«Қазақ тілі әліпбиін латынға көшіру мәселесінің мәні тереңде жатыр. Себебі, бұл жерде графиканы ғана емес, тұтас қоғамдық сананы, мәдениетті қайта жаңғырту мәселесі тұр» дейді «Тхоньил» этномәдени бірлестігінің төрағасы, «ЭйЭлСиСи» лингвистикалық орталығының басшысы Людмила ЛИ.
«Ең бастысы, әліпби формасын латынға көшіру – заман талабынан туған бастама. Тіл орталығының басшысы ретінде айтарым, елімізде бүгінде мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріне сұраныс жоғары. Соңғы кездері корей, қытай тілдеріне деген қызығушылық та артып келеді. Демек, латын тіліне көшу – қоғамда ана бір айтарлықтай проблема туындатпауы тиіс. Өйткені, қазақстандықтардың дені әзірден ағылшын тілін меңгерген. Әлбетте, жаңа әліпбиді жаттап алу да оңайға соқпайды. Сол үшін, сауатты дайындалған орфографиялық, фонетикалық және транскрипциясы, яғни, дұрыс дыбысталуы көрсетілген сөздіктер керек. Әдістемелік құралдар да артық болмас еді. Әліпби үлгісі 25, тіпті 26 әріптен тұруы да мүмкін. Бірақ, менің ойымша қазақ тіліне дифтонгтардың қажеті шамалы.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бір адамның ана бір қиындықсыз 3-5 тілді меңгеруге мүмкіндігі жетеді. Ол үшін ниет керек» деген спикер, латын графикасының нақты үлгісін жасар кезде, тілдің тазалығы, әріптердің дұрыс дыбысталуына назар аудару маңызды деген пікірде.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА
Атырау облысы