Қыс болған соң кетті күй…

09 желтоқсан 2022, 10:43

Түбіміз бір, тамырымыз тұтасқан түркі халқы желтоқсан айын жел айы деп те атайды. Биылғы желтоқсан еліміз үшін, әсіресе, екібастұздықтар үшін ауыр соғып отыр. Қыстың көзі қырауда, азынаған ақтүтек аяздың еміне енген мезетінде жылусыз қалу оңай ма! Апат алты ағайынды деп зорайтқымыз келмейді-ақ, десе де еліміздің бірнеше өңірінде жылуға қатысты жайсыз хабар қылтиып жатыр шетінен.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласында бірнеше күннен бері жылу мен ыстық су болмағаны үшін бірнеше шендіге сөгіс жариялады. Өзінің бірінші орынбасарынан бастап, Ақтау қаласының әкіміне, тұрғын-үй шаруашылығына жауапты басқарманың басшысы сынды шенділерге сөгіс берді. Сөгіс деген не? Мемлекеттік қызметкерді сөгіспен сойылдау қаншалықты тиімді? Азар болса, алты ай бойы сыйақыдан қағылар. Ал халықты әуре-сарсаңға салып, суық күнде жылудан қаққаны үшін сөгіс жариялау «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шаптың» кері емес пе? Сөгіспен сытылып кетудің соңы сорақылыққа ұрындырмаса екен дейсің.
Күз басталғанда Премьер-Министр Ә.Смайылов Үкімет отырысында министрлерден тартып, өңір әкімдерінен де қыркүйектің басында жылу маусымына әзірлік барысын сұраған болатын. Энергетика министрі Болат Ақшолақов бастап, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың, сондай-ақ облыс әкімдерінің баяндама жасағаны көпшіліктің есінде. Міне, осы жиында Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында жылу электр стансаларының басты жабдықтарына жөндеу жұмысын жүргізу межелі уақытында аяқталмағаны, тіпті Қарағанды мен Маңғыстау облысында, Шымкент қаласындағы жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізуді келесі жылғы ысырғандары да айтылды.

Сол келелі жиында жылумен қамтамасыз етуге дайындықты толыққанды жүзеге асырып, кестеге сай жұмыс жүргізуде Павлодар облысында кемшілік бар екені де сөз болған.
«Халыққа жылу уақытымен беріліп, көмір жеткізуге байланысты проблема болмауы тиіс. Көмір тапшылығы жыл сайын қайталанатын үйреншікті жағдайға айналып барады. Көмір бағасының күрт өсуі, уақытында жеткізілмеуі, өңірлерде көмір қорын дер кезінде жинап алмау – осының барлығы халықтың наразылығына алып келеді. Бұған жол беруге болмайды», – деді Үкімет басшысы осыдан дәл үш ай бұрын. Рас, бұрынғыдай көмір тұйықтарында ұзын-сонар кезек, тіпті адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғалар болған жоқ. Бірақ әлі де көмірдің тапшылығы, жетімсіздігі қиыр жайлап, шет қонған қамкөңіл ағайынның жүдеу-жадау көңілін жабырқатып отыр. Ойқы-шойқы жолмен жарлауытты жағалап, тау асып, тас басып, Ойқарағайдан көмір әкелушілердің жолына көзін төсеп, тасбиғын тартып тілеулес болып жүреді Райымбек, Кеген ауданының халқы. Қаражыра мен Шұбаркөл көмірі де қала жақтан жиі жеткізілмейді, өте қат. Даладағы ағайын азынаған аязда таскөмірдің тапшылығынан тарығып отырса, қалалықтар жылу электр орталығындағы апаттың аранында қалып, бүрсеңдеп жүр. Ал әкімдер «жылу маусымына сақадай-саймыз» деп есеп береді…

Қыс айының әлі қаһарына мініп, күш алып, аяз қаритын шағы алда. Ескінің есіңді екеу, түсіңді төртеу ететін ғадеті емес пе, Екібастұздағы қалпына келтіріп жамап-жасқаған құбырлардың бірі тағы да жарылды. Аяз буған сайын жылу орталықтарындағы қазандықтардың да сыры кетіп, құбырлар да шыдас бермей жығылғанға жұдырық болмаса деген тілеулестікпен отырмыз бәріміз.
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Премьер-Министр Екібастұз қаласындағы жылу электр орталығындағы төтенше жағдай орын алған келеңсіздікке байланысты жөндеу жұмыстарының атқарылу барысы жайында баяндап шықты. Қабылданған шаралар қаланы қиын жағдайдан шығаруға септігін тигізді. Екібастұзға келген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуді қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарға жедел басшылық жасау тапсырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар аяқталуға жақын.

Мемлекет басшысы Үкіметке қалаларды қысқы жылыту маусымына дайындау кезінде жіберілген қателіктерге мұқият талдау жүргізу міндетін жүктеді. Сондай-ақ Екібастұзда және басқа да елді мекендерде қалыптасқан күрделі жағдайды түбегейлі өзгерту үшін нақты шешімдер қабылдау тапсырылды.

Бүкіл ел аумағында «қызықпен жүріп, жазды алып», жылу қазандықтары мен жылыту жүйесі үшін тартылған құбырлардың ескіргенін дер кезінде ескермей, «қолымызды мезгілінен кеш сермейтіндей» жағдай қалыптасқаны шындық. Мәселен, Шығыс Қазақстандағы жағдай да мәз емес. Риддердегі жылу электр орталығындағы бір емес, төрт қазандық бауырына алау бармай жатып-ақ, жылу маусымы басталар шақта жарамсыз болып, істен шықты. Облысты он жылға жуық басқарып келе жатқан, жуырда осы қызметіне қайта тағайындалған Даниял Ахметов сол кезде жылыту маусымына әзірлікке атүсті қарап, қазандықтарды жөндеуден өткізбегендер жауапкершілік арқалайды деп үрейлендіріп те қойды. Бірақ оған ығып, обал мен сауаптан қорқатын жауапты жан бар ма?

Басшысына қосшысының есеп-қисап бергенде қисынын қиыннан қиыстыра келтіріп, қағаз жүзінде ауруды дыңдай етіп айтуының салдары осындай жағдайға жеткізіп отыр. Алда әлі алты ай қыс бар еліміздің кейбір өңірінде. Аяз алда кәріне мініп, қаңтарда қатуланып, ақпанда қырланбасын дейік. Әйтпесе, екібастұздықтардың басындағы кеп басқа өңірдегілерге де келуі мүмкін, бетін аулақ қылсын, бірақ.

Қуан Рахмет

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?