Мақта монополистерін кім тоқтатады?

30 қазан 2020, 12:54

Коронадағдарыс өз алдына, Жетісайдың диқандары биыл да дағдарып отыр. Иә, «ақ алтынды» аймақтың күз айларында әбігерге түскені бүгін емес. Шаруалардың ерте көктемнен қара күзге дейін кетпен шауып, бел жазбай өсіретін мақта бағасының төмендеп кеткеніне бес-алты жылдың жүзі болды. 2018 жылы мақтаның бір келісі 180 теңгеге сатылып еді. Ол баға қазірде арман боп қалды. Биыл 100-130 теңгеге әрең жетуде. Мақта меценаттарының жылдағы «сценарийіне» сәйкес, осы жылы да қыркүйектің ортасында мақта терімі басталғанда ақ ұлпаны қабылдап алып, жиын-терім біткенде зауыт басшылары өзара келісіп, бағаны түсіріп тастады.

Жылдағы «жыр»

Өткенде ғана ауыл шаруашылығы министрлігі 1 және 2-сұрыпты шитті мақтаның сатып алу бағасы бір келісіне 130 теңгеден жоғары белгіленгенін хабарлады. Министрліктің басты уәжі: «Қазақстандағы мақта саласы негізінен экспортқа бағытталғандықтан, ондағы баға саясаты сыртқы нарықтағы өнімге сұраныс негізінде қалыптасады. Ағымдағы жылы қазақстандық мақта нарығында шетелдік компаниялардың белсенділігіне әлемдегі күрделі эпидемиологиялық жағдай мен Еуропадағы коронавирустың екінші толқынының таралуы әсер етті».

Қыстай қайрап, жаздай шапқан кетпені,
Кетпен шауып мұратына жетпеді…

Ал жергілікті диқандар мақта бағасының төмендеп кеткеніне наразы. Түркістан облысындағы Мақтарал, Жетісай аудандарының мақташылары «субсидия аз, мақта бағасы төмен, жергілікті мақта зауыттарының басшылары бағаны әдейі қолдан төмендетеді» деп шағымдануда. Диқандар мұндай баға мақтаға кеткен шығынды жабуға ғана жетеді деп отыр. Ақ ұлпаның шиті мен егінінен басқа қол еңбегі мен техникаға кететін шығын, жанар-жағармайдың ақшасын қалай өтемек?
Жетісайлық диқан Көшербай Мамырайымов биылғы субсидияны былай қойғанда, былтырғысын да ала алмапты. Шаруа: «Әне-міне деп алдаусыратты, ақыр аяғында құмға сіңген су сияқты жоғалып кетті. Үлгергені алды, үлгермегені қалды. Былтыр 5,5 гектардан 11 тонна мақтаны екі бөліп өткіздім. «Үлгермей қалдыңыз» деді де, субсидия бермеді», – дейді.

Батыр Айтжанов биыл 10 гектарға мақта егіпті. Өзінің айтуынша, әр гектарға 100 мың теңге шығындаған. Бірақ мақта бағасы соңғы 10 жылда өспеген, керісінше құлдырап барады.
Жетісай аудандық мақташылар қауымдастығының төрайымы Набаткүл Байтанаева: «Қазіргі таңда 1 гектарға 230-240 мың теңгедей шығын кетеді. Ал зауыттарға барсаңыз, 100 теңгеден ары асырмайды. 20 центнерге 200 мың теңге аламыз. Сонда шаруалар келер жылға дейін қалай күн көреді?», – деп дабыл қақты.

Жетісай аудандық Фермерлер одағының төрағасы Оспан Асанов: «Ливерпульдегі биржада баға шығып тұр. Бірақ бұлар «баға шыққан жоқ» деп бағаны белгілеуге асығар емес. Мақтаны ішке кіргізген соң 60-80 мың теңге алдын ала төлем береді. Кейін ақ ұлпа әбден таусылған кезде зауыт басшыларының бәрі бірігіп, есеп шығарады. Біз осыған қарсымыз. Соны ретке келтіруге болмай ма? Не бағаны көтеріп берсін, не мемлекет әр тоннасына субсидия берсін», – дейді.

Қарапайым еңбек адамдарының сөзін ауыл шаруашылығы министрлігі де жоққа шығармайды. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, мақта дақылының бір гектарын өсіріп-өндірудің технологиялық картасы бойынша шығыны 256 901 теңгені құрайды. Орташа есеппен әр гектардан 20 центнерден өнім алған шаруаның кірісі 200 мың теңге болса, шығысы – 257 мың теңге. Шынында шаруаның ырыздығын айыруға келгенде, соңғы сөздің зауыт басшылығына тиесілі болуы қаншалықты дұрыс?

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы да, аудандық әкімдік те мақта егушілердің шағымымен жақсы таныс. «Бірақ мемлекет мақта бағасына араласа алмайды», – дейді сала мамандары.

Терімші жоқ

Ақ алтынның нарықтағы бағасынан бөлек, ауданда мақта терімі де үлкен мәселеге айналып отыр. Мақтасы бітік шыққан диқандар гектарына 50 мың теңге төлеп, комбайнмен жинап жатыр. Оның өзінде апталап ұзын-сонар кезекке тұрады. Мақтасын құрт жеп, өнімі аз болған адамдар терімші жалдап, қолмен тергізуге мәжбүр. Жылда Өзбекстаннан келетін терімшілер биыл карантин кесірінен шекарадан өте алмай қалған. Кей мақта егушілер терімші іздеп сабылып жүр.
Жылда екі рет суғарылатын ақ алтынды алқап биыл бір-ақ рет су ішкен. Екіншісінде «Түркістанды абаттандыруға кетіп жатыр» деген желеумен жүйектерге су жетпей қалған. Қолдан жасалған құрғақшылықтың арқасында мақтаны құрт жеп, ақыр аяғы жиналатын өнім аз болып шыққан.

«Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасында Мәжіліс депутаты Ержан Құдайберген мақташы қауымның мұңын былай жеткізген еді: «Қазіргі ең басты мәселе – мақтаны жауын-шашынға қалдырмай теріп алу. Ал нарықтағы бағасы реттелетін болса, қалғаны өзімен-өзі жол тауып кетеді. Содан соң кішігірім шаруашылықтарды біріктіріп, кооперативтерге айналдыру керек. 2007 жылы қабылданған «Мақта саласын дамыту туралы» заң тиянақты жұмыс істемейді. Оны қолға алу керек. Одан соң уақыт та, талап та өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар шығуда. Мемлекет тарапынан мақтаға деген сұранысты көбейту керек», – деп қадау-қадау пікірін айтқан болатын.

«Мақта орнына басқа дақыл ексін!»

Сұраныс демекші, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев: «Мақта егуді қысқарту керек. Бұл туралы талайдан бері айтып келе жатырмын. Өйткені, қазір мақта егу өте тиімсіз. Оның орнына көкөніс егу керек. Қазір қайта-қайта семинар өткізіп, диқандарға үйретіп жатырмыз. Келер жылдан бастап бұл жағынан оң бетбұрыс болады деп ойлаймын», – деген еді.

Қазір мақтаға деген сұраныстың жоқ екенін Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов та растайды. Ол «Қазір мақтаға сұраныс жоқ. Мақта орнына картоп ексін!», – деп кеңес береді.

Осыны ескерген жергілікті бір кәсіпкер Жетісайда зәйтүн егіп, одан май алуға дайындалып жатыр екен. Бәлкім, жыл сайын осындай қиын жағдайға тап болғанша, басқа өнім ексе, табысқа жетіп, кәсібін өрге домалатар ма еді?! Ол, әрине, келер жылдың күн тәртібіндегі мәселе. Ал биыл ше?

Не істеу керек?

Мақта шаруашылығы өте пайдалы кәсіп. Зерттеулерге сүйенсек, ақ алтыннан сабын да, әйнек те, май да шығаруға болады екен. Қала берді, қозапаясы да ошақ отынына жарайтын керек зат. Алайда осындай ірі байлығымызды дұрыс пайдалана алмай отырғанымыз-ай! Өз елімізде өсетін арзан мақта шетел асып, бізге қымбат киім күйінде қайта келеді. Елімізде мақта өңдейтін 18 кәсіпорын бар. Бірақ олардың жүктемесі 20 пайызды ғана құрайды. Шаруаның есіл еңбегі 20 пайыздай ғана өңделіп, басқа елдерге экспортталады. Сөйтіп қыл аяғы киім тігетін жіп пен түймеге дейін шетелден сатып аламыз. Ал көрші елдерге шикізат күйінде өз бетімен сата берейін десе, оған заң жүзінде тыйым салынған. Әйтпесе, Өзбекстан 7 мың сомнан, Ресей 300 теңгенің үстінде сұрап жатқан көрінеді. Екі ортада шаруаның еткен еңбегі шіріп кетпесін деп кәсіпорынға 100-130 теңгеден өткізуге мәжбүр.

Қазір ақ алтынның бағасы тым арзандап кеткен соң, ауылды жерде оның жиын-терімімен айналысатын адам да қалмапты. Айналып келгенде, бәрі де сол баға саясатына кеп тіреледі.
Бұл тығырықтан шығудың жолын Қазақстан Фермерлер одағының басшысы Жигули Дайрабаев жіктеп берді: «Шаруа мен зауыттың басын қосып, өзара мәмілеге келу керек. Ең алдымен, шаруалармен ақылдасып, инфрақұрылымды дұрыстау қажет. Шенеуніктердің кабинетінде отырып алып шешім қабылдай беруі дұрыс емес. Егер диқанға жағдай жасалса, онда зауыттың да өмірі ұзақ болады. Алпауыт зауыттар мақтаны 300 теңге демей-ақ қояйық, 200 теңгеден алса, ешкім де ренжімейді, қайта риза болады. Егер баға тұрақталса, ауылда мақта теретін адам да көбейеді».

Түйін

Биыл Түркістан облысында 126 мың гектарға мақта егілген. Ордабасы ауданы Төрткүл ауылдық округінде баға 160 теңге болып белгіленіпті. Онда да жергілікті шаруалар шу шығарып, телеарна тілшілерін шақыртып жүріп, көтерген бағасы сол. Ал Мақтарал мен Жетісайда ала жаздай төккен тердің өтемі әлдеқайда аз екені өкінішті. Есіл еңбек зая кетіп жатыр. Жергілікті әкімдіктің мақта бағасын өсіруді шеше алмайтынына көзі жеткен диқандар мәселе Үкімет деңгейінде қаралса дейді. Президенттің осы мәселеге назар аударуын сұрайды. Түркістан облысында мақта өңдейтін 18 кәсіпорын бар болса, солардың монополистік мүддесін жоятын уақыт қашан туар екен?!.

Мәриям АЙТБАЙ,
Түркістан облысы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген