Ұлттық Ұлан 55/10 әскери бөлімінің қару-жарағы мен техникасы жылдық техникалық бақылаудан өтті.
Бұл жолы Астанадан келген «Орталық» өңірлік қолбасшылықтың тексеру комиссиясы мен әскери полиция қызметкерлері техниканың кем-кетіктерінің бар-жоғын тексеріп, сапасына назар аударды. Мұндағы басты мақсат әскери техниканың кез-келген жауынгерлік шараларға сақадай сай тұруын қамтамасыз ету. Бүгінде 55/10 әскери бөлімінің техникалық қамтылуы 60 пайызды құрайды. Биыл осы мәселеге ерекше мән беріліп, қосымша әскери көліктер сатып алу жоспарланып отыр.
– Біздің әскери техникалар негізінен қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысып, уақытша қамауға алынғандар мен сотталғандарды тасымалдау, сот процестеріндегі қауіпсіздік мәселесін қамтамасыз етуде қолданылады. Сондықтан, олардың техникалық жағынан қамтамасыз етілуі аса маңызды. Биыл әскери бөлім тағы қосымша жаңа техникалармен толығатын болады, – дейді 1-ші рота командирі Архат Серікбаев.
Жалпы, бақылау нәтижесі көрсеткендей 55/10 әскери бөлімінің техникасы өз міндетін орындауға бейбіт күндері де жүз пайыз дайын тұр. Осындағы «БТР» мен «Федерал» әскери көліктері роталық және полктік оқу-жаттығу жұмыстарына белсенді қатыстырылуда, сондай-ақ, республикалық деңгейдегі түрлі байқауларда үздіктер қатарынан көрініп, мамандар тарапынан жоғары бағалануда.