Медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі болып табылады. Бүгінде дамыған елдердің көпшілігі оны денсаулық сақтау саласында қолданып, нәтижесін көріп отыр. Жүйе біздің елімізде де қолданысқа енгізілген. Бұл сақтандыру түріне мемлекеттік бюджеттен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. 24.kz хабарлағандай, еліміздегі кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету өтініштерін қабылдау жұмысы аяқталыпты.
Медициналық қызметтерге тапсырыстарды орналастыру биыл алғаш рет МӘМС жүйесі шеңберінде өткен болатын. Халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру қағидасын қамтамасыз ету және денсаулық сақтау мекемелері арасында бәсекелестікті дамыту үшін бірыңғай қызмет көрсетушілер базасы қалыптастырылды. Сондай-ақ, МӘМС жүйесі жағдайында тегін медициналық қызмет көрсетуге үміткер медициналық ұйымдардың арасында конкурс өткізілді.
Астана қаласы бойынша «ӘМСҚ» КЕАҚ филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров конкурс аясында атқарылған жұмыстарды жүйелеуге кіріскендігін айтты. Ол «Конкурсты тек сапалы медициналық қызмет көрсете алатын мекеме ғана жеңе алады. Бұл байқау екі кезеңнен тұрды. Алдымен медицина мекемелері өзіне қатысты мәліметтерді «Жеткізушілердің бірыңғай тізіліміне» енгізді. Қор осы мәліметтерге сүйене отырып, олардың минималды стандарттарға сәйкестігін тексерді. Оң нәтиже алған медициналық ұйым екінші кезеңге өтті. Астана қаласында мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша 73 денсаулық сақтау субъектісі құжаттарын тапсырды. Олардың 36 — мемлекеттік, 37 – жекеменшік медициналық ұйымдар мен орталықтар. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен екі есе көп» -дейді.
Медициналық көмек көлемі медициналық қызметтерді сатып алу жоспары негізінде орналастырылады екен. Сонымен қатар Қор жыл бойы қосымша медициналық қызметтерді орналастыратын жеткізуші компанияларды іріктейтін болады. Яғни, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін ала алмаған медицина ұйымдары дерекқордан алынбайды. Өйткені олардың алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыс алуға мүмкіндігі бар. Ал биылғы жылдан бастап мемлекеттік және жекеменшік ауруханалар мен емханаларға теңдей жағдай жасалады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басты мақсаты – тұрғындарды қолжетімді және сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Сондықтан республикалық және аймақтық комиссиялар конкурсқа қатысқан әрбір өтінішті мұқият қарастырады. Медициналық көмек көлемін алғысы келетін денсаулық сақтау нысандары кадрлар құрамы мен материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі, соңғы 3 жылда атқарған қызметіне қатысты негізгі көрсеткіштер, расталған, негізі бар шағымдар т.б. көрсеткіштер бойынша бағаланады. Іріктеуден өтпеген субъектілерімен медициналық сақтандыру қоры келісімшарт бекітпейді. Әрбір өтінішке қатысты жұмыс барынша ашық және айқын жүргізілуі мақсатында, комиссиялардың құрамына мемлекеттік емес ұйымдардың, Денсаулық сақтау басқармаларының, медициналық мекемелер мен кәсіподақтар өкілдері кіреді. Медициналық сақтандыру қорының ресми сайтында МӘМС Қормен келісімшарт жасаған медициналық ұйымдардың тізбесі орналастырылатын болады.