jasqazaq.kz

Мұз қала

31 мамыр 2024, 16:43

Үскірік. Аяз. Дүкеннен нан алып шыққан Лиза тонының алдын қымтап байлап, жағасын көтеріңкіреп, үсіп бара жатқан қолын дірілдей қалтасына салды. Алдағы діттеген жеріне жететін он қадамды ойласа, тұрған жерінде қатып қалатындай қорқып жүре берді. Екі бетін от жалап келе жатқан қыз ата-әжесінің, әке-шешесінің, таныстарының айтқаны болмаса, өзі тұрып жатқан мемлекеттің неге мұндай «қаһарлы», ызғарлы екендігін түсінбейді.
Естуінше, осыдан миллиондаған жыл бұрын солтүстік өңірлерде мәңгі жасыл жапырақты қалың жыныс, ну орман өсіп тұрған. Орман ішінде сан алуан жан-жануарлар үйір-үйірімен жайылып жүретін. Ол кездің ауа райы қашанда жылы, бір қалыпты жұмсақ келетін, қыстың үскірік соққан аязы да, жаздың аптап ыстығы да болмайтын. Келекеле ауа райы біртіндеп салқындай бастады. Жаңбырдың орнына қиыршықтанып қар түсетін болды. Содан кейін күн суытып, көпке дейін жылымай тұрып алатынды шығарды. Араға бірнеше миллион жыл салып, осы оқиға қайталанып жатыр. Алайда, бітпейтін төрт мезгіл қыс пен бетіңді қарып өтетін аяздан құтқаратын, шүкір, бір жер бар. Жылы жер. Ол – үй, өз үйің.
Нанды қолтығының арасына тығып үйге кірген Лизаны анасы жүгіріп келіп қарсы алды.
– Тоңып қалдың-ау, жаным, кел кір, шай ішеміз. Әкең күтіп отыр.
Қыз үйінің кенжесі еді. Әпкесі тұрмыста, ағасы үйленген. Екеуі де қаладағы атақты дәрігерлер. Сол үшін отбасыда қалған үшеуі ас үйге жиналды. Әкесі бір кесе шайдан соң, әңгімесін бастады.
– Қалайсың, қызым?
– Жақсымын, әке. Мектепте өтетін қоштасу кешіне дайындалып жүрмін.
– Мектеп жылы ғой?
– Ия. Нағима апайдың өз жұмысын жақсы көретінін білесіз ғой. Ешқандай суық кірмейді.
– Жақсы екен. Туған күнге дайындық қалай? – деді кейін әкесі күлімсіреп.
Он сегізге толатынымнан бұрын, мені «таңдау» алаңдатады.
– Неге, күнім? – деді шай құйып отырған анасының уайымдағаннан қастары қайырылып, – ештеңеге қобалжыма. Балжан мен Серік те кезінде өтіп, жып-жылы үйлеріне көшті,кейін отауларын құрды.
– Ия, қызым. Сені де сондай берекелі болашақ күтіп тұрғанына сенеміз. Енді, өзің білесің, біз жеті атамыздан бері Алланың дарытқан дарыны дәрігерлікті таңдап келе жатырмыз. Ата-әжең де. Анаң да, мен де…
– Ия, әке, мен не таңдайтыныма қиналмаймын. Жай сәл қобалжу ғой.
– Жаным сол, шай ішіңдер.
Үй дедік қой… Ол жай үй емес. Бұл қаланың өзіндік заңдары бар. Әр он сегізге толған ұл-қыздарға мұнда үй беріледі. Жер беті күрт суыған уақытта дайын болмаған халықтың көбісі қырылды. Соның салдарынан үй көп, адам аз. Бір ерекшелігі, үй жылытқыш, тоқтардың көмегімен жылымайды. Ерекше «жылыту техникасы», яғни жаның сүйіп қалаған, болашағым деп елестетін мамандықпен жылынады. Қаншалықты дұрыс таңдау жасасаң, соншалықты үй жыли түседі.
Араға бес күн салып, он сегізге толған қыз ата-анасымен өз үйін көруге келді. Мүлдем басқа көше, басқа адамдар, тіпті басқа дүкен. Дүкеннің ішінде жеп-жеңіл киіммен тауарларды орналастырып жатқан сатушы қызды көріп Лиза қуанып кетті. «Қателеспеген екен» деп ойлады ішінен. Бірақ, өз үйіне кіріп көңілі су сепкендей басылды. Іші кең, барлық жиһазы дайын болғанымен, аяз шыдатпай барады.
– Өз үйің құтты болсын, жаным, – деді анасы алақанын уқалап тұрса да, қызын қуантқысы келіп.
– Суығын-ай…
– «Таңдаудан» кейін үйің жылы ұяға айналады, онда тұрған ештеңе жоқ, – деді әкесі де қолдап.
– Ия. Әке, апа, рұқсат болса, мен қазір-ақ барайын.
– Қайда асықтың?
– Кешке сіздерді жылы үйіме шақырып, шай бергім келеді. Сіздер, бара беріңіздер, жарай ма?
Лиза алып-ұшып, орталыққа келді. «Таңдау» деген үлкен жазуы бар ғимараттың алдына келсе, кезекте адам көп екен. Көбісі өзі секілді жастар, арасында бүгіліп тондарына тығылған қарт кісілерді де көрді.
Соңына келіп орын алды.

Лиза?
Қыз өзінен үш адам алдыда тұрған сыныптасын таныды. Жымыя қол бұлғаған еді, құрбысы жанына келіп тұрып алды.
– Кезегің кетіп қалды ғой.
– Бәрібір таңдаймыз ғой, ештеңе етпейді. Сен де бүгін келдің бе? – Ия.
– Қобалжып тұрмысың? Бірақ, мен сенің не таңдайтыныңды білемін. Әпкең мен ағаң сияқты сен де мықты дәрігер боласың, – деді қыз өзін жылытқысы келгендей теңселіп.
– Өзің ше?
– Мен заңгер болғым келеді. Әкем секілді. Біздің үйде мен әкеме ұқсағанмын. Самат анама тартқан, есепші… Ал, сіз кім боласыз? – деп, алдында тұрған бір жігітті қысылмай түртті.
– Мен мұғалім болғым келеді.
– Ата-анаң мұғалімдер ме?
– Жоқ. Бірақ бауырларымның барлығы мұғалім болды.
– Ал,сіз ше?
Осылай, Сәуле Лиза екеуіне кезекте тұрғандардың біразын қаратты.
– Мен кім болатынымды білмеймін, кеңес сұрауға келдім.
– Мен анық тігінші боламын, одан басқа іс қолымнан келмейді.
– Мен суретші болғым келеді, бірақ анам…
– Мен мұнда үшінші рет келіп тұрмын, ендігі дұрыс «таппасам» қатып қалатын сияқтымын. Ата-анам да жоқ.
Осылай әркімді бір тыңдап тұрып, Лиза өзінің кезегі келгенін түсінді. Ғимараттың ішіне кірген бойда денесін езіп жіберердей ыстық жел есті. «Мұнда адамдар өз жұмыстарын сүйіп жасайтынға ұқсайды. Әрине, адамға көмектесуден асқан бақыт жоқ қой» деп ойлады іштей қуанып. Арнайы кабинеттің алдына келіп, есігін қаққан еді, бірден ашыла кетті.
– Сәлеметсіз бе?! – деді компьютер үстелінің алдында отырған қыз жымыйып.
– Сәлеметсіз бе?
– Аты-жөніңіз?
– Лиза Сабирова.
– Балжанның сіңілісісіз бе?
Лизаның жүзі жайнап сала берді, басын изеді.
Сіздің әпкеңіз мені бір өлімнен аман алып қалған. Келіңіз, отырыңыз.
Әкесі мен анасының жұмыс орындарында көргендей бас жағы көтерілген ұзын орындыққа жайғастырып, Лизаның басына темірден жасалғандай көрінсе де, жеп-жеңіл құрылғыны кигізіп, қабылдаушы қыз орнына жайғасты.
– Үйіңізді көрдіңіз бе?
– Ия. Бүгін ғана.
– Уақыт жоғалтқыңыз келмеді ғой. Түсінемін.
– Сіздің үйіңіз бар ма?
– Ия. Яғни, қазір тұрмыстамын, күйеуіммен тұрамын. Өз үйім сіз сияқты жастарға берілді.
– Күйеуіңізбен бірдей жұмыс жасайсыз ба?
– Ия десек те болады. Мен осында, қабылдау бөлімінде, ол жастарға көмек бөлімінде.
– Онда жастар көп пе?
– Өкінішке орай, ия. Сондықтан күйеуімді жұмыста көрмеймін десем де болады, – деді қыз күліп. Сөз барысында компьютеріне мәліметтерді толтырып отырды, –сонымен, Лиза, дайынсыз ғой?
Орындықтағы қыз көзін жұмып, терең тыныстады та, басын изеді.
– Сәттілік. Мен құрылғыны қосқан соң, сізге бірнеше сұрақ қоямын. Соған жауап берсеңіз болды, жылы үйіңізге бара бересіз.
Лиза тағы бір мәрте басын изеді. Қабылдаушы қыз компьютердегі қажетті тетікті басып, құрылғыны іске қосты. Лиза алғашында басындағы ауырлықты, кейін жүрегінің жанши бастағанын сезіп жатты.
– Лиза, мені естіп тұрсыз ба?
– Ия.
– Қай мамандықпен айналысқыңыз келеді?
– … дәрігер.
– Лиза Сабирова, сіз дәрігер болғыңыз келеді, дұрыс естідім бе? – Ия…
Секундта қыздың көзі шайдай ашылып, ауырлық сезімі де жоқ болды.
– Шеше қойыңыз. Тіркедім.
Лиза орнынан тұрып үстелдің жанына келді.
– Бара берсем болады ма?
Ия. Ауруханалар тағы бір дәрігер Сабироваларын күте берсін деп хабарлайын.
Екі қыз бір-біріне жымыйып, қоштасты.
Ата-анасына айтпас бұрын қыздың өзі бірінші көргісі келіп үйіне жүгірді. Балжан әпкесінің үйі тауға жақын орналасқан, іші жыпжылы, жайлы, биік үй еді. Қоныс тойында билегендері әлі күнге дейін есінде. Серік үйін жылытып алған соң, көп ұзамай үйленді. Кейін жеңгесі екеуінің үйі тіптен ыстық болып, жеп-жеңіл көйлегімен ойнап жүргені де есінде. Лиза соны аңсады, өзінің де үйін сондай мақтанышпен отбасына көрсеткісі келді. Кілтін бұрап, үйге алқынып кірген еді, сол күйі қатып тұрып қалды. Ешқандай жылылық сезілмейді. Керісінше, таңертең ата-анасымен келгендегіден де суық көрінді. Еш нәрсе өзгермеген. Түсінбеді.
«Мүмкін тіркемеген болар. Ұмытып кеткен шығар. Қателескен ғой. Неге?»
– Таңдаудың дұрыс жасалмағаны қалай?
Әкесі де, анасы да таңырқап, ас үйде отыр. Қарама-қарсы отырған Лизаның басы төмен салбырап «білмеймін» деп те айтуға ұялды. Балжанда ондай болмады ғой, Серікте де. Неге менде деген ой маза бермеді.
«Құрылғы таңдаудың дұрыс жасалмағанын көрсетті. Ми мен жүрек талшықтары бір-бірімен сәйкес келмейді. Келесі жолы, тағы көріңіз» деген жауап алды «Таңдаудан».
– Қызым? – деді ақырын анасы сыбырлап, – сен,мүмкін, бізге айтуға қысылып…
– Жоқ,апа, – деді Лиза ақыры басын көтеріп, – мен туғанымнан ауруханада, сіздердің жандарыңызда жүрдім. Осы күнге дейін көмектесіп келдім. Мен тіпті басқа мамандық қолымнан келеді ме, білмеймін. Балжан дәрігер, Серік дәрігер, мен неге дәрігер бола алмаймын?
– Қызым, енді ол барлық жағдайда бола бермейді ғой.
– Лизаның сөзінің жаны бар. Кішкентайынан басқа іске икемін көрсек, біз араша түсіп, тыйым салмаймыз ғой. Білетіні осы орта, сенің де, менің де жанымда жүреді, әрдайым қолғабыс етеді. Қай дәрі мен дәруменнің керектігін бізден артық біледі. Пациенттеріміз кейде тіпті Лизамен ғана сөйлесіп, ақылдасуға келетінін жасырмау керек. Менің түсінбейтінім…
Құрылғы қателесуі мүмкін ғой.
Жоқ, қызым, құрылғы қателеспейді. Сен, шыныңды айтшы, мүмкін басқа мамандық иесі болғың келетін шығар? – деді анасы қызына «бәрі жақсы» дегендей жымыя басын изеп.
– Мен…мен адамдарға көмектескім келеді. Сол үшін де дәрігер болуды таңдадым. Жоқ, мен келіспеймін. Ертең «таңдауға» тағы да барамын. Қайтадан өтемін.
Жастардың бұл жаққа қайта келіп, таңдау жасайтындығын, кешенің өзінде-ақ қабылдаушы қыздан көмек сұрап келетіндердің көп екендігін естіді. Алайда, дәл өзінің басынан мұндайдың өтетіндігін, таңдауына күмән келтіретінін Лиза ойламады. Сол үшін, қаламаса да, келесі күні қайта кірді. Қабылдауға қайта жазылу үшін тіркеуге келді. Екі жас жігіттің біреуі компьютерде, біреуі жанында кофемен тұрған.
– Аты-жөніңіз?
– Сабирова Лиза.
Атын айтқаннан кейін кофе ұстап тұрған жігіттің өзіне қарағанын байқап Лиза бір қысылды.
– Сабирова, сіз кеше «таңдаудан» өтіпсіз ғой? – деді компьютердегі жігіт басын көтеріп.
– Ия…бірақ, маған…дұрыс емес деп шықты.
Қыз ендігі тіптен ұялды.
– Үйіңіз сонда әлі суық па? – деді жігіт тағы да ішті күйдіріп.
Лиза ашуға булықты. Соншама адамның алдында кемшілігін дауыстап тұрғаны несі?
– Омар, жақсы, өзім алайын, – деп, кофе ұстаған жігіт қызды құтқарғандай болды, – Лиза? Менімен жүріңіз.
Екеуі оңаша оң жақтағы кабинеттерге бұрылып, «13»-ке кірді. Қабылдау бөліміндегідей кішігірім бөлме, тек орындықсыз.
– Отырыңыз. Қаазір, – деп, жайдары жігіт орындығына жайғаса, компьютерін қосты, – алдымен өзімді таныстырып кетейін, есімім Жақсылық, жастарға көмек бөлімінің меңгерушісі боламын.
– Ааа, мен сізді білемін.
– Ия, кеше Сұлу сізді қабылдағанын айтқан еді. Сәйкес келмегені өкінішті.
– Құрылғы қателесті деп ойлаймын.
– Жоқ,әрине. Онда тұрған ештеңе жоқ…
– Қалай?! Мен басқа мамандықты таңдауға болатынын білемін. Бірақ оның белгілі бір себептері болады, ата-анасы немесе атабабасында ол іспен айналысқан адамдар кездеседі. Бірақ, менде олай

емес, ағай, – деді қыз ендігі жылап жіберердей көздері мөлдіреп, – менде барлығы дәрігерлер.
– Өзіңізді олардан ерекше болуым мүмкін деп ойламайсыз ба?
– Ерекше?! Сонау атам заманнан бергі алғашқы қате шешім қабылдаған адам ретінде болса, ия. Ерекшемін.
– Неге ашуланасыз? Қателесу адамға тән. Оның үстіне сіз бұған басқа жағынан қараңыз.
– Қандай?
– Мүмкіндік.
Лиза үндемеді. Басқа уақытта белгісіз, алайда дәл қазір ол бұл жағдайдан ешқандай мүмкіндік көрмеді. Керісінше, жылдар бойы құрастырып келген арманының күл талқаны шыққандай күй кешті.
– Сұлу маған сізді өзіме алуымды өтінді. Бауырларыңыз бен атаанаңыздың барлығы дәрігер екендігін біледі, сізге ауыр соққы болатындығын айтты, – деп, қыздың жаңағы қылығына күлгендей мырс етті, – сондықтан сіз бүгін менімен боласыз. Консультация жүргіземін.
– Мен таңдауды қайта жасағым келеді.
– Әрине, жасайсыз. Алайда, ендігі шешіміңіздің «дәрігер» болатындығына күмәнім бар. Кеттік.
Жігіттің соңғы сөздері қорқытса да, Лиза артынан еріп, екеуі кабинеттен шығып кетті.
– Менің міндетім сізді «шешімдермен» таныстыру. Кейін түйін жасау еркіндігі өзіңізде.
Жақсылық қызбен ең жоғарғы қабатқа көтеріліп, кодты теру арқылы ішке кірді. Лиза «мұрағат» деген сөзді байқады.
– Бұл жерде барлық адамдардың бірінші, екінші, үшінші… шешімдері сақталған. Және, әрине, қазіргі өмірлері жайында анықтама. Мысалы, қарапайым, бірінші таңдаудан дұрыс шешім қабылдап, қазір сол мамандықта белсенді еңбек етіп келе жатқан адамдарды білесіз.
– Ата-анам.
– Ия. Ал одан басқа шешім қабылдағандар туралы білесіз бе?
– Ия, жаңа айттым ғой, арасында…
– Жоқ. Одан да бөлек. Мысалы, қазір көрсетемін, жүріңіз.
Бірнеше бағандардың арасынан өтіп, Жақсылық қыздың қолына көп сары папкалардың арасынан біреуін суырып ұстатты.
Ашып көріңіз.
Лиза ашып оқи бастады.
– Әмір Зейденұлы. 45 жас. Үйленбеген, баласы жоқ.
– Жылы үйі болса неге отау құрып балалы-шағалы болмайды?
– деді қыз қағаздан ештеңені түсінбесін біліп басын көтере.
– Мына бетті қараңыз.
Келесі бетін ашып, Лиза кестедегі шұбырған «–» таңбаларын көрді.
– Бұл нені білдіреді?
– Осыған дейін Әмір мырза жиырма шақты «таңдаудан» өтті. Дегенмен, әлі күнге дейін үйін жылыта алмады.
Лиза үнсіз қалды. Жақсылық папканы қолынан алып, орнына салды.
– Біздің психологтарымыз ол кісімен ай сайын сеанс жүргізіп отырады. Әмір туған бойда ата-анасынан айырылып, жетім қалған. Жасөспірім шағында ұсақ-түйек жұмыстармен немесе қайыр сұраумен күн көрді. Сондықтан, әлі күнге дейін өзінің немен айналысатындығын білмейді. Отау құрмады.
– Неге оған көмектеспейсіздер?
– Көмектесіп жатырмыз. Жарты ай сайын ауруханаға орналастырамыз. Одан артығына Әмір мырза көнгісі келмейтіндігін айтты. «Таңдауға» келген сайын барлығымыз үміттенеміз…
Лизаның қазір-ақ ол кісіні әке-шешесінің үйіне шақырып алғысы келді. Өзінің соншама жыл бойы суықта өмір сүруі мүмкін екендігін ойлау…тіптен қорқынышты еді.
– Келесі, – деді жігіт ендігі бір бағандағы жәшіктен папканы шығарып, – Ербол Саятов.
– Өтінемін, ол жылы үйде тұрады деп айтыңызшы.
– Әрине, – деді меңгеруші жымыйып, – сіз секілді өте жылы үйде. Ата-анасының үйінде.
– Бірақ, мұнда оның жасы отызда деп жазылып тұр ғой.
– Дәл солай.
– Түсінбедім. «таңдауға» келмегені ме сонда?
– Көрмей тұрсыз ба? Келді деп тұр ғой.
– Ия, бірақ мұнда минус, кейін плюс, сосын тағы минус тұр.
– Сізге түсіндірейін, Лиза. Ербол таңдауға келгенде мен қабылдау бөлімінде жұмыс жасайтынмын. Екеуміз бір мектепті бітірдік, ол жігіттің ортамызда ең танымал әнші болғаны туралы сол жылдың әр түлегінен сұрасаңыз келісер еді. Және оның «мұғалім» дегенін естігенде, қатты таң қалғанымды жасырмаймын.

***

– Мұғалім? Ербол?
Бұйра шашты, сымбатты келген жігіт орындықтан көтеріліп жатып әлсіз езуін көтерді.
– Ата-анамды білесің ғой, екеуі де мұғалімдер.
– Ия, бірақ сен әншісің ғой.
– Ол жай қызығушылық.
– Бұл қазір дұрыс емес деп көрсетеді, бауырым.
– Көрсетпейді, сау бол.

***

– Осылай құрылғы минусты көрсетті. Келесі күні «Таңдауға» Ербол ата-анасымен келді. Менің қабылдау бөлімінде екенімді көріп, «баламыздың танысысың, біз жай тексеру үшін келдік, ешкім білмесін, бекітілмесін» деп қайтадан өтуге өтініш жасады. Келістім, алайда папкада барлығы қалатындығын ескерттім. Ербол қайта отырды. Бұл жолы «әнші» деп жауап берді. Әрине, сәлден соң компьютерімде плюс белгісі көрінді. Бірақ, бұл жауабына ұялатындығын жүзінен байқадым. Әкесі де шорт кесіп «болмайды» деп қайтып кетті. Дәл сол жерде анасы соңғы жауап «дұрыс» қалсын деп, Ерболды құрылғыға қайта отырғызды. Досымның үшінші жауабы солай «мұғалім» болды. Үйі жылымады. Ата-анасы оны жібермеді, қазір мұғалім болып жұмыс істейді. Мектеп кабинеттерінің ішінде соның ғана кабинетінің суық екендігін оқушылардан естимін.
– Өкінішті.
– Өте өкінішті.
Жақсылық досын, Лиза бейтаныс жігітті аяп, біраз үнсіз тұрды да, кейін ары жылжыды.
– Ендігі Рауза Сейдалиева. Папкасын ашпай-ақ қойыңыз, жасы жиырма бесте, анықтамасында бір ғана «минус».
– Ол нені білдіреді?
– Сізде нені білдірсе, соны, – деді жігіт күлімсіреп.
Кейін қайта келмеді ме? Таңдау жасамады ма?
– Папкада ол кісінің тұрмыста, үш баласы бар екендігі жазылған. Қызығы, Рауза он сегіз жасқа толған бойда осында келді. Таңдауда «визажист» деп жауап берді. Дұрыс емес деген жауапты естігеннен кейін араға бір-екі күн салып тұрмысқа шықты. Күйеуінің де жауабы мұнда бар. Бірінші таңдауда-ақ жылы үйіне барып орналасқан бизнесмен жігіт.
– Сонда қалай? Рауза ештеңемен айналыспайды ма? Үйі ше?
– Үйін бізге өткізді.
– Ештеңемен айналыспаса, үйден шықпайды ма?
– Лиза, қателеспеңіз, Раузаның сүйкімді үш ұлы бар. Оларды тәрбиелеу жұмыс емес пе? – деді жігіт күліп.
– Бірақ…
– Жүріңіз, мен сізге тағы бір нәрсе көрсетуім керек.
Жарты сағат мұрағатты аралап, кейін Жақсылық пен Лиза далаға шықты. Көлікке отырғанға дейінгі бір сәттік аяздың өзі адамның кеудесін жаншып, денені сықырлатып барады.
– Қош келдіңіздер, – деді жүргізуші екі қонақты жылы қарсы алып.
Көліктің іші, расымен, ерекше ыстық еді. Лиза аузын алақанымен жауып күліп, жігітке сыбырлады.
– Сонда бұл кісі «таңдауда» жүргізуші боламын деді ме?
– Әрине, жұмыстың жаманы болмайды. Тек жүрекпен қалау керек. Аға, бізді Қорлан апаның үйіне.

***

Қорлан апа екі қонақты қарсы алып, алдарына шай ұсынды.
– Киімдеріңді шешіп отырыңдар, үй жылы. Кеше ғана шетелден мына қалың кілемді сатып алып келдім. Жақсылық, ұшақтың қандай суық болғанын білсең…жұмыстарың қайда, ұшқышсымақты орнынан алып тастасаңдаршы. Әуеде мұз боп қатып қалсақ ше?
Лиза күліп жіберді. Жақсылық та жымыйып қызға көзін қысты. – Апа, ол кісінің енді мәжбүрлеп жұмысын өзгертпейміз ғой. «Таңдауға» ылғи келіп, айтатыны «ұшқыш». Минус шығады.
– Ұнатса да, минус шығатын кездер болады ма? – деп қалды түсінбеген қыз.

– Білесіз бе, ол кісінің денсаулығы, анығын айтқанда иммунитеті әлсіз, яғни қалауы болғанымен, тағдыры ұшқыш болуға сәйкес келіңкіремейді.
– адам өмірін тыныш сүруі керек қой, артына жүз адамды салып алып шошытпай, – деді апа қолын бір сілтеп, – мен қазір ыстықыстық тамақ алып келейін. Отыра беріңдер.
Қыз киімінен босап, шайдан бір ұрттады. Ыстық болғаны соншалық, тілі күйіп кеткендей сезілді. Бірақ…бір нәрсе дұрыс емес секілді.
– Сонымен, Лиза, мұнда неге келдік деп ойлайсыз?
– Түсінбей жатырмын.
– Үй жылы, ия? – деді жігіт те ыстық шайдан дәм татып.
– Ия…бірақ…
– Ия?
– Суық сезіледі. Есік ашық қалған тәрізді.
– Есік жабық, уайымдамаңыз. Қорлан апа оған жол бермейді.
– Онда терезе.
– Бұл үйде терезе жоқ, байқамадыңыз ба?
– Мынау қалың-қалың кілемдерден ештеңе көрінбейді.
– Керемет айттыңыз!
– Ау?- деді қыз таң қала қабағын көтеріп.
– Мынау сіз айтқан қалың-қалың кілемдердің артында дәл сондай қалың мұз жатыр.
– Қалайша?!
Лиза көру үшін орнынан тұрып қабырғалардың біріне ұмтылған еді, Жақсылық тоқтатып қайта отырғызды.
– Бұл әдепсіздік, Лиза.
– Аал, дәмнен алыңдар!
Шайға тілін күйдірген қыз тамақтың буын көргенде ыстықтығын ойлап қобалжыды. Жанындағы меңгеруші еш нәрсеге мән бермей Қорлан апамен әңгімелесіп, жайбарақат тамақтанды. Апаның бірнеше мәрте шетелге шығатындығын, демалыс орындарына көп баратындығын, үйдің сол жақтардан алып келген «сувенирлермен» толғандығын тыңдап отыра берді. «Әдепсіздік» деген сөзді бір естіген Лиза жан-жағына қарауға ұялып тыныш тамақтанды. Отырған сайын аяғына жаймен суықтың өтіп жатқандығын сезді. Башпайлары дірілдей бастағанда, қуанышына қарай, Жақсылық апамен қоштасып үйден алып кетті. Екеуі тағы көлікке отырды. Бұл жолы көліктің іші суық, жүргізуші тесіктерді қымтап, жылытқыш қосуға тырысқанымен даланың аязы екі қонақты тыныш отырғызбады.
– Бұл кісі жүргізуші болғысы келмейді ме?
– Ия, бірақ «таңдауда» да сәтті жауап бермейді. Амал жоқ, соған қарамастан үйленді, балалы болды. Асырау керек.
– Ауырады ғой.
– Денеден бұрын, жанның ауыратындығын айтсаңызшы, Лиза.
Жақсылық пен қыз кешке қарай «Таңдауға» қайтып келіп «13» кабинетке кірді.
– Ия, сұрай беріңіз?
– Қорлан апаның үйі…
– Ия?
– Сіз тоңбадыңыз ба? менің аяқтарым дір-дір етіп ақырында әрең отырдым.
– Мен де тоңдым.
– Сонда қалай?
– Қорлан апа кезінде отбасымен бірге келді. Біздің «Таңдаудағы» үлкен көтерілістердің бірі, – деді жігіт жымыя компьютерін қосып жатып, – апаның отбасы сіздер дәрігер сияқты ата-бабасынан бері атақты тігіншілер еді. Бағына орай, сол үйде он қыз туылды. Жетеуі тігінші болуды таңдады, тұрмыс құрды, қазір әрқайсысы жылы үйде, күйеулерімен, бала-шағасымен. Бір Орынова, тіпті, бүгінгі таңда үйін асырап отыр. Рауза секілді, ол кісінің күйеуі бір реттен соң таңдау жасамады.
– Неге көтеріліс дедіңіз?
– А, ия! Сегізіншісі осы Орынова Қорлан болатын. Отбасының көзінше апа орындықта отырып «саудагер» деп жауап берді. Атаанасы да, әпкелері, сіңілілері де оның дұрыс емес шешім қабылдағандығын, «минус» шығатындығын айтып, үйсіз қалатындығын айтып, қысқасы үлкен дау болды.
– Қорлан апа не деді?

***

– Қорлан-ау, неге олай дедің? Біздің әулетті білесің ғой, барлығымыз…
– Мен барлығы сияқты болғым келмейді, – деді жас Қорлан көзін айналдыра анасына басын бұрып.
– Енді, саудагер деген…ертең минус болып шығады ғой. Мынандай аязда үйсіз қалсаң қалай болмақ? Артыңда сіңілілерің бар.
– Неге минус шығады? Мен саудагер боламын. Көп ақша табамын. Тігінші болып сіздер секілді әркімнің талабына бір телміріп, күтіп отырғым келмейді. Менің бай болғым келеді!
– Тігінші болып-ақ бай бол, қарағым
– Сіздер байсыздар ма? Қыздар бай ма? Тіпті, Сағынышты білесіздер ғой, әрең-әрең ақшасын үйіне жеткізіп отыр. Күйеуі бір баласы секілді.
– Енді қызым-ау…
– Айттым бітті. Маған қандай жауап шықса да бәрібір. Мен саудагер боламын.

***

– Минус шыққаны ма сонда?
– Ия. Кейін қайтіп «Таңдауға» келмеді.
– Яғни, мұз-үйде тұрып жатыр. Сондықтан тоңған екенмін ғой.
– Ия. Бірақ, дегені болды. Қаладағы ең бай адамдардың бірі. Жаңа өзің де естідің ғой.
– Естідім, алайда…ол кісі жалғыз ғой және қанша қалың кілеммен қабырғаны жапса да үйдің жылымайтындығы белгілі. Одан бұрын, ағай…жүрегі жылымайды ғой. Ақша жүректі жібітпейді.
– Мүмкін дұрыс айтасыз. Қорлан апаның жалғыз екендігі рас, сол оқиғадан кейін ата-анасы, бауырлары оған баруды қойды. Жылы үйі бар адаммен тұрмыс құруға намысы жібермеді, мұз-үйі бар еркекпен әпкесінен кейін қосылғысы келмейді. Балалы болуға ақшасы жеткендігімен, үйіндегі суықтан денсаулығы жарамайтындығын да естідім.
Жақсылық та, Лиза да терең тыныс алып, қатты күрсінді. Кейін жігіттің жүзі тағы да жылылыққа толып, қызға басын бұрды.
– Менің жұмысым аяқталды, Лиза. Ертеңгі қабылдауға сізді кезекке жазып қоямын. Келісесіз ғой?
– Ия, – деді қыз басын изеп.
– Айтарым: ең алдымен, таңдау еркі өзіңізде. Жүрек қалауын тыңдаймыз. Және, сіздің сізді түсінетін, қолдайтын ата-анаңыз, бауырларыңыз бар, соған шүкір етіңіз. Үшіншіден, есіңізде болсын, тағы да айтамын, «жұмыстың жаманы болмайды».
– Түсіндім, ағай, сізге көп рахмет.
– Сұрағыңыз бар ма? Бар сияқты.
– Тек… Қорлан апа туралы сұрайын деген едім.
– Таңдауы туралы айтасыз ба? Біздің орталықта аты шыққан оқиғалардың бірі болғандықтан ғылыми гипотезалар жасағанбыз.
Және апада, ия, плюс көрсетуі мүмкін…
– тігіншіні таңдағанда.
-ия, дұрыс айтасыз.
Лиза таң атысымен үшінші мәрте «Таңдау» ғимаратының алдына келді. Кезекте тұрып қабылдау бөліміне бет алды.
– Сәлеметсіз бе, Сұлу апай, қалайсыз?
– Сәлем, жаным. Барлығы дұрыс па? Дайынсың ба?
– Ия, дайынмын.
– Ата-анаң бірге келмеді ме? Отыра ғой.
Лиза басына құрылғыны киіп, орындыққа жайғасты.
– Ата-анам, бауырларымның барлығын үйге шақырып қойдым.
– Өзіңе сенімді сияқтысың ғой, – деді Сұлу жымыя мәліметтерді толтырып отырып, – қуаныштымын.
– Сіздер маған көп көмектестіңіздер. Сол үшін алғысым шексіз.
– Біз жай ғана жол сілтеушілерміз. Қақпаның кілті өзіңнің қолыңда. Сонымен? Бастайын, ия?
– Ия.
Құрылғы іске қосылып, Лиза денесіндегі ауырлықты бірден сезді. Жүрегі де, миы да бірге жұмыс жасай бастағандай.
– Лиза, мені естіп тұрсыз ба?
– Ия.
– Қай мамандықпен айналысқыңыз келеді?
–…«Таңдауда» жастарға көмек бөлімінде.
Сұлудың жүзі жадырап сала берді.
– Лиза Сабирова, сіз осы орталықта жастарға көмек бөлімінде істегіңіз келеді, дұрыс естідім бе?
– Ия.
– Өте жақсы!

***

Лиза осыдан екі күн бұрын көрген жып-жылы дүкеннен нан алып шығып «өзінің» үйіне асықпай жүріп келеді. Бір уақытта жарықты көрді. Терезеден таныс бейнелерді көрді. Тоңып тұрса да, сол жерде тұрып қалды, еріксіз езуі жоғарыға көтеріле берді. Әне, анасы ас үйде шай қойып жатыр. Әкесінің жүзінде күлкі, ағасы Серік екеуі үлкен үстелді ас үйден шығарып әлек. Арттарында Балжан әпкесі айқай салғандай залға нұсқайды. Барлығының үстінде жеңіл киім, жалаң бас. Лиза бұл жолы қателеспегенін түсінді.

Рима Отызбаева

12 қантар, 13:42
Заңгер: Кінәсі сотпен дәлелденсе ғана - қылмыскер
26 желтоқсан 2025, 17:18
ЮНЕСКО тізімі және цифрландыру: тарихи-мәдени мұраны сақтау саласында қандай жұмыс жүргізілді?
26 желтоқсан 2025, 13:06
Айлалы роман: алаяқтар танысу сайттарында қалай алдайды
25 желтоқсан 2025, 16:53
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлына “Халық Қаһарманы” атағы ресми түрде берілді
25 желтоқсан 2025, 15:12
«Әкең жынды болса, байлап бақ»: Мұхамеджан Тазабеков Түркістандағы оқиғаға қатысты пікір білдірді (Видео)
25 желтоқсан 2025, 13:38
Жыл қорытындысы: заң, тәртіп және цифрлық даму
25 желтоқсан 2025, 11:48
"Қауіпсіз шот" жоқ! Бас прокуратура алаяқтардан сақтануға шақырды
24 желтоқсан 2025, 10:54
2025 жыл: мәдениет саласындағы даму мен жаңару кезеңі
22 желтоқсан 2025, 13:50
Қызылорда облысына биыл 750 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды