Үкімет сағатында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемін 3 есе, яғни 1 трлн-нан 2,9 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бергенін атап көрсетті, деп хабарлайды jasqazaq.kz.
Министр: «Бұл саланың көптеген бағытын қаржылық ресурстармен барынша толықтырды. Оның ішінде дәрігерлердің жалақысы 2,3 есе өскендігін айтып кеткен жөн, — деді.
Ал Мәжіліс депутаттарының өз айтары бар.
Мәселен, Дәния Еспаева соңғы үш жылда денсаулық сақтауға шығыстың 2,8 есе артқанын, ал халықтың қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі 47 пайызға дейін төмендегенін алға тартты. «Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру нәтижелерінің бірі саналатын диагностикалық қызметтердің тұрақты өсіп жатқаны туралы үнемі есеп береді. Олардың деректері бойынша консультациялық-диагностикалық қызметтер саны, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография қызметтерінің саны 7 есе өскен», — дейді Еспаева.
Алайда депутаттың айтуынша, диагностикалық қызметтердің өсуі ауруды ерте анықтауға ешқандай әсер етпеген. Кей жағдайда бұл қызметтер қажеттіліктің жоқтығына қарамастан тағайындалған.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін қатаң сынға алды. Оның айтуынша, бұл жүйе қазіргі уақытта өз мақсатына жетпей, азаматтардың сенімінен айрылуда.
«Қазіргі таңда медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен төлемдер «денсаулыққа салынатын қарапайым салыққа» айналып отыр. Сақтандыру қоры Денсаулық сақтау министрлігінің банкіне айналып кеткендей әсер қалдырады. Азаматтар мен дәрігерлер тұрақсыз және ойластырылмаған реформалардың құрбанына айналды», — дейді депутат.
Оның айтуынша, қазіргі жүйенің нәтижесінде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы айтарлықтай төмендеді. МӘМС жүйесі азаматтар алдында өз беделін түсіріп алды. Бұл жүйеге деген сенім жоғалып барады.
А.Аймағамбетов: «Бір жағынан, қаражаттың жетіспеушілігі байқалады. Екінші жағынан, емдеу тарифтері сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік бермейді. Оның үстіне, осы қаражаттың өзі көп жағдайда тиімсіз жұмсалады. Бұл мәселелер тек Денсаулық сақтау министрлігінің жауапкершілігімен шектелмейді. Біз бұл жағдайдың ұзақ мерзімді, жүйелік мәселелердің салдары екенін нақты түсінуіміз керек.
Бұл жүйелік мәселелерді де жүйелі түрде шешу қажет. Денсаулық сақтау министрлігінің кейбір ұстанымдары мен шешімдеріне келіспейтін жерлеріміз болса да, біз конструктивті диалогқа және бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз, – деді.
Мәжіліс депутаты МӘМС жүйесі медицина мекемелері үшін ақша жасаудың құралына айналғанына үш мысал келтірді.
«МӘМС бойынша бес айлық баланың тісін кариестен емдеген. Бес айында әлі тісі шықпаған баланың тісін қалай емдеуге болады?
Тағы бір адамның 82 тісі емделген және соған қаражат төлесін деп қорға тиісті есеп берген.
Бір күнде бір аурухана бір адамға 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп. Неге? Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен қосып жазуға итермелейді. Себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ. Ал клиникалық протоколдар мен тиісті стандарттар бұлыңғыр және ашық емес», — дейді депутат.
Депутаттар сынына денсаулық министрлігі қандай жауап берер екен?
Олжас Әбдіхалық