Мәнді өмір сүрді

15 маусым, 14:14

Мәңгі өмір болмайды, мәнді өмір болады. Дүние салған Мұрат Әуезовтің жарқын ғұмыры сол ақиқаттың бір айғағы деп айта аламыз. Бұл қазаның қайғысы баршамызға ортақ. Ұлтымыздың асыл азаматы, көрнекті перзенті қазақ руханияты мен мәдениетін сақтап, дамыту жолында жан аямай еңбек етті. “Жас тұлпар” ұйымынан бастап жиған білімін, игерген ғылымын, тәжірибесін ардың ісі — әдебиетке, мәдениеттануға жұмсады. Замандастарының санасына мәдениет ұғымын сіңіруде өнеге көрсетті. Елдестірген елшілік қызметінде де, достық қарым-қатынас өрісін кеңіткен халықтық дипломатияда да, заң шығару саласы мен қоғамдық жұмыстарда да ұдайы ізденіс үстінде жүріп, ұлтымыздың жауһарларын насихаттауды мұрат тұтты. Әрдайым шығармашыл қауымның бел ортасынан табылатын Мұрат Мұхтарұлы журналшылармен бірге бірнеше танымдық жобаларды жүзеге асырды. Оның жазған кітаптары мен алтын қор қоржынына түскен жазба, видеоматериалдары келер ұрпақ үшін құнды қазына болатыны сөзсіз деп ойлаймыз.
Кезінде Мұрат Әуезовтің идеясымен Түлкібас ауданында (онда әкім болып істеу бізге бұйырған-ды) бастау алған “Жібек жолындағы сұхбат” халықаралық мәдени қарым-қатынасты нығайту жобасы кейін дүние жүзіне танымал болды. Оған Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Ресей, Қырғыз елі, Өзбекстан сынды көрші мемлекеттер өкілдерімен бірге өзге де елдердің шығармашыл зиялылары қатысты. Зиялылардың зиялысы, сөзге шешен Мұрат Мұхтарұлы сөйлеген кезде жиналған жұрт жүректеріне тәтті шырын құйылғандай ұйып тыңдайтын. Ұлтымыздың бай мәдени мұрасы, терең философиясы мен дүниетанымы оның қайталанбас ойларына арқау болды. Оның білімдарлығы, шынайылығы меймандарды баурап алғанда, қазақ ұлты үшін, оның талантты өкілі Мұрат Мұхтарұлы үшін кеудемізді мақтаныш кернейтін.
Әлемді билеген Әмір Темірден:
“Ғұламалармен сұхбаттас бол һәм пәк ниетті, жүрегі таза кісімен жақындасуға талпын. Олардың даналығынан үлес алып қал, мүбәрак ниетімен дұға-батасын беруін өтініш қылып сұра!” деген өсиет қалған екен.
Біз заманымыздың ғұламасы, мәдениет майталманы Мұрат Әуезовпен өмірдің әр кезеңін бірге өткізген, соның ішінде Жібек жолы бойында сұхбаттас болып, батасын алған барша бауырларымызға, әріптестеріміз бен достарымызға көңіл айтамыз.

Дархан МЫҢБАЙ

PS. Мұрат ағамыз әр аптаның жұмасында бізге жақсы ниетін әр түрлі мешіт келбетіндегі тілегі арқылы білдіретін. Өзіндік сәлем алмасу салтымыз бар еді. Соңғысын кеше сағат 01.37 жолдады. Алла алдынан жарылқасын!

26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында ұздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 17:38
Түркістан: Есірткіге қарсы профилактикалық шаралар қарқынды жүріп жатыр
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды
23 шiлде, 11:56
Түркістан: Шардара ауданында профилактикалық іс-шаралар жалғасуда
22 шiлде, 14:26
Түркістан: Жетісай ауданында қауіпсіздік іс-шаралары өтуде