ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшін Шығыс Қазақстан облысы Шолпан ауылындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы туралы баспасөз өкілдеріне мәлімдеме берді, деп xабарлайды Baq.kz.
“Қыркүйекте екі сары аурумен ауыру жағдайы тіркелді. Сары ауруға негізгі себеп — ауыз судың таза болмауы, одан кейін ауру тұрмыстық қарым-қатынас арқылы тарала бастайды. Ауылға Семейден гепатитпен ауыратын қонақ келеді. Сол қонақ арқылы ауру оқушыға жұғады. Қыркүйектен кейін екі адам ауырған. Қазанда тағы бір жағдай, желтоқсанда екі жағдай тіркелді. Олардың бәрі бақылауға алынды. Жұқтырушылар да бақылауымызда болды”, — деді ол.
Оның айтуынша Шолпан ауылдық мектебінде 11 оқушы А гепатитін жұқтырған.
“Ауылдағы жағдай бақылауға алынды. Мектепті күшейтілген дезинфекциялық режимге ауыстырдық. Ауырған 12 баланың біреуі — мектепке бармайтын бала. Ал қалған 11 оқушыға вакцина салынбаған”, — деді Жандарбек Бекшін.
Шығыс Қазақстан облысында вакциналау жұмыстары екі жыл бұрын басталған. Қазіргі уақытта алдын алу мақсатында А вирусты гепатитіне қарсы 140 балаға екпе егілген.
“11 мектеп оқушысы гепатитпен ауырды. Алтауына дәрігерлерге жүгінгеннен кейін диагноз қойылды, ал қалғандарының диагнозын біздің медицина қызметкерлері үйлеріне барып, мектепке шығып анықтады. Бәрі нақты бақылауда. Біз лабароториялық, методикалық тексеру жасап, мектептен ауыратын алты баланы анықтадық. Алты бала өздерінің ауыратындарын сезбеген де. Бірақ біз оларды мектептен алып, ауруxанаға жатқыздық”, — деді ол.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшін елімізде соңғы жылдары тіркелген сары ауру фактісінің санын атап өтті.
“Қазақстан бойынша 2000 жылы 23450 сары аурумен ауыру фактісі тіркелді. Қазіргі таңда 2000 жылмен салыстырғанда А вирустық гепатитімен ауыру саны 43 есеге азайған. Былтыр 508 жағдай тіркелді. 25 мың мен 500-ді салыстырып көріңіздер. ШҚО туралы айтар болсақ, 2000 жылы 740 жағдай, былтыр 75 жағдай тіркелді, яғни 9 есеге аз”, — деді ол.