Тұрсынай есімді келіншек 24 жаста. Бірнеше жыл бұрын ол екі жасқа толған қызынан айырылып қалған. Тұрсынайдың қызы да туғаннан аурушаң болыпты,-деп жазды Stan.kz сайты.
Сол себепті ауруханаға жиі түскен көрінеді. Ол кезде әйелдің үлкен ұлы нағашы апасының қарауында болған. Ауруханадағы қарындасы мен анасын көруге апасымен бірге жиі келіп жүрген.
Әйелдің қызы қайтыс болғаннан кейін ұлының денсаулығы күрт нашарлаған. Еш себепсіз бала есінен танып қалабереді екен.
Дәрігерлер де оған нақты диагноз қоя алмаған. Ал анасы үнемі бала есін жиған сәтте дәрігер шақырады екен. Содан бері Тұрсынай үлкен ұлын алып ауруханаға жиі түсетін болыпты.
“Ауруханада күндіз баланың жағдайы қалыпты күйде болады, тек түнде анасының жанында талма ұстамасы қайталана берді. Нағашы апасымен бала емделіп жатты осы ауруханада, ол кезде бір рет те жағдайы нашарлаған емес. Сосын бізде күдік пайда болды. Жанында палаталас анаға байқап, бақылап жүріңіз деп қатты дайындап та қойдық” -дейді дәрігерлер.
“Мен сол күні түнгі кезекшілікте едім. Тұрсынай қасындағы көрші ананың ем шара бөлмесіне шығыпкеткенін пайдаланып, баласын тұншықтыра бастаған.Тұрсынойдың шынтағымен баласының кеуде тұсын басып, тұншықтырмақ болғанын көрген ана өз көзіне сенбегенін айтты. Бала қырылдап қалған екен.
Тұрсынай арашалап алған көрші әйелдің аяғына жығылып, ешкімге айтпауын өтінген. Мен бүкіл дәрігерлер бригадасын және полицияны шақырдым. Күдігіміз расталды.”,-дейді Шымкент қалалық номірі 1-ші аурухананың бөлім меңгерушісі Гүлмира Сейдуалиева.
Тұрсынайдың баласын емдеп жүрген невропатолог дәрігер Марина Валиева алғашында диагнозды нақтылаудың қиын болғанын айтады.
“Баланың талма ұстамасының нақыт себебін ешкім біле алмады. Анасының сөзіне қарағанда үйде бала көгеріп, тіпті дем алуы қиындаған. Біз тек ұстамадан кейінгі жағдайын көрдік. Арнайы профессор дәрігерлер жиналып, консилиум да өткіздік.”,-дейді невропатолог.
Науқас баласының ауырып, күнде жылап, мазасызданып, қиналғанын көріп, анасы өлтірмек болғанын тергеу барысында мойындапты. Айықпас дерттен құтқару үшін осындай әрекетке барғанын да жасырмаған.
Сот қасақана бала өлтірмек болған келіншекті кінәлі деп таныған. 24 жасар Тұрсынайға психиатрлық талдау тағайындалып, оның ақыл-есінің дұрыстығын анықтаған.
«ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында Тұрсынай есімді азаматшаға қатысты қылмыстық кодекстің 24-ші бабының 3-ші бөлігі, 99 -бабының 2-ші бөлігі 3 -те 14-ші тармақтарымен айыпталған қылмыстық іс қаралды.
Жасы кәмелетке толмаған баланың дәрменсіздігін пайдаланып баланы өлтіруге оқталған анаға сот 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Бүгінгі таңда Тұрсыной есімді азаматша сотқа аппеляциялық шағым түсірді»,-дейді Қаратау ауданы прокурорының орынбасары Мақсат Мошқалов.