Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті өтуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұйымға қатысушы мемлекет басшыларын Қытай төрағасы Си Зинпиң, Ресей президенті Владимир Путин, Қырғызcтан президенті Алмасбек Атамбаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевті қарсы алды.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлы «Сіздердің барлықтарыңызды Қазақстан астанасында Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысы аясында қарсы алғаныма қуаныштымын. Біздің ұйымымыздың Астана саммитіне қатысқандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Әсіресе президенттер атынан алғаш рет мемлекет басшылары Кеңесіне қатысып отырған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевке ерекше құрмет білдіріп, бірлесе атқаратын жұмысымызды, қызметіне табыс тілеймін. Құрметті достар, биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 16 жыл толады», – деді. Елбасы ұйымның халықаралық деңгейде мойындалып, нәтижелі жұмысқа қол жеткізгендігін атап өтті.
Н.Назарбаев «Астана саммитінде жаңа тарихи кезең басталады. Бұл отырыс соңғы рет алты жақты кездесу ретінде өтуде. Біз бүгін Үндістан мен Пәкістанға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін беру және қатарымызға қосу жөнінде уағдаластық», – дей келе, жаңа мүше мемлекеттерді қатарға қосу ұйымның дамуына тың серпін беретінін мәлімдеді.
Айбарша Жақсылық, Астана қаласы