Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз өз мүддеміз бен құқығымызды қорғауда ешқашан тартынып қалмаймыз!

24 мамыр, 20:08


Қазақстан күллі ғаламмен ашық қарым-қатынас жасай отырып, сыртқы-сын қатерлерге қарсы күресте қырағылық танытады. Ел мүддесі мен құқығын қорғауда ешқашан тартынып қалмайды! Мемлекет басшысы Сингапур сапары кезінде осылай деп мәлімдеді.

Мемлекеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев 46-шы Сингапур дәрісін оқып, жаһандық қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету ісіндегі орта державалардың атқаратын рөлі туралы ой-пікірімен бөлісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сингапур сияқты жаңадан пайда болған «орта державалардың» рөлі туралы пайымдай келе, жаһандық қауіпсіздік ландшафтында мол мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймай, едәуір қауіп те төндіретін елеулі өзгерістерге назар аударды. Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси ахуалдың барған сайын ушыққанына тоқтала келе «Біз геосаяси шиеленістен бастап, макроэкономикалық қиындықтарға дейінгі және жиілей түскен климаттық апаттар секілді қаншама дағдарыспен бетпе-бет келіп отырмыз. Қауіпсіздік архитектурасының іргесі жылдам сөгіліп барады, әлемдік державалар арасында бір-біріне сенімсіздік таныту үрдісі үдей түсті. Шамасы, Қырғи-қабақ соғыстан кейін орнаған «бейбітшілік несібесі» түгесілуге жақын. Өйткені былтыр әлем елдерінің әскери салаға жұмсаған шығындары 2,2 триллион долларға дейін жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Демек қаруланудың жаңа бәсекесі басталды» деді.
Президенттің пікірінше, экстремизм, терроризм, кибернетика, ғарыш, жасанды интеллект, климаттың өзгеруі, жаппай миграция және эпидемия туындатқан түйткілдер жаһандық қауіпсіздіктің жағдайын одан сайын ушықтыра түсті.

Алайда Астана мен Сингапур дамып келе жатқан орта державалар ретінде мұндай бөліну мен жіктелуге көз жұмып қарай алмайды. Қауіп-қатер өте зор. Егер шара қабылдамаса, тағы бір қырғи-қабақ соғыс зобалаңына тап келуіміз әбден мүмкін.
Мемлекет басшысы бұл ретте Әділетті Қазақстан жолымен алға қадам басып келе жатқан еліміз жауапты дипломатияның қағидаттары мен құндылықтарын қатаң сақтауға бейілді екенін жеткізді. Қ. Тоқаев осы мәселеге орай «Барлық сыртқы серіктестеріміз Астананың қандай ұстанымда екенін жақсы түсінеді. Сондықтан бізді сенімді әріптес санайды. Біз «Жаһандануды жақтайтын Қазақстан» ретінде бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас жасауды жалғастыра береміз. Бұл – біздің еліміздің сыртқы саясаттағы бағдары. Тұрақсыздық ұзақ уақытқа созылған жаңа дәуірде тек осылай ғана жетістікке жете аламыз. Сол себепті бізге қазіргі қалыптасқан ахуалға бей-жай қарауға болмайды. Дүниежүзімен ашық қатынас жасай отырып, біз сыртқы сын-қатерлерге қарсы күресте қырағылық танытып, проактивті түрде әрекет етеміз. Қазақстанның заңды құқықтары мен мақсатын қорғау ісінде тартынып қалмаймыз, еліміздің басты мүддесін құрбан етуге ешқашан жол бермейміз. Кейде біздің ұстанымымызға күмәнмен қарайды, бейтараптығымыз үшін сынайды. Бірақ мұны өз көзқарасы, сенімі жоқ деп қабылдамаған жөн. Керісінше, оны қақтығыс пен мәжбүрліктің орнына саналы түрде дипломатия мен диалогты таңдау деп түсінген абзал. Бұл таңдау – территориялық даулардан бастап идеологиялық қақтығыстарға дейінгі түрлі қайшылықтарды еңсеруге септігімізді тигізуге мүмкіндік беретін біздің мықты қырымыз, – деді.
Мемлекет басшысы мұның жарқын дәлелі ретінде Қазақстанның Әзірбайжан мен Армения арасындағы бітімгерлік үдерісіне ықпал ету әрекетін, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ара ағайындығын, Сириядағы қақтығыстарды реттеу жөніндегі Астана процесін, сондай-ақ жақында БҰҰ миссиясы аясында Голан жотасы аймағына алғаш рет дербес бітімгерлік күштерін жіберуін ретінде атап өтті.
Айта кеткен жөн, 1980-жылдардан бері Юсоф Исхак институты (ISEAS) ұйымдастырып келе жатқан Сингапур лекциялары – академиялық топтар, саясаткерлер, дипломаттар мен жас ғалымдар үшін мемлекеттер басшылары мен әлемдік деңгейдегі көрнекті саясаткерлердің ұстанымдарын тікелей тыңдауға мүмкіндік беретін алаң.

JQ-Aqparat

26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында ұздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 17:38
Түркістан: Есірткіге қарсы профилактикалық шаралар қарқынды жүріп жатыр
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды
23 шiлде, 11:56
Түркістан: Шардара ауданында профилактикалық іс-шаралар жалғасуда
22 шiлде, 14:26
Түркістан: Жетісай ауданында қауіпсіздік іс-шаралары өтуде