Үндістанның Жоғарғы соты мұсылмандардың «дереу ажырасуға» қатысты тәжірибесін ата заңға қайшы деп тауып, оған тыйым салуға қаулы шығарды, деп хабарлайды Baq.kz.
Әйел құқығын қорғаушылар қатысқан қозғалыс нәтижесінде бұл тәжірибе исламға қайшы деп танылды. Бұл туралы ВВС жазады.
Үндістан – ері әйеліне «талақ» (арабша «ажырасу») деген сөзді 3 рет айту арқылы ғана бірнеше секундтың ішінде ажырасып кетуге болатын әлемдегі мұсылман мемлекеттерінің бірі. Көп мұсылман мемлекеттерінде бұған тыйым салынған.
Соттың шешімі бұл дәстүрге қарсы арыз жазылғаннан кейін шықты. «Талақ» арқылы ажырасқан бес мұсылман әйел сотқа шағымданған. Олардың екеуі құқық қорғау тобының өкілдері.
«Үндістанда соңғы 70 жыл бойы мұсылман әйелдері зардап шегіп келеді. Бұл біз үшін тарихи күн, бірақ тарихымыздың соңы емес. Бізді қанша үндістандық әйел қолдағанын тіпті жеткізе алмаймын, — дейді белсенділердің бірі Закия Соман журналистерге берген сұхбатында.
Соңғы жылдары Үндістанда өз әйелдеріне «талақ» сөзін үш рет айтып, ажырасу оқиғасы жиілеген. Олар бұл сөзді әйелінің алдына бармай-ақ, хат, смс-жолдама не телефон қоңырауы арқылы да айтып ажыраса берген.
Талақ дегеніміз не?
Құран мен Мұхаммед пайғамбардың сүннетінде үш рет талақ айту ескерілмегеніне қарамастан, бұл тәжірибе бұрыннан бар.
Зерттеушілердің айтуынша, Құранда ажырасудың нақты тәртіптеріне түсініктеме берілген. Онда «Егер әйелдеріңізге ажырасуға рұқсат берсеңіздер, онда белгіленген уақыт ішінде ажырасып, сол мерзімге дейін есептесу керек және Алладан, өзіңіздің Жаратушыңыздан қорқыңыз!» делінген.
Құқық қорғаушылардың мәліметі бойынша, Пәкістан, Бангладеш сияқты мемлекеттерде үш рет талақ айтып ажырасуға тыйым салынған. Бірақ Үндістанда бұл тәжірибе отбасы мен неке туралы заңның жоқтығынан әлі қолданылады.
Енді сот «Исламның негізгі принциптеріне және ел конституциясының 14 бабындағы азаматтардың тең құқығына қайшы» деп танып отыр.