21 мыңға жуық оқуға түсе алмай қалған мектеп бітірушінің еліміздегі 321 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов айтты деп хабарлайды jasqazaq.kz тілшісі.
«Халықты жаппай оқыту мақсаты – еліміздегі еңбек ресурстары сапасының төмендігінен туындаған болатын. Ресми статистика бойынша, жұмыссыз халықтың 25 пайызы орта мектептік білімі ғана бар адамдар. Өз бетінше жұмыспен қамтылғандар арасында жартысы, яғни 49 пайызы арнайы білімі немесе кәсіби дағдысы жоқ адамдар. Сондықтан да оқыту шаралары бірінші кезекте ҰБТ-дан өте алмай, оқу орындары түсе алмай қалған мектеп түлектеріне қатысты болады. Бүгінге 21 мыңға жуық осындай балалар 1-қыркүйектен қабылдауға 321 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары дайын», — дейді вице-министр. Біржан Нұрымбетов оқуға қабылданғандарға шәкіртақы, бір мезгілдік ыстық тамақ, сырттан келгендерге жол шығындары мен тұрғын үй жалдау шығындарын өтеу үшін материалдық көмек берілетіндігін де айтты. Вице-министрдің айтуы бойынша қысқа мерзімдік кәсіптік оқуға сәуір айынан бастап 28 мың жұмыссыз азамат қатысыпты. «Біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесе осы қысқа мерзімдік оқуды шілде айынан бастап басым түрде кәсіпорындарының жанындағы оқу орталықтары арқылы ұйымдастыруды бастадық. Себебі мұндай ұстаным — білім беру сапасымен қатар олардың одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыраттын көрінеді. Ол үшін кәсіпкерлер палатасымен меморандумға қол қойып, бағдарламаға қажетті түзетулер енгізіліп, жұмыс берушілердің жанынан әзірше 39 оқу орталықтарының тізбесі айқындалды. Бұл тізбе әлі де толығатын болады. Сонымен жыл соңына дейін қысқа мерзімдік кәсіптік оқумен 70 мыңнан астам адамды қамтуды жоспарлап отырмыз», — деді Біржан Нұрымбетов. Сондай-ақ вице-министр өңірлер бөлінісінде оқыту қарқыны әр түрлі екенін атап өтті. Мәселен, Алматы қаласында қысқа мерзімдік курстармен жоспарланған көрсеткіштің 10 пайызы, Ақтөбе облысында 18 пайызы, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында 25 пайызға жуығы ғана қамтылған екен.