«Мама Про»: аналардың арманын орындауға көмектесетін айрықша жоба

07 желтоқсан 2023, 12:25

 

Алматыда «Шеврон» компаниясының қолдауымен «Мама Про» әлеуметтік жағынан осал әйелдерді қолдау және дамыту қорының жиыны өтті. Форумның мақсаты — даму ерекшеліктері бар балаларды, ерекше балалардың бауырлары мен олардың ата-аналарына бизнес жүргізуді үйретіп, қоғамнан өз орнын табуға көмектесу. Биыл жобаға қатысқан ерекше бала тәрбиелеп отырған 40 ана бизнестегі орнын нығайту үшін 8 воркшоптан өтті. «Шеврон» компаниясының грант қаражаты есебінен жеке тәлімгерлік және коуч сабақтарын алды. Сонымен қатар Алматы мен Астана қаласынан 20 жасөспірім көшбасшылық курстан өтіп, өз жобаларын басқаруға мүмкіндік алды.

«Мама Про» жобасының президенті әрі менеджері Айжан Әлжанова форум аясында жобаның тарихына тоқталды. Ол: «Бүгін біз 5 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жобамыздың қорытынды жиынына жиналып отырмыз. Ең алдымен біздің қатысушыларымыз туралы айрықша атап өткім келеді. 2017 жылы ерекше баланы тәрбиелеп отырған үш ананың бірігіп даму үшін ойластырған жобасы бүгінде үлкен нәтижеге қол жеткізді. Ерекше балаға қамқорлығы мен бүкіл махаббатын беретін анасы. Әрине, ана үшін бұл қажырлы еңбекті талап етеді. Әрбір ана өз баласы үшін аянып қалмайды. Біз алғаш жобаны бастағанда ерекше баласы бар аналарға арнайы ашылдық, ал қазіргі таңда біз ерекше баласы бар отбасы мүшелерінің барлығына арнайы жоба жасадық. Біздің елімізде ерекше баланы тәрбиелеп отырған 104 мыңнан астам отбасы бар. Биыл біздің курсқа қатысып, өз бизнесін дамытып, отбасылық бюджетін арттырып отырған ерекше баласы бар қажырлы аналарға алғыс айтамын», — деді.

«Мама Про» жобасының жүзеге асуына үлес қосқан «Шеврон» компаниясының өкілі Жанар Қошпанова компанияның әлеуметтік салаға ұдайы демеушілік жасайтынын атап өтті. Ол: «Шеврон» — мұнай-газ компаниясы. Әлемнің барлық мемлекеттерімен жұмыс істейді. Қазақстанда біз 1993 жылдан бері жұмыс істейміз. Компания еліміздегі әлеуметтік жобаларға көп көңіл бөледі. Біз жобаларды іске асырған кезде көбінесе әлеуметтік сала бойынша нәзік жандылардың қатысуына назар аударамыз. «Мама Про» жобасы жайлы естігенде ең алдымен жоба туралы пікірлерге мән бердік. Қазіргі таңда жобаның сәтті өткендігін көріп, ерекше баласы бар аналардың өзін-өзі дамытып, бизнес ашып, қоғамнан өз орнын табуына себеп болғанымыз қуантады. Біз жоба ұйымдастырушыларымен үнемі байланыста болдық. Олардың әрбір жетістігі назардан тыс қалған жоқ. Жобаға қатысу арқылы өзінің арманы мен мақсатына қол жеткізіп, отбасылық табысын арттырған аналарды көріп қуанып жатырмыз. Сондай-ақ биылғы жобамызда ерекше балалар мен олардың бауырлары қатысып, өздерінің көшбасшылық дарынын дамытып, тәжірибе алғандарын да қуанышпен айта аламыз. Жобаға үлес қосқан коуч, менторларға ерекше алғыс айтқым келеді», — деді.

Форум аясында жобаға қатысқан жасөспірімдер мен ерекше баласы бар аналар да өздерінің оқиғаларымен бөлісті.

Әділет Адамбаев, жоба қатысушысы:

«Мен Астана қаласынан келдім. Менің 7 жастағы ерекше қарындасым бар, есімі — Мәлике. 2022 жылы «Мама Про» жобасына қатысып, курстан өттім. Мобилография бойынша алты ай курсты аяқтап, жоба жетекшісіне өзімнің онымен бірге жұмыс істегім келетін айттым. Сол күннен бері «Мама Про» жобасында мобилограф болып жұмыс істеймін. Алдағы уақытта өз командамды жасақтап, қатарластарыма мобилография бойынша курс өткізгім келеді».

Әсел Абдулова, ерекше баланың анасы:

«Мен екі баланың анасымын. Тұңғышым Әли туылғаннан ерекше бала болды. Баламмен бірге талай ұйқысыз түндер өтті, бірнеше рет ота жасалды. Өмір үшін күрес басталып кетті. Ауруханада жүрген кезде мен үйге киетін киімдерге тапсырыс беріп, палатада бірге болған аналарға саттым. Осылай ақырындап өз бизнесімді ашып көрмек болып, интернет дүкенді дамыттым. «Мама Про» жобасы жайында естіп, әрі қарай кәсіби тұрғыда дамығым келді. Жоба демеушілеріне алғыс айтамын. Өйткені бұл жерге келгеннен кейін қаржы сауаттылығы мен бизнесті дамытудың қыр-сырын үйреніп, психологиялық қолдау алдым. Менің ойымша, осы жобаға келген әр ананың өмірінде ғажайып оқиға орын алады. Өйткені «МамаПро» барлық жағынан зор қолдау көрсетеді».

Форумға келген әрбір ана өз оқиғаларын ортаға салып, жоба сыйлаған әсерлерімен бөлісті. Жиын соңында форум қатысушылары марапатталып, шағын бизнесін дамытып отырған аналардың қолымен жасалған бұйымдар көрмесін тамашалады.

Мақпал Ноғайбаева,
Алматы

01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу