Кеше БАҚ-та 53781 шетелдік, оның ішінде 1914 Қазақстан азаматы терроризмге қатысы бар деген себеппен Түркияға баруға тыйым салынды деген ақпарат жарияланған болатын. Осыған орай ҚР Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрi Нұрлан Ермекбаев пікір білдірді, деп хабарлайды jazqazaq.kz тiлшiсi.
«Менiң бiлуiмше, Түркия таяуда бiрнеше ел азаматтарының тiзiмiн бекiтiп, жариялады. Ондай азаматтар Түркия арнайы қызметтерінің және құқық қорғау органдарының пікірінше, Сирия және басқа да қазіргі таңдағы халықаралық лаңкестік ұйымдары бар елдерге баруы мүмкін. Сондықтан оларға Түркия арқылы сол елдерге бару жолдарын кесеміз деген мақсатта осындай тізім жариялаған. Бірақ бұл тізім қандай нақты мәліметтер негізінде жасалғаны бізге белгісіз. Өйткені бұл мәселе – біздің министрліктің құзыретінде емес, құқық қорғау және арнайы органдардың құзыретiндегi мәселе», — дедi Ермекбаев Үкiмет отырысынан кейiн журналистерге берген сұхбатында. Сондай-ақ «Тыйым салынғандар тізімі, террористер мен экстремистер тізімімен айналыспаймыз» — деді министр.