jasqazaq.kz

Өмірді сүю

17 тамыз 2017, 17:43

Атыраулық мүгедек жаңдардың ерекше өнері әлемді тамсантып отыр. Арбаға таңылған тағдырлар. Жарық күнді бір көруге зарығып, қараңғылық құрсауына өмір бойы таңылуға мәжбүр болғандар. Немесе туған анасының дауысын бір ести алмай, құстың сайрағанын ойша ғана елестетіп, осының өзіне шүкіршілік ететіндер…

«Шексіз таланттар» өнер мектебінен осындай сан қилы тағдырлардың барлығын кездестіресіз. Тағдырдың жазуымен мүгедекке айналса да, өмір сүруден күдерін үзбеген жігері мықтыларды Атырау аймағына белгілі мәслихат депутаты, «Татулық» татар-башқұрт мәдени орталығының жетекшісі Гүлсина Байкенова біріктіріп отыр.

Гүлсина ашқан «Шексіз таланттар» мектебі 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. «Дәл қазіргі таңда мектепте 20 адам бар. Оның ішінде арбадағы мүгедектерді, есту қабілетінде мүкісі барларды, көзі көрмейтіндерді және аутизм дертіне шалдыққандарды да кездестіресіз. 13-46 жас аралығындағы қыз-жігіттеріміз расымен де талантты. Мені олардың өмірге деген құштарлығы қатты таң қалдырады. Он екі мүшеміз сау бола тұра өмірдің сәл ғана сәтсіздіктеріне мұңаятынымызға ұяламын. Мен олардан өмірдегі кез-келген жағдайды, құбылысты сол күйінде қабылдауды үйрендім» дейді бас кейіпкер Гүлсинаның өзі.

Бастапқыда би мектебі ретінде ашылған орталықтың өнерпаздары бүгінде ыммен ән айту, вокалды ән орындау, сурет салу, қолөнер бұйымдарын жасауға да машықтануда. Былтыр ғана осы мектептің шәкірттері көршілес Ресейдің Астрахан қаласында өткен бүкілресейлік мүгедек балалар мен жетім, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жандар арасындағы «Подари улыбку детям» фестиваліне қатысып, Нұржан Бағытов гран-при иегері атанды. Есту-сөйлеу қабілетінен айрылған Нұржан үшінші топ мүгедегі. «Бірақ, денсаулығындағы осындай кінәратқа қарамастан ол біздің мақтан тұтарлық солистіміз. Яғни, ән де орындайды, би де билейді. Күні кеше халықаралық ЕХРО – 2017 көрмесі аясында, Астанада Атырау облысының мәдениет күндері өткен болатын. Осы мерекеде Нұржан сахнада өнер көрсетіп, ыммен ән орындады. Яғни, жеке өнер көрсетті. Менің шәкірттерім үшін мұның өзі үлкен жетістік. Олар Атыраудың намысын қорғап жүргендерін мақтан тұтады» дейді «Шексіз таланттар» мектебінің жетекшісі Гүлсина Байкенова.

Ерекше атап өтерлігі, мектеп шәкірттері өнермен ғана шектеліп жүрген жоқ. Бас кейіпкеріміз Гүлсина депутат ретінде де бұл азаматтардың әлеуметтенуіне бар күшін жұмсап жүр. Осы орталықтың шәкірттерінің бірі Жұмабай Жұмағалиев жергілікті политехникалық колледждің түлегі атанды. Асылай Ақбергенова Атырау қаласындағы №7 емхананың тіркеу бөлімінде қызмет етеді. Өмірге деген құштарлығымен өзгелерге үлгі болып жүрген осынау қаракөздеріміздің былайғы жұрт біле бермейтін тағдырлары, әрқайсының жеке оқиғасы, өмірі бар.

Бұрынырықта осы би мектебінде Жеткізген деген талантты жігіт болды. Талайды тамсандырып, сахналарда сәтті өнер көрсетіп жүрді. Осы мектепке келген бір жылдың ішінде жаңа достар тауып, тіпті отбасын да құрды. Өкінішке қарай, денсаулығын меңдеген ауру Жеткізгенді бәрібір өмірден алып кетті. Бірақ, Жеткізгеннің артында «өмірді сүю» деп аталатын ғажайып жол қалды. Осы бір оқиғаны өкінішпен, әлде бір сағынышпен еске ала бөліскен Гүлсина Байкенова мектебіндегі әр тағдыр иесінің өзінше бір феномен екендігін айтады. «Мен олардың қуанышын да, қайғысын да бар жан-тәніммен қабылдаймын. Бұл ерекше

ортаға мүсіркеп қараймын деп те айта алмаймын. Мен үшін олардың әр қайсысы өзінше бір әлем. Жұмбақ әлем десем де болады. Осыдан сегіз жыл бұрын мектеп жұмысын бастаған уақытта айналамдағылар мені қолдамаған болатын. Себебі, сырқаулы адамдармен нақты нәтижеге жетудің өзіне күш керек қой. Ерік-жігер, қайраттылық керек. Бірақ, біз осынау уақыт ішінде талантта шектеу болмайтынын, өмір сүруге деген махаббаттың барлық қиындық атаулыны жеңіп шығатынын дәлелдедік. Әрине, мектебімдегі әр адамның жеке психологиясы, мінезі, өзіндік көзқарасы, ерекшелігі бар. Әрқайсысының жүрегіне жол таба білудің өзі оңайлықпен келе қоятын тәжірибе емес. Бірақ, ерекше талантты бәрібір ашу керек қой. Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатпайды емес пе?» деп толқи сөйлеген кейіпкеріміз Гүлсина Байкенова алда көптеген жоспарлар құрып отырғанын да айтты.

Бір ғажабы, өз мүмкіндіктерінің шектеулілігіне қарамастан, «Шексіз таланттар» мектебі түрлі қайырымдылық шараларына да белсене қатысып жүр. Өзгенің қасіретіне бей-жай қарамаудың ең ғажап үлгісі осы болар сірә…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды
29 тамыз, 19:32
Шетелден ақша алатын белсенді мен блогерге жайсыз жаңалық
27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда