаратын адам болмады. Бірлік болмады. Ұлт-азаттық көтеріліс болса, оны неге Алаш азаматтары басқармады? Алаш қайраткерлері бұл көтерілістің ұлт-азаттық сарынға ұласа алмайтынын білді. Қазақтың жеңіске жете алмайтынын түсінді. Бұл жай ғана жергілікті жердегі көтеріліс болып қана қалады. Ал нағыз ұлт-азаттық көтеріліс – Сырым Датов пен Кенесары көтерілістері. Содан кейін Бөкейхановтың бүкіл өмір жолы, Алаш партиясы нағыз ұлт-азаттық күрестен тұрады. Бірақ олар реформаторлық жолды таңдады.
Қалай десек те, күндердің-күнінде ақиқатты айтатын күн туады. Бұл болашақтың еншісіндегі жағдай.

Jas qazaq: Алаш қайраткерлері 1916 жылғы көтерілістің басты себебіне, яғни әскерге қазақ баласын жіберуге қарсы шықпапты. Неге?

Т.Омарбеков: Әлихан Бөкейханов қазақтың баласы әскери ұрыс тәсілін үйренсін, қару-жарақты меңгерсін деді. «Әскерге барыңдар! Көтерілмеңдер. Босқа қырылып қаласыңдар!» деп, «Қазақ» газетінде үндеу тастады. Міржақыптар елді аралап, «көтерілмеңдер» деп үгіттеді. Неге? Өйткені Әлихан қазақ баласы соғыс көріп, қару ұстауды үйренсе, болашақта ұлттық мемлекет құрғанда әскер дайын болады деп түсінді.

Әңгімелескен
Жарас КЕМЕЛЖАН

18 мамыр, 22:58
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілді
17 мамыр, 15:54
Түркістан: «Жасөспірім және жауапкершілік» профилактикалық шарасы өтуде
17 мамыр, 15:41
Түркістан: «Құқықтық тәртіп» және алаяқтардан сақтандыру
17 мамыр, 12:04
Түркістан: Учаскелік полицейдің қоғамдағы жауапкершілігі жоғары
16 мамыр, 15:19
Түркістан: Полиция мектеп оқушыларына қауіпсіздік шараларын түсіндірді
15 мамыр, 16:48
Түркістан: Алимент, авторлық құқық және сот сараптамасы
15 мамыр, 15:56
Түркістан: Өткен жылы 7 184 адамға тегін заң көмегі көрсетілген
15 мамыр, 15:36
Түркістан: Сарыағаш полициясы профилактикалық жұмысты күшейтті
15 мамыр, 14:16
Түркістан: Полиция жастарды қауіп-қатерден сақтандырады