Осыдан бірер ай бұрын газетімізде «Бұл трамплиннен секіру қауіпті» деген мақала шықты. Онда Мәжіліс депутаты Владислав Косарев «Щучинск қаласында салынып жатқан республикалық шаңғы спорты базасындағы трамплинін кім салады, сол өзі секірсін» деп мәселе көтерген еді.
Сол трамплиннен секіретін уақыт та таяп қалған сияқты. Бейсенбі күні Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл кешеннің құрылысы жаз мезгіліне дейін аяқталатынын айтты. Тіпті маусым айында қолданысқа берілуі ықтимал. Министрдің сөзіне қарағанда, спорт кешені қысқы спорт түрлеріне тікелей жауап беретін халықаралық санаттағы мамандардың қатысумен салынып жатыр. Мамандар кешенге жоғары баға беріпті.