Мәжілістен кеткен Динара Шүкіжанованың орны кімге бұйырады?

24 қантар, 13:07

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Динара Шүкіжанованың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Мұны Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов хабарлады.

«Парламент Мәжілісінің депутаты Динара Аманжелқызы Шүкіжанова міндеттерін атқарудан өз еркімен босату туралы өтініш берді. Осыған орай, Орталық сайлау комиссиясы сіздердің назарларыңызға Конституцияның 52-бабына, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 24-бабы 3 және 8-тармақтарына сәйкес, Мәжіліс депутаты Д.Шүкіжанованың өтініш беруіне байланысты оның өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгізіп отыр», — деді Шавхат Өтемісов.
Төменгі палата депутаттары осы ұсыныс бойынша дауыс беріп, Шүкіжанованың өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады.
Мәжілістен кету туралы өз еркімен өтініш жазғанын енді экс-депутат растады. Ол Мәжіліске былтыр 19 наурызда өткен Парламент сайлауының қорытындысы бойынша Respublica партиясының тізімімен өткен болатын. Динара Шүкіжанова – осы партияның тең төрайымы. «Партияда қаламын» деген ол депутаттықтан не үшін кеткенін түсіндірді.
«Respublica партиясының тең төрайымы болып қаламын. Енді аймақтарға баруым, өндірісте жұмыс істеуім еркіндеу болады. Біз о баста партияда ауысып отыруымыз керек, партиялық тізім бойынша ротация жүруі керек деп келіскенбіз. Партияның тең төрайымы болғаныма бір жылдай уақыт өтті. Мәжіліс депутаты болғаныма да бір жылға жуықтады. Ендігі жағдай былай болып тұр: мен өндіріске оралуым қажет», – деді Шүкіжанова.
Алайда кейбір дереккөздер оның партия басшысы Айдарбек Қожаназаровпен (ол да Мәжіліс депутаты) сөзге келіп қалғанын хабарлады. Яғни ұйымда текетірес болған көрінеді. Бірінші басшылыққа таласқан-мыс. Бірақ бұны Қожаназаров теріске шығарды.
«Динара Шүкіжанова менің жақын досым. Екеуміз партияны құрардың алдындағы көп уақыттан бері доспыз. Әлі де дос бола береміз. Ол тең төрайым болып қалды ғой. Сондықтан ондай (текетірес – ред.) ойымызда болған емес», – деді Respublica партиясының төрағасы.
Айта кетейік, Динара Шүкіжанова саясатқа бизнестен келді. 2022 жылы «Агромашхолдинг KZ» акционерлік қоғамының президенті болып тағайындалған. Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі. Ал аталған компанияға 2011 жылы шақырылған ол президент болып тағайындалғанға дейін сонда біраз қызметтер атқарыпты.
«Агромашхолдинг KZ», аты айтып тұрғандай, ауыл шаруашылығы техникаларын шығарумен айналысады. Кәсіпорын Қостанай қаласында орналасқан.
Енді босаған орынға кім келеді деген сұрақ туындайтыны анық. Бірақ орнына Respublica партиясының ұстанымын өзі сияқты лайықты түрде жеткізіп отыратын адам келеді деп ойлайтынын жеткізген Динара Шүкіжанова өзінен қалған Мәжіліс мандаты кімге бұйыратынын айтпады. Ал Қожаназаров бұл мәселе алдағы апталарда шешілетінін мәлімдеді.
Енді бұл орынға Respublica-ның тең төрағасы Сырымбек Тау келуі мүмкін деген болжам бар. Естеріңізде болса, 2023 жылғы Парламент сайлауы алдында ол партиялық тізімнен шығып қалған еді. Елге Моңғолиядан оралған кәсіпкер әрі саясаткер сол кезде Орталық сайлау комиссиясының неге мұндай шешім шығарғанын білмейтінін, бірақ бұған азаматтық алғанына 10 жыл толмауы себеп болуы мүмкін екенін жеткізді. Өзінің айтуынша, Сырымбек Тауға Қазақстанның төлқұжаты 2013 жылдың 8 тамызында беріліпті. Енді 10 жылдан асып кетті. Сондықтан бұл болжамымыздың қисыны бар сияқты.
Сондай-ақ кейбір дереккөздер босаған орынға партия Орталық аппаратының басшысы Бақытбек Хамит баруы мүмкін екенін жазуда.

Оразәлі Баймұрат

Бүгін, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
Бүгін, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу