Қазақы мінез немесе құндылықтың құлдырауы

13 қараша 2020, 12:01

Бала кезіміз. Енді-енді ғана ес кіріп, үлкен кісілердің ақылын тыңдап, әңгімесіне құлақ түре бастаған шақ. Ауылда өстік. Ауыл өмірі қаладағыдай қарбаласқа толы емес. Әсіресе, қыста жұрттың бәрі бейқам. Жаппай соғым сояды. Сосын қардың шеті сөгілгенше бірін-бірі соғымбасқа шақырып жатады. Ойлап отырсам, сол кездері біздің әкелеріміз менің жасымда – тепсе темір үзетін жігіт кезі екен. Отызды орталаған, қырыққа жете қоймаған шағы. Бір қызығы, сол кездің өзінде соғымбасқа келген үлкен-кіші қонақтар қатын-қалаштың өсек-аяңын езіп-қыртпай, керісінше, ұлттың әңгімесін айтып отырушы еді. Арғы-бергі тарихты ақтарып, бүгінгі күнге соғып, қазақтың шежіресін, ұрпақ пен ұлттың қамын сөз етуші еді. Қазір ше?..

Мұны неге қазіргі уақытпен салыстырып отырмыз? Қазір біз әкелеріміздің сол кездегі жасына жеттік. Оқыдық. Қолымызға қалам алып бірдеңе жазып жүрміз. Бірақ өз замандастарымыз­бен бас қосқанда, не айтып, нені әңгіме етеміз? Жуырда бір досымыздың үйінде қонақта отырғанда, осыны ойладым. Ойладым да, біз әкелеріміз айтатын әңгімені айта алмайтынымызды ұқтым. Сонда бұл ұсақталғанымыз ба, қалай?

Неге? Қалай ұсақталдық? Осы сұрақты өзіме де қойдым. Бірақ жауабын таппадым. Сіздер де ойланып көріңіздерші! Егер біз ұсақталмаған болсақ, алпысты алқымдап қалған аға-көкелеріміз баласы, немересі, тіпті келінімен бірге вайн немесе тик-ток дегенді түсіріп, секеңдеп билемес еді. Егер ұлттың мінезі өзгермеген болса, ақша құндылыққа айналып, ер-жігіттің намысы етекке түспес еді. Сол ақшаның жолында баланы айтпағанда, келінімізбен бірге сайқымазақ видео түсіріп, оны жалпыжұртқа таратып жарыспас едік. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзін осы араға қолдану керек сияқты…
Әкелеріміз соғымбасында біз естісін деп, тәрбиелі, тағылымды әңгімелер айтса, қазіргі орта жастағы азаматтар инстаграм үшін тәрбиесіз, тағылымсыз видео көрсетіп, ақыл-есі кеміс адамдарға ұқсап ыржалақтап жүр. Тіпті бұл әлеуметтік желі ақша табудың көзіне айналғалы жұрт маңдайы терлеп, алақаны ойылып жұмыс істеуді, еңбек етуді қойғандай. Қашан көрсең, әлемжеліде әртүрлі кейіпте, әртүрлі киім киіп (бір дүкеннің немесе бір фирманың жарнамасы үшін) секектеп билейді де жатады. Біз мұндай тик-ток, вайнмен ұлт түгілі, ұрпақты тәрбиелей алмасымыз анық.

Қазақ еңбекпен тапқан малды ғана адал деп білген. Ал бала-шағаңа, келініңе ақыл айтатын жаста, адам құсап жұмыс істеп ақша таппаған соң, «ауамен» келген тиын адал болсын ба? Осы сайқымазақтарды көріп «көзайым» болған біздің үйдегі балапандар да қазір вайн, тик-ток туралы әңгіме айтатын болыпты.

– Әке, вайннан қорықпаңыз! Тик-ток – ақша. Сіз де үйреніңіз! Менің бір досымның 5 мың «подписщигі» бар. Оған енді магазиндер жарнама береді, – деп қарап тұр. Аузыма құм құйылғандай, мең-зең күй кештім. Он жастағы баладан ақша табудың ең арзан, ең оңай, жан қиналмайтын «төте» жолын естіп отырғаныма іштей күйініп кеттім-ау деймін, дауысым жарықшақтанып шықты:

– Кім айтты саған тик-токпен ақша табуға болатынын? – деп баламның бетіне қарадым.
– Кім айтушы еді? Ұялы телефоныңызға (қазіргі балалар осылай сөйлейді, оған да шүкір) қарасаңызшы! Елдің бәрі инстаграм, тик-токтармен ақша тауып жүр. Біздің сыныптағы балалардың әкесі мен шешесі, атасы мен әжесі де күніне бір-екі вайн түсіріп салып қояды. Болды, ақша, – деп маған кәдімгідей бизнес-кеңес берсін.

Біз неден қателестік? Кемшілікті қашан, қай жерден жіберіп алдық? Неге әнші, әртіс біткен түгел инстаграм қуып кетті? Неге олар ақша үшін арзан жол таңдады? Неге мына елдің дамуына, өсіп-өркендеуіне қызмет етпейді? Тым болмаса, сол сайқымазақтарын түсіруге кететін уақытын басқа жұмысқа арнап, содан ақша таппай ма? Мұның бәрі қазақтың бойында жоқ мінез, қанында жоқ қасиет еді ғой. Бұған қайдан, қалай үйір болдық?

Әңгіменің басында әкелеріміз туралы сөз қылдық. Сол кісілер отыз жасында ұл-қызына өнеге болатын сөз сөйлеп, бала-шағасын асырау үшін таңнан қара кешке шейін бел шешпей еңбектенетін. Оны көрген біз де қарап тұра алмаушы едік. Шамамыз жеткен шаруамен айналысатынбыз. Біреуіміз қой бағып, біреуіміз малдың қиын тазалап, қора-қопсы сыпырып, бау-бақша суарып еңбектенетінбіз. Ал қазір әкесі мен шешесі тик-ток түсіріп, әжесі мен атасы вайнға билеп жүрген балалар ертең кім болады? Олар үшін ақша табу еңбектену емес, жұртқа күлкі болып, «ауадан» тиын табу болып қалмай ма? Ертең осы вайнерлердің (олар өздерін осылай атағанды жөн көреді) баласы қазақтың ата кәсібі деп мал бағып, егін егіп, не бір жерден дүкен ашып немесе көлік жасап, елге пайдасы тиетін игі істен ақша табады дегенге өз басым сенбеймін! Жеңіл жолмен жан бағуға үйренген адам қиындықты көтере алмайды. Бұл – заңдылық.
Карантин басталып, той тоқтағалы бері әнші-әртістердің «бетпердесі» шешіліп қалды. Олар қазақтың қазынасы той болмаса, ақша таба алмайтындарын ішінара түсінді (бәрі түсінді деуден аулақпыз). Түсінгендері кәсіп ашып, мал шаруашылығымен айналысып, еңбектеніп жатыр. Ал табан ет, маңдай термен ақша тауып көрмегендер вайнер болып кетті. Қарап тұрсаңыз, сол вайнерлердің істегені бес жасар баланың қылығы сияқты көрінеді кейде. Ақыл-есі толық адам жарқ-жұрқ еткен екі минуттық видеомен тапқан ақшасын намыс көрсе керек-ті. Біз мұны ескілікті көксегеннен жазып отырған жоқпыз. Мақсатымыз – жеңіл жолмен ақша табатын осындай вайнерлер ұлтқа үлгі болмаса екен дейміз. Керісінше, кешегі ел қорғаған хандарымыз, батырларымыз бен балуандарымыз, ақындарымыз бен абыздарымыз, ойшылдарымыз бен ұлы тұлғаларымыз ұрпаққа үлгі болса ғой. Бірақ бүгінгі тик-ток түсіріп жүрген балалар түгілі, елге белгілі әнші-әртіс вайнерлеріміз Абылайдың – Әбілмансұр екенін, Абайдың Ибрагим екенін қайдан білсін? Оларға Абай кім, Абылай кім – бәрібір. Олардың құндылығы – қазақтың құндылығы емес. Олардың көксегені – көк қағаз. Ондай жандар ақшаның жолында ар-намысты баяғыда ысырып тастаған.

Жарас Шөке

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген