Ләззат Исабаева: Қазіргі оқырманның талғамы мен талабы зор

20 маусым 2023, 11:39

Алматы — білім мен ғылымның, білімді жастардың басын біріктірген қала. Әсіресе, қаладағы кітапханалардан кітапқұмар жастардың қатарының көбейгенін байқаймыз. Осы ретте Алматы қаласы тұрғындары мен жастарының оқу мәдениетін қалыптастыруда кітапхананың рөлі қандай? Оқырмандардың қызығушылығын арттыру мақсатында қандай жұмыс жүргізілуде? Осы және өзге де сауалдарға Алматы әкімдігі Мәдениет басқармасына қатысты Наурызбай ауданындағы кітапхананың қызметкері Ләззат Исабаева жауап берді.

— Ләззат Нұрғалиқызы, бүгінде оқу мәдениетін қалыптастыратын бірден-бір орын — кітапхана. Осы саланың маманы ретінде айтыңызшы, Алматы қаласы тұрғындары мен оқушыларының кітапқа деген қызығушылығы қаншалықты. Кітапхана қашаннан бері жұмыс істейді, тұрақты оқырмандарыңыз бар ма?

— Кітапхана — оқырмандардың рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық ақпараттарды жинақтаушы орын. Бізге келген әрбір оқырман қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетін, өзін қызықтырған кез келген салаға қатысты ақпаратпен қаныға алады. Кітапхана Алматы қаласы мәдениет басқармасының бастамасымен Наурызбай ауданының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Негізгі бағыты — отбасылық кітапхана. Біздің тұрақты оқырмандарымыз Алматы қаласының тұрғындары мен мектеп оқушылары. Кітапхана 2019 жылдан бері өз оқырмандарына тұрақты қызмет көрсетуде. Ғаламтордың дамыған кезі десек те, кітап оқуға бет бұрған оқушылардың саны күн санап артып келеді. Бұл жұмысымыздың әрі қарай жандануына күш береді, оқырман қатарының көбейгені қуантады.


Кітапханда 7000-нан астап кітап қоры, оқырмандарға арналған зал мен абонемент залы бар. Кітап қорының 70 пайызы қазақ тілінде, қалған 30 пайызы орыс тіліндегі кітаптар.

— Оқырман санын көбейту үшін қандай іс-шаралар ұйымдастырасыздар? Оқырмандарды қай бағыттағы кездесулер қызықтырады?

— Оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығы мен оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында көптеген іс-шаралар өтеді. Мереке күндері мен айтулы даталарда кездесулер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Мамыр айының соңғы күні Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Қасіретті жылдар жаңғырығы» атты патриоттық кешін өткіздік. Ол кешке Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысаналин, ауданның депутаты Қайрат Бегалин, тарихшы Әуезхан Шашаев пен аудан тұрғындары қатысты. Исраил Сапарбай, Сәуле Досжанова сияқты белгілі тұлғалармен кездесу өтті. Жас қаламгерлермен де кездесу кештері ұйымдастырылады.

— Кітапханаға келген оқырмандар мен оқушылардың шығармашылыққа деген қызығушылығы қандай? Аудан мектептерімен тығыз байланыстасыздар ма?

— Наурызбай ауданындағы мектептермен тығыз байланыстамыз. Көптеген іс-шараларды мектеп оқушылары мен ұстаздардың қатысуымен өткіземіз. Наурызбай ауданы жаңа аудан, біртіндеп көркейіп келеді. Аудандағы 12 мектеппен тығыз байланыстамыз. Олар: №157 жалпы білім беретін мектеп, №174 мектеп, №186, №187 жалпы білім беретін мектеп №188 гимназия, №206, №207 мектептер және №15 санаториялық мектеп-интернаты.
Күні кеше әлеуметтік желідегі парақшамызда Абылай есімді жас оқырманымызбен танысып, сұхбат құрдық. Қазіргі оқырманның талабы ерекше. Осыдан 3-4 жыл бұрын оқырмандар бізден көмек сұрайтын. «Кітап таңдап беріңізші, қандай кітап оқуға кеңес берер едіңіз» дейтін. Қазір оқырманның өз талабы мен талғамы бар. Бұл ғасыр — білім мен ғылымның ғасыры. Сондықтан Жаңа Қазақстан жастарының өсіп келе жатқаны қуантады.

— Кітапхана ісін жандандыра түсу үшін әлі де не істеуіміз керек, маман ретінде пікіріңіз?

— Кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетумен шектелмей, әлеуметтік сипаты басым мәдени орталыққа айналса екен. Заман ағымына қарай кітапхананың қызметі де өзгеріп келе жатыр. Цифрлық жүйеге өтіп жатырмыз. Сондай-ақ кітапханашылардың біліктігін арттыру керек. Шетелдік шараларға қашықтан болса да қатысып, шетелдегі кітапханашылармен байланыссақ дейміз. Сондай-ақ жастарды кітапхана ісіне қызықтыру мақсатында түрлі конкурстар, Алматы әкімдігіне қарасты 28 кітапхананың жас мамандары арасында үздік кітапханашыны анықтайтын жарыстар ұйымдастырылса, бұл жас мамандарға шабыт сыйлайды деген ойдамын.

Мақпал Ноғайбаева,
Алматы қаласы

30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары
30 қыркүйек, 16:04
Түркістан: Жастарға заңгерлік кеңес берілді
30 қыркүйек, 16:03
Түркістан: Қылмыс пен жаза
30 қыркүйек, 13:20
Түркістан: Полиция жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
30 қыркүйек, 12:55
Назерке Тәнекеева: Қолдау бар. Тек тәуекел етіп, кәсіп бастау керек
29 қыркүйек, 22:52
Су үнемдеудің сәтті тәжірибесі
27 қыркүйек, 16:46
Түркістан: Жан-жақты іс-қимыл - мал ұрлығына тосқауыл