Новгород түбінде қаза тапқан қазақстандықтардың туыстары табылуда

08 сәуiр, 11:25

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жақында Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда «Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайды. Келесі жылы әлемде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен атап өтіледі. Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин дұрыс айтты, айтулы датаны мерекелеуге дайындықты қазірден бастауымыз керек», — деген еді.

Осы бағытта құрылғанына бес-ақ жыл болған «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі тарихи жадыны сақтау, аға ұрпақтың ерлігін ұлықтау, сол сұрапыл соғыста хабар-ошарсыз кеткен боздақтарды іздестіру жөніндегі жұмыстарды бір сәт те тоқтатқан емес.
Жақында біздің ресейлік әріптестер Ресей Федерациясының Новгород қаласы түбінде қаза тапқан қазақстандықтардың – 257 адамның тізімін берді. Оларды майданға шақырылған аймақтарына байланысты облыс-облысқа бөліп, жергілікті атқару органдары мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ әлеуметтік желінің көмегімен іздестіру жұмыстарын бастап кеттік. Алғашқы ақжолтай хабарлар да баршылық. Мысалы, аталған тізімнен бірнеше отандасымыз өздерінің аталары мен туыстарын тауып, бізге ризашылықтарын жеткізіп жатыр.

Соның бірі Бүрлібаевтар әулеті. «Atamnyn Amanaty» қоғамдық ұйымының атына жазған хатында олар былай дейді: «Ұлы Отан соғысы кезінде Новгород облысында қаза тапқан Оңтүстік Қазақстанның тумасы Бүрлібаев Әбіл біздің атамыз болады. (Тізімде Бурлибаев Абил, 1900 года рождения, Казахская ССР, Южно-Казахстанская обл., Каратасский р-н деп көрсетілген). Әйелі апамыз Бүрлібаева Дәменің нақты туған жылы есімізде жоқ. Ол кісі 1987 жылы 21 мамыр күні қайтыс болған. Ұлы Бүрлібаев Елемес анамыз Әбдібекова Зулпия екеуі бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Әкеміз Елемес 2014 жылы дүние салды. Сіздің ұжымға алғысымыз шексіз, жұмыста табыс, тек жақсы күндерде, жақсы жаңалықтармен бөлісе беріңіздер. Алдағы уақытта елге оралмай, шетте шейіт болған жауынгерлердің рухына арнап құран бағыштаймыз. Тілек білдіруші Бүрлібаевтар әулеті».

Осы мазмұндағы хаттар келгенде еріктілердің еңбегінің ешқашан еш кетпейтінін және сауабының мол екенін ерекше сезінеміз. Бүгінгі күнге дейін біздің ұйым өзінің ресми сайты арқылы қазақстандықтардан аталары мен туыстарын іздестіру жөнінде 8 мыңнан астам өтінімдер қабылдап, 4 мыңға жуық майдангерлердің аты-жөндерін, қайда жерленгендерін анықтады. ҚР Қорғаныс министрлігімен бірге майдан ждаласынан табылған 19 отандасымыздың сүйегін туған жерге жеткізіп, әскери құрметпен жерледі.

Биыл Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толады. Даңқты қолбасшы өзінің «Мой передний край» кітабында ағасы Сағиттің 1941 жылы Новгород түбінде қаза болғанын жазады. Сол естелік есімізге түсіп кетіп, батырдың қызы Айсұлу Сағадатқызына хабарласқан едік. Ол кісінің айтуынша ағасы Сағиттың қай жерде жерленгенін әкесі өмір бойы іздеп өткен екен. Өкінішке орай одан оң нәтиже болмапты. Әйтсе де әлі күнге өзінің үміті үзілмегенін жеткізді.

Бұл іспен қазір біздің еріктілеріміз айналысып жатыр. Егер ғайыптан тайып, кішкентай Сағадатқа әке орнына әке болған Сағиттің бір дерегі табылып жатса батырдың мерейтойына үлкен сыйлық сол болар еді. Әзірге қолымызда Айсұлу Сағадатқызы берген Сағиттің суреті мен мұрағаттан шыққан «Елінде бауыры С.Нұрмағамбетов күтеді» деген жазба ғана бар.

Ә.Смайылов

Бүгін, 11:48
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды