«2025 жылға дейін республикада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 1000 мектеп салынбақ.Ал, Шымкент қаласында осы тапсырма негізінде 2025 жылға дейін 86 079 орынға арналған 101 мектеп бой көтермек. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Шымкентте білім сапасын арттырып, апаттық мектептерді жою және 3 ауысымдық мектептерді азайтуға бағытталған кешенді жұмыстың бұгінде 50 пайызға жуығы орындалып үлгерген.
–2021 жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, өткен оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен шешіліп, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеген болатын. Ал, биыл 34 мектептің құрылыс жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 11 703 орындық 24 мектептің құрылысы 2022 жылы басталса, 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі. Жаңа білім ордаларының есебінен үш ауысымды мектептер санын 9-дан 5-ке төмендету көзделіп отыр, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Брифингте, сондай-ақ, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесі 2023 жылы, ал орын тапшылығын 2025 жылға дейін толығымен шешілетіні айтылды.
–Биылдан бастап 103 мың бастауыш сынып оқушысы бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Шымкентте 500 орындық заманауи Оқушылар сарайының құрылысы жүріп жатыр, — деді М.Әйтенов.
Айта кетейік, Шымкентте Балалар жылына орай атқарылатын жұмыстар мен іс-шаралар кешені түзіліп, 84 бағыт бойынша жүргізілмек. Оған бюджеттен 44, 6 млрд теңге қаралған.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Шымкент әкімі қала тұрғындарын жұмыспен қамту барысына да тоқталды. 2022 жылы 57 мыңнан астам қала тұрғынын жұмыспен қамту шараларымен қамту көзделуде.
– Жыл басынан бері 5 айда 22 мыңнан астам тұрғын еңбекпен қамту шараларымен қамтылды. Бұл бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға жалпы 7,2 миллиард теңге қаралған. Біздің мақсатымыз – әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтар санын азайту, ол үшін тұрғындарды жұмыспен қамту – аса маңызды, – деді Мұрат Әйтенов.
Ал, мүгедектігі бар тұрғындарды қолдауға бюджеттен 4,5 млрд теңге қаралған. 2021 жылы бұл мақсатқа 3,7 млрд теңге бөлінген болатын.«Бақытты жанұя» орталығында көп балалы 7 062 анаға әлеуметтік көмек көрсетілді.
Тоқтар Жақаш