Мемлекет қаржысының тиімсіз игерілуіне ешкім де жауап бермейді. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті талқылау барысындағы отырыста айтты.
Нұрлан Нығматулин бюджет қаржысын игеруге байланысты түрлі айла жасалатындығын айтып, мемлекеттік мекемелерді сынады. «Бүгінгі күні квазимемлекеттік мекемелер счеттарында қаржысы бола тұра тағы да миллиардтаған қаржы сұрайды. Өйткені келесі жылғы мемлекеттен алатын бюджеттің көлемін сақтап отыру үшін. Ал мемлекеттік мекемелер олардың ұсыныс қабылдайды, себебі бұл бюджетті толық игердік деп есеп беруге мүмкіндік береді. Сондықтан 3 жылдық алдын-ала қаржыландыру методикасын өзгерту керек», — деді төраға.
Мемлекеттік мекемелер «айланы» бір-бірін қолдап жасайтындықтан «Мемлекет қаржысының тиімсіз игерілуіне ешкім де жауап бермейді. Бұл жайында президент те талай айтып, Үкіметке де арнайы тапсырма берген болатын. Енді бюджет қаржысына манипуляция жасауды доғару керек. Жылдың соңында мемлекет қаржысының игерілмеу қаупі туғанда жұмсалмаған қаражат квазимемлекеттік сектордың есебіне аударылады немесе ұлттық компаниялардың капиталын толтырады»,- деді Н.Нығматулин.