Қазақстан букмекерлері таяуда жауапты ойын жүйесін енгізді. Бұл шара спортқа бәс тігушілердің ойынқұмарлығын шектеуді көздейді. Мұндай тәжірибе Еуропада бұрыннан бар. Кейбір елде оның енгізілгеніне он жылдан да асып кетті. Қызықты ермек пен лудоманияға айналатын психологиялық тәуелділіктің аражігі қандай?
Басты мақсат – клиентті қорғау
Қазақстан Букмекерлері өзін-өзі реттеу ұйымы өкілдерінің айтуынша, жауапты ойын туралы алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибеге олар бірнеше жыл бұрын назар аударыпты. Ондай тәжірибені елімізде енгізудің себебі біреу-ақ. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. Бір есептен, елдегі бүкіл букмекерлік кеңселерде кез келген клиентке шектеу қоятын күрделі ІТ-жүйені құру үшін қомақты қаржы жұмсаудың қажеті бар ма деген сауал да қылаң береді. Бәс тігушілер тұрақты табыс әкелсе, ал мемлекет шектеу механизмін енгізуге мән бермесе, мұндай жүйеге ақша шығару керек пе? Клиенттерінің материалдық тұрақтылығына өздерін жауапты санайтын букмекерлер бірауыздан «керек» дейді. «Біз өз клиенттерімізге қамқорлық жасауға тиіспіз. Бұл біздің қоғам алдындағы беделіміз», – деп атап көрсетті елдегі бір ірі букмекерлік кеңсенің жетекшісі.
Сөйтіп, жауапты ойын жүйесін енгізу талабы қойылмаса да, қазақстандық букмекерлер мұны жүзеге асыруды жөн көрді. Ерікті түрде. Қазақстан Букмекерлері өзін-өзі реттеу ұйымындағылардың пікірінше, спортқа бәс тігушілер бетпе-бет келетін тәуекелді назарсыз қалдыруға болмайды. Психологиялық тәуелділіктің пайда болу қаупін ескерген жөн. Өйткені пендені құрдымға құлататын құмарпаздық біртіндеп жаулайды. Сондықтан клиентті қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек.
Тәуелділік қалай пайда болады?
Спортқа бәс тігу өмірдің мән-мағынасына айналатын жағдайлар да кездеседі. Бәрі де спорт бәсекесінің нәтижесін болжап, ақша ұтуға ұмтылудан басталады. Неғұрлым көбірек ұтса, соғұрлым жақсы. Осыдан келіп жиі ұтсам» деген тілек пайда болады. Бұл – психологиялық тұзақ.
Мамандардың түсіндіруінше, бәс тігуге жан-тәнімен берілу мен спортқа жай ғана болжам жасаудың айырмашылығы мынада: адамды спортқа болжам жасау қызықтырмайды, ол тек ақша ұтуды ойлайды.
Ұтысқа ұмтылу – шылқыған байлыққа кенелу немесе ұтысты тұрақты табыс көзіне айналдыру қиялынан туындайды. Мұндай тәуелділік бірден пайда болмайды. Үсті-үстіне бәс тіккен сайын ойынпаздыққа салынғанын адам өзі байқамай қалуы да мүмкін.
Әрине, бәс тіккеннің бәрі ойынқұмарлыққа салынбайды. Спортқа бәс тігушілердің басым көпшілігінде (олар бір жағынан спорт жанкүйері де) ешқандай тәуелділік жоқ. Олар спорт жарысына болжам жасауды әшейін ермек деп санайды. «Ұтыс маниясы» бірен-саранында ғана пайда болады. Әдетте жалғызілік, өз өміріне, жұмысы мен табысына көңілі толмайтындар ойынпаздыққа бейім.
Мұндай жандардың басты мотивациясы – жылдам байып кету. Психиатрлардың айтуынша, оларды алдап-арбау оңай. Қазақстанда лицензиясы жоқ, заң шеңберінен тыс жұмыс істейтін букмекерлік кеңселер (көбіне шетелдік) аңқауларды өз мақсатына пайдаланады. Олар бәс тігушіні жоғары коэффициентпен, қомақты ұтыспен еліктіруге тырысады. Желідегі «капперлер» индустриясы, яғни беттинг саласында өзін білікті маман санайтындар стратегия мен болжамдарын ғаламторда саудаға салады. «Кәсіби каппер» деп санайтын алаяқтар беттингті тұрақты табыс көзіне айналдырғанын, соның арқасында маңдайы терлемей байығанын, жұмысты тастап, үнемі ұтысқа кенелгенін «жырлап», басқаларды да сайрандап өмір сүруге шақырады. Мұндай алаяқтардың мақсаты – ойдан шығарған болжамын сату арқылы бәс тігушінің қалтасына қол сұғу. Оларға көзсіз сену бәс тігуге құмарлықты шектен тыс асқындыруы мүмкін.
Қайта-қайта бәс тігуге не түрткі деген сауалға жауап біздің ағзадан табылады. Мәселен, матчқа бәс тіккен соң адреналин «қызады, ал ми – «бақыт гормоны» – эндорфин өндіре бастайды. Адам осы кезде айрықша толқуды бастан кешіреді. Дәрігерлердің айтуынша, матч кезіндегі сезімдер есірткіге елтумен бірдей.
Дегенмен барлық адам мұндай күйге түсе бермейді. Көпшілік ойынды жай ғана тамашалаудан ләззат алады. Енді біреулер нашақор сияқты, эндорфин «дозасына» дәнігіп алған соң тағы да қайталағысы келеді. Олардың діттегені – көп ақша ұту.
Бір қызығы, ұтыстың өзі емес, ұтысты күту адамға кесірін тигізеді. Себебі ол әлдебір сиқырды күтумен бірдей. Мұндайда адам әлгі алаяқтардың қырық өтірігіне сене бастайды. Бәс тігуден олжаға кенеліп, дәндеген адамды алдағы ұтысқа «жетелеп», алдарқататын әдіс көп. Оған сенсе, тұзаққа түскені!
«Бәс тігуді жалғастыра берсе, ұтылу шығыны ұтыс ақшадан сөзсіз асып кетеді. Адам өзінің ойынпаздыққа салыну себебін бір ай, бір жыл, бәлкім, бес жыл өткенде ғана сезінуі мүмкін. Сонда ғана ол өзінің тек адреналин іздейтінін түсінеді», – дейді букмекерлік кеңсенің өкілі.
Осындай эмоционалдық адасудың құрбанына айналмас үшін, жауапты ойын опциясына сүйеніп, ойынқұмарлыққа шектеу қою керек. Өзін-өзі шектеу көзсіз қадамнан сақтандырып, шексіз бәс тігуден сақтайды.
Ойынқұмарлық белгілері
Алаңдауға негіз болатын белгілерге тоқтала кетейік. Айталық, «алдағы спорт жарысы туралы бәрін білемін» деп өзеуреу, оның қалай аяқталатынына сенімді болу – «алғашқы қоңырау». Бәлкім, дәл осы кезде белгілі бір уақытқа өз-өзіне шектеу қойған жөн болар. «Ойын нәтижесін дұрыс болжадым, міне, ұтамын» деген сенім алаңдатуы тиіс. Өйткені букмекерлік кеңселер ешқашан тақырға отырмайды. Керісінше, табыс тауып жатыр. Демек кез келген коэффициент, болжам – бәрі де бүге-шігесіне дейін ойластырылған, есептелген. Сондықтан өз-өзіне тым сенімді болу дұрыс емес.
Басқа жұмыспен айналысып жатқанда спортқа болжам жасаудан бас тарта алмау да қауіпті. Спортты болжау ойыңыздан күндіз-түні шықпаса, басқа жұмыстарға бірден ойыса алмасаңыз, онда ойынпаздық шырмауындасыз.
Бәс тігуден басқа нәрсеге назар аудара алмаған кезде өзіңді тежемесең, «ауру» асқынады. Барған сайын бәс тігуге берілген адам несие алуға жүгіреді, тамыр-таныс, жора-жолдастан қарыз сұрап, мезі етеді. Бұл – тек ойынмен өмір сүріп, бәс тігуге ақша табуды ғана ойлайтын кезең.
Осындай түйткілдер шыға бастағанда, спортқа бәс тігуден мүлде бас тартудан басқа амал жоқ. Ұзақ уақытқа, кем дегенде бір жылға. Қазақстандық букмекерлерде «өзін-өзі тоқтату» опциясы бар. Осы опция ойыннан шыға тұруға мүмкіндік береді. Ойынпаздыққа салынған кезде ел ішіндегі бірде-бір букмекер белгіленген уақытта бас тігуге рұқсат бермейді.
Ойынпаздық тұзағына түспегендер, бірақ одан қауіптене бастағандар үшін шектеудің өзге де түрлері қарастырылған. Оған белгілі бір мерзімге бәс тігу сомасы мен букмекерлік сайттағы уақытқа лимит қою, сондай-ақ ағымдағы ставканы немесе депозитті шектеу кіреді. Орынсыз шығыннан сақтану үшін осының бәрін пайдаланған дұрыс.
Ең бастысы, балама ермек, хобби, уақытты көңілді өткізудің басқа түрлерін қарастырған абзал. Әрине, беттинг сізге қуаныш сыйласа, одан мүлде бас тартудың қажеті жоқ. Әйтсе де, спортқа болжам жасауда жауапкершілік керек. Бәс тігу – жай ғана демалу, басқа ештеңе де емес. Ал аспаннан түсетін қисапсыз байлық туралы хикаялар тек ертегіде ғана кездеседі.
Олжабек Байқуатов