Екі кештің арасында біреу қоңырау шалды.
– Бауырым, амансың ба? Сені тілші деп естіп, хабарласып отырмын, – деді. Дауысы қоңыр, үні жағымды.
– Иә, аға, айта беріңіз. Тілшімін.
– Бір материалым бар еді, соны газетке шығарып бересің бе? Ақшасын төлейін. Қазір тегін ешнәрсе жоқ қой, – десін.
– Ақшаңыздың керегі жоқ. Ол қандай материал? Не туралы еді?
– Күйшімін ғой. Өнер туралы жазып едім. Күйшілердің елеусіз қалғанын, ешкімнің бізбен санаспайтынын жаздым. Күй өнерінің күйреп тұрғанын айттым.
– Өзекті тақырып екен. Мақалаңызды жіберіңіз.
* * *
Бақытбек Әлдиев деген домбырашымен осылай таныстым. Ол бір күннен кейін материалын жіберді. Бірді айтып, бірге кеткен. Бірақ өзегі бар. Күй өнерін ұлықтап жүрген күйшілердің бағаланбай жатқанын, тіпті олардың сайда саны, құмда ізі қалмағанын, жақсы күйшілердің атаусыз, іздеусіз жүргенін айтып, қазақ өнерінің бағынан сорының қалың екендігін тілге тиек етіпті. Арасында өзінің де ешкімге керексіз ғұмыр кешіп жатқанын, Қаршыға Ахмедияровтың төл шәкірті екенін жазыпты. Материалды алып, бас редакторға көрсеттім. Редакторым: «Мына кісімен кездес. Жақсы материал шығады» деді.
Тапсырма алған соң күйшіге бірден қоңырау шалмаймын ба. Телефонын көтермеді. Уатсабыма «Жұмыстамын. Күзетте тұрмын. Айналамның бәрі камера. Телефон көтере алмаймын. Түскі ас кезінде өзім хабарласамын» деп жазыпты.
Айтқан уақытында қоңырау шалды.
– Бізде тәртіп қатаң: телефонмен сөйлесуге болмайды, – деп ақталғандай болып жатыр.
– Бақытбек аға, бәрі дұрыс. Сізден сұхбат алатын болдым. Егер қарсы болмасаңыз, үйіңізге барайын, емін-еркін отырып, бір жақсы сұхбат жасайық, – дедім.
– Болды. Онда бүгін жұмыстан кешкі сегізде шығамын. Сол кезде үйге келіңіз, – деп мекенжайын берді.
Кешкі сегіз. Айтқан уақытта, айтылған жерге жеттім. Күйші Алматының «Саяхат» деп аталатын автобекеттің маңында, Райымбек даңғылының бойындағы жатаған үйлердің бірінде тұрады екен.
Екі кештің арасы. Қожыра тамдардың ішінен дәулескер домбырашының үйін тапсам да, осында тұра ма, қателесіп келген жоқпын ба деген күдігім басым. Қисайып құлағалы тұрған, іргетасы жерге сіңіп кеткен, шатыры қырық жамау ескі үйге келерімді келіп алып, тұмсығым тасқа тигендей, қаққан қазықтай қаттым да қалдым. Арғы жақтан бір тәжік келіншек есік ашты. Қолында сыпыртқысы, қапқа салған қоқысы бар.
– Кімді іздейсіз? – деді.
– Бақытбек аға осында тұра ма?
– Ол кім?
Ұялы телефонымнан суретін көрсеттім.
– А, анау музыкант па? Ол осында. Анау түпкі бөлмеде, – деп терезесі жоқ тоқал тамды нұсқады. Есікті қаға бергенім сол, сықырлауығы қиқылдап-шиқылдап кәрі емен жартылай ашылсын. Үйден сыздың күлімсі, қолқаны қапқан қышқыл исі бұрқ етті. Ала көлеңкеде бір адамның сұлбасы қараң-құраң еткендей.
– Бері жүріңіз, бері, бері, – деп таныс дауыс сол жақ қапталдағы бір есікті ашты. Үйдің төбесі аласа екен. Маңдайымды соғып аламын ба деп еңкейіп, әлгі ашылған есікке қарай жүріп келемін. Аяғымның асты көре алар емеспін, бомба түскендей ойлы-шұңқыр. Сүрініп-қабынып, қапталдағы бөлмеге оздым.
Есік пен төрдің арасы – қолсозымдай ғана. Үй дегенім – кірген адам айналып шыға алмайтындай тар, тауықтың кепесіндей ғана үйшік екен. Қарсы алдымда күзетші киімін киген алпыстардағы жігіт ағасы тұр. Қолымызды созбай-ақ амандастық.
– Кел бауырым, төрлет, төрлет!
Төр қайда, босаға қайда, түсініксіз. Үйдегі зат аузы-мұрнынан шығады. Бір бұрышта үйілген екі-үш домбыра, бір жағында тілшігі жұлынған ескі баян, әртүрлі кітаптар жатыр. Киім салатын жаман шкаф, оның жанында велосипед, жалғыз төсек, шағын үстел тұр орындығымен. Үстелде бір-екі кесе-шыны, су құйылған құмыра, қақпақсыз қазан. Осыншама дүние мынадай тар кепеге қалай сыйып тұр?
Үй иесі қасындағы орындықты ұсынды. Тізе бүгіп жатып, төбесі буаз кесірткінің қарнындай салбырап түскелі тұрған, қабырғасы қақ айырылып сары самырсындай жарылып кеткен ескі тамды көзіммен бір-екі қайтара шолып шықтым. Менің үрпие қарап, айналама үрейленіп отырғанымды сезген үй иесі: «Көріп болдың ба?» дегендей мені күтіп тұр екен. Ыңғайсызданып қалдым.
Аман-сәлемнен кейінгі бірінші сұрағым: «Осында тұрасыз ба?» деппін. Жөпелдемеде аузыма басқа сөз түспей қалды.
– Иә, осында тұрамын. Неге сонша таң қалдыңыз? – деді. Тағы да ыңғайсыз күйге түстім.
– Бауырым, неге үрпиіп тұрғаныңды түсінемін. Бұл есі дұрыс адам тұратын жер емес. Қора ғой, қора. Бірақ мұнда мен сияқты мүсәпірлер тұрады. Қайтеміз, Алланың басқа салғаны осы, – деп ернеуі сынық шөмішпен сырдың шелегіне құйылған су алып ішті. Кенезесі кеуіп қалыпты. – Сенен бұрын жетіп, үйді ретке келтіріп қояйын деген едім, үлгермей қалдым. Айып етпе! – деп демін басты да, үстелдің үстіндегі нан қоқымын сүртті.
* * *
Осындай үзік-үзік кадрлардан кейін, бойымды жинап, бірден сұраққа көштім.
– Ал Бақытбек аға, жұмысымызға көшейік. Әңгімеңізді бастай беріңіз. Қайда тудыңыз, қайда өстіңіз? Бізге жазған күй туралы мақалада не айтпақшы болып едіңіз? – деп бастырмалаттым.
Домбырашы әуелде әңгімені неден бастарын білмей біраз тұтықты. Содан кейін барып бойын тіктеп, әр сұраққа нақты жауап бере бастады.
– Сізге жазған материалда өзімді толық таныстырған сияқты едім. Тағы да қайталап кетейін. Бұрынғы таныстарым мені Әлдиев деп біледі, әкемнің аты Қанапия. Біз Өскемен жақтың адамдарымыз. 1960 жылы Зайсан ауданында туғам. Сонда өстім. Балалық, боз бала шағым бәрі сонда өтті. Алматыға 1977 жылы көшіп келдік. Қаскелең мәдениет училищесінде оқыдым. 1986-1991 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының домбыра-баян сыныбына түсіп, Қаршыға Ахмедияровтың қолында оқыдым, – деп бұрышта тұрған қоңыр домбырасын алып, бір күйдің басын шерте бастады.
Бақытбек аға консерваторияны бітірген соң, Қаскелең ауданына қарайтын Жетісу совхозының мәдениет үйінде жұмыс істепті. Сол жерде күйші, одан кейін мәдениет үйінің директоры сияқты қызметтер атқарған. Үйленген, бала сүйген. Кейін Еңбекшіқазақ ауданының Саймасай ауылына көшіп барған. Бір ескі үй сатып алыпты. Сол ауылдағы мектепке мұғалім болып жұмысқа тұрыпты. Кейін, яғни 2012 жылдары үйін банкке кепілге қойып, мал сатып алған.
– Сол жылдары сүт бағасы қымбаттап, жұрт мал шаруашылығымен айналыса бастады. Мен де мал өсірсем, бизнес жасасам деп ойладым, – дейді кейіпкеріміз.
Қазақ «Құланды да жыландай кісі атады» дейді. Қазір мал бағу да қиын. Суармалы жерің, шұрайлы жайылымың болмаса, шөп пен жемді сатып алып, мал баққаннан пайда жоқ. Бақытбек те жем-шөбін қып-қызыл ақшаға сатып алып, несиеге алған малынан береке таппапты. Ал үйін банк тартып алған. Сөйтіп айдың-күннің аманында бір үйлі жан далада қалады. Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады. Малдан да, үйден де айырылып есеңгіреп жүргенде, әйелі жаман ауруға душар болыпты.
– Қырсық қыр соңымнан қалмай-ақ қойды ғой. Әйелімді апармаған дәрігер, қаратпаған аурухана қалмады. Қарызға қарыз, несиеге несие жамап, төрт баламды бағып-қағып жүріп, әйелімді бірнеше жыл емдеттім. Айналдырған ауру алмай қоймайды екен. Жұбайым былтыр 23 қазанда қайтыс болды. Дімкәс болса да, әйеліңнің бары жақсы екен ғой. Соның қазасынан кейін шын жетім болдық та қалдық. Үйден жылу кетті, бала-шағадан береке қашты, – деп кемсеңдеп қалды.
Қолындағы домбырасының шанағынан мұңды-сазды бір күйдің әуені өріліп жатыр.
– Мынау Байжігіттің күйі. Жаныма жақын. Жабырқағанда осыны шертемін, – деп күйді бір қайырды. Үлкен ұлы 26-да, кішісі 20 жаста екен. Екі қыздың үлкені – 22-де, кішісі 11-де. Балалары Есік қаласындағы саяжайлардың бірінде, балдызының үйінде тұратын көрінеді. Өзімен бірге төрт баланы қалай ертіп жүрсін. Оның үстіне, мынадай тар кепеге кім сыяды? Осының өзін 30 мың теңгеге жалдап отыр. Суды тасып ішеді. Газды балонмен сатып алады. Қаланың қақ ортасында тұрса да, өркениеттен жырақ өмір.
– Бір басымда 11 несием бар. Бала-шағама да апта сайын тамағына, киіміне, жүріс-тұрысына ақша керек. Сондықтан күндіз-түні жұмыс істеймін. Ақша жеткізе алмай кеткенде, өмірден түңілемін. Бірақ амалым жоқ. Балаларымды жеткізуім керек, – деді.
Бақытбек Әлдиевті күзетші деп отырсам, үстел үстіндегі музыка оқулығын көрсетіп, Талғар ауданының Белбұлақ ауылындағы мектепте музыкадан сабақ беретінін айтты. Ұстаздық қызметі үшін 100 мың теңге, күзетшілігіне 60 мың теңге айлық алады екен.
Әңгімемізді есік қағып, босағадан жарты денесімен енген жетпістердегі кейуана бұзып жіберді.
– Бақытбек, бүгін 1 февраль болды. Ақшаңды қашан бересің? – десін келе сала.
– Ертең, ертең кешке тауып беремін, – деп жатыр бұл кісі. Шиқылдақ есігін жауып, орнына жайғасып жатып: «Тағы бір несиеге кіретін болдым» деді жеңіл күрсініп.
– Неге?
– Мектептегі айлығым 15-інен кейін, күзеттің ақшасы да сол жиырмасына қарай түседі. Оған дейін апам (үй иесін айтып отыр) күтпейді. Бұдан арзан үй таппаймын ғой. Сондықтан ертең тағы бір «мини кредит» алуым керек. Басқа амалым жоқ. Өмірімді өнерге арнадым. Тура жолдан тайған емеспін, кісі ақысын жеген емеспін. Бірақ өмір бойы жарымай келемін. Неге бұлай болды? Құдай мені неге аямайды? Алпыстан асқанда үйсіз-күйсіз қаламын деп кім ойлаған? (Тағы да көз жасына ерік берді).
Ер азаматтың жылағанын көру қиын екен. Әңгімені басқа арнаға бұрып:
– Қаршыға Ахмедияровтың шәкіртімін дедіңіз ғой. Қандай ұстаз еді? – деп жатырмын.
– Марқұм ғажап жан еді. Маған «Қандай күй тартсаң да, өз күйің сияқты сезініп тартасың. Күйдің ішіне енесің, – дейтін. Сол ұстаздарымның жолымен жүріп, ғұмыр бойы шәкірт тәрбиелеп, өнерге өмірімді арнадым. Бірақ ішер асқа, киер киімге жарымай-ақ қойдым. Алматыда домбырашыларды ешкім қадірлемейді. Батыс өңірдегі ағайын күйшілерді сыйлайды, төрге сүйрейді деп естідім. Бізде олай емес. Кейде осы қу тақтайды құшақтап қалғанымды өнерге жасалған мемлекет саясатының жұтаңдығы деп түсінемін. Біз, күйшілер, сол саясаттың құрбанымыз.
* * *
Үйсіз адамда күй бола ма? Оның үстіне, алпыстан асқанда көрген жалғыздықтың күні құрысын. Күнде кешке ішіп жатқан ыстық тамақ жоқ, күтіп-бағатын адам жоқ. Домбырашы ағамыз былтыр желтоқсанда инсульт алыпты. Оң қолының үш саусағы, оң жақ беті жансызданып тұратынын айтты.
– Бұрын домбыра шерткенде он саусағым пернеде ойнақтаған еліктей жортушы еді, – дейді. Қазір төкпе күйге шорқақ сияқты. Саусақтары келмейді. Ал шертпе күйді ептеп қайырып отыр. Бақытбек Әлдиев мені шығарып саларда көшедегі колонкадан су алды. Қоштасып жатып: «Осы жасыма дейін еткен еңбегім, қазақтың күй өнері үшін жасаған жұмысым мүлде бағаланбай-ақ қойды. Бүкіл өмірімді сарп еттім осыған. Бірақ содан еш пайда тапқан жоқпын. Қаншама балаға домбыра үйреттім, қаншама домбырашы тәрбиелеп шығардым. Күй, домбыра, өнер деп жүріп, өмірім өтіп барады. Бағаланбайтын қандай өнер бұл? Менің осы жанайқайымды спорт және мәдениет министрі Ақтоты Райымқұловаға жеткізіңіздерші! Көмектесіп қалатын шығар? – деді.
Біз күйшімен су басында қоштастық. Ол екі шелегін толтырып алып, жалдамалы жатаған үйіне қарай асығып бара жатты. «Саяхат» жақтан шетелдің есірік әуені естілді.
Жарас КЕМЕЛЖАН